Nestle сатуын арттырды, бірақ құрамындағы кейбір брендтерін сатпақ

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Nestle компаниясының органикалық сатылымы сарапшылардың болжамынан асып түсті. Алайда бұл өсім негізінен бағаның көтерілуі арқылы жүзеге асты. Әлемдегі ең ірі азық-түлік өндірушісінің жаңа басшылығы компанияның бизнесін жандандыруға тырысып, премиум сегментке назар аударып, үміт ақтамаған активтерден құтылу стратегиясын жүзеге асырып жатыр. Осы стратегия аясында Nestle бар болғаны төрт жыл бұрын сатып алған кейбір бизнес бағыттарын сатуға шығаруы мүмкін.
Егжей-тегжейлі
2025 жылдың алғашқы алты айында Nestle-нің органикалық сатылымы — валюта бағамдарының ауытқуы мен бірігу/қосылу мәмілелерін есептемегенде — 2,9%-ға өсті. Бұл сарапшылар күткен 2,8%-дан сәл жоғары көрсеткіш. Негізгі өсім бағаның 2,7%-ға өсуі есебінен (болжам – 2,5%) болды. Ал нақты сатылған тауар көлемі тек 0,2%-ға өсті (күтілген – 0,4%), тіпті екінші тоқсанда бұл көрсеткіш төмендеді. Жалпы табыс 1,8%-ға азайып, 44,2 млрд швейцар франкіне ($55,8 млрд) жетті. Сарапшылар 44,6 млрд франк болады деп болжаған еді. Nescafe мен KitKat өндірушісі бұл нәтижені швейцар франкінің нығаюының теріс әсерімен түсіндірді, деп хабарлайды Reuters.
Nestle-нің жаңа бас директоры Лоран Фрейше бұл қызметке бір жыл бұрын сатылымды арттырып, акционерлік құнды көтеру мақсатында келген. Ол Nestle-нің дәрумендер мен биоқоспалар бизнесін стратегиялық қайта қарауды бастады. Бұл қайта қарау аясында кең аудиторияға арналған арзан сегменттегі Nature’s Bounty, Osteo Bi-Flex және Puritan’s Pride брендтері сатылымға шығуы мүмкін. Nestle бұл активтерді бұрынғы бас директор Марк Шнайдердің бастамасымен 2021 жылы $5,75 млрд-қа сатып алған еді, алайда оларды жеткізу тізбегіне кіріктіруде қиындықтар болғанын Financial Times еске салады. Bloomberg мәліметінше, Фрейше сарапшылармен сөйлескен кезде бұл брендтер көлем үшін сатып алынғанын, бірақ уақыт өте келе өсімнің негізінен премиум сегментте болатыны анықталғанын айтты. Енді Nestle Garden of Life пен Solgar сияқты табысы жоғары брендтерге назар аудармақ.
Сарапшылар не дейді
Vontobel сарапшысы Жан-Филипп Берши Nestle дәрумен брендері портфелін қайта қарағанын оң бағалады, бірақ компания бұл қадамды ертерек жасауы керек еді деп есептейді. Оның айтуынша Nestle әлсіз өнімдерді жылдам трансформациялауға үміттенген, бірақ олар түптеп келгенде компанияға жүк болған. FT басылымымен сөйлескен Берши бұл активтердің құнын «бірнеше жүз миллион» деп бағалады.
Jefferies сарапшылары инвесторлардың сатылым көлемінен көңілі қалғанын және Nestle-нің маржаны ұстап тұру міндеттемесінің «осал» екенін атап өтті. Олардың пікірінше бұл факторлар компания акциясына қысым жасайды. Nestle 2025 жылға арналған болжамын растағанымен, оның ішінде 16%-дан төмен емес рентабельділік те бар, нарық есепті теріс қабылдады: Цюрихтегі саудада Nestle акциясы 5%-дан астам арзандады. Соңғы бір айда акция құны 10%-ға төмендеді.
Bank of America шілде басында Nestle акциялары бойынша «сатып алу» (Buy) ұсынымын сақтап, мақсатты бағасын 97 франктен 100 франкқа дейін көтерді. BofA мәліметінш нарық компанияның 2026 жылғы кірісіне қатысты «тым қатаң емес» күтулерге ие, ал соңғы әлсіреу – сатып алу үшін тиімді мүмкіндік. Сондай-ақ банк Nestle-нің негізгі кофе бизнесіндегі тиімділік 2025 жылы шегіне жетіп, кейіннен өсе бастайды деп болжайды.
Контекст
Nestle-нің активтер портфелін қайта қарауы Еуропадағы тұтыну тауарлары нарығындағы жалпы үрдіске сай келеді. Көптеген ірі компаниялар ұзақмерзімді табыс әкелмейтін немесе негізгі қызметке қатысы жоқ бөлімшелерден арылып, табыстырақ сегменттерге көңіл аударуда. Мысалы, Reckitt Benckiser Group шілдеде тұрмыстық химия бизнесінің басым бөлігін сатты, ал Unilever 15 млрд фунт стерлингке ($20,4 млрд) бағаланған балмұздақ бөлімшесін жеке құрылымға бөлуде, деп хабарлайды Bloomberg.
Nestle де өз бәсекелестері сияқты шикізат — какао мен кофенің қымбаттауын жабу үшін бағаны өсіруге және үнемшіл тұтынушыларды жоғалтып алмауға тырысып, тепе-теңдікті сақтауға мәжбүр. Компания басшылығы бағаның негізгі өсуі бірінші жартыжылдықта болғанын және шикізаттық инфляция шарықтау шегіне жеткенін мәлімдеді.








