Netflix акциясын бөлуге дайындалып жатыр. Бұл инвесторлар үшін не білдіреді?

Netflix стримингтік алыбы 14 қарашада акциясын бөледі (сплит). Бұл шешім 2025 жылы ақпанда құны алғаш рет $1000-дан асқан мықты раллиден кейін қабылданды. Қазір Netflix акция құны бойынша Morningstar US Market Index құрамындағы компаниялар арасында 12-орында тұр.
Сплит 10-ға 1 қатынасы бойынша өтеді. Яғни келесі жұмадағы сауда жабылғаннан кейін инвесторлар 10 қарашадағы тізімге енгізілген әр акция үшін қосымша тоғыз акциядан алады. Бөлінуден кейінгі сауда 17 қарашада басталады.
Бұған дейін Netflix екі рет осындай бөлуді жүзеге асырған: 2015 жылы — 7-ге 1, ал 2004 жылы — 2-ге 1 қатынасында.
Бұл инвесторлар үшін не білдіреді?
Morningstar компаниясының аға сарапшысы Мэттью Долгиннің айтуынша, Netflix-тің мықты бренді оның акциясын жекелеген инвесторлар үшін тартымды етеді, бірақ жоғары баға кейбір сатып алушыларды тежеген болуы мүмкін. «Менің ойымша, акцияның абсолютті жоғары бағасы компания иелерінің құрылымында институционалдық инвесторлардың үлесін арттырып жіберді», — деді ол.
Morningstar түсіндіруінше, сплиттен кейін бір акцияның бағасы шамамен $1100-дан $110-ға дейін төмендейді, ал айналымдағы жалпы акция саны көбейеді, бірақ компанияның жалпы нарықтық құны өзгермейді.
Долгин: сплит Netflix-тің іргелі көрсеткіштеріне әсер етпейді. Оның есептеуінше, әділ құны $770-дан $77-ға дейін қайта есептеледі — бұл тек 10-ға 1 қатынасына сәйкес жүргізілетін техникалық түзету.
Сарапшы сондай-ақ, акцияның бөлінуі котировкаға оң әсер етеді дейді. «Менің ойымша, сплит акцияны жоғары итермелеуі ықтимал, себебі олар жеке инвесторлар үшін, әсіресе колл-опциондар арқылы қолжетімдірек болады, ал бұл сұранысты арттырады», — деп түсіндірді Долгин. Алайда ол ұзақ мерзімді перспективада қағаздар «іргелі факторлардың» әсерімен бұрынғы бағасына қайта оралады деп есептейді.
«Біз әлі де бұл акция артық бағаланған деп санаймыз және олардың төмендеуін күтеміз», — деді Долгин. Оның айтуынша, Netflix акциясы қазіргі таңда әділ құнымен салыстырғанда шамамен 45% премиямен саудаланып жатыр.
7 қарашадағы саудада стримингтік сервис акциясы қор нарығындағы жаппай сатылым аясында 0,6% арзандады. Ал жыл басынан бері олардың құны 22%-дан астам өсті. MarketWatch дерегінше, Netflix акциясын қадағалайтын 53 сарапшының ішінде 38-і сатып алуға, ұстауға — 13, ал сатуға — 2 сарапшы ғана кеңес берді. Уолл-стриттің консенсус бағасы акцияның 24,5% өсіп, $1366,5-ға дейін жетуін білдіреді.








