Novo медстартапты сатып алу жарысында жеңілді. Бірақ оның акциялары неге өсті?

Семіздікке қарсы Wegovy және Ozempic дәрілерін шығаратын Novo Nordisk компаниясының акциялары Копенгагендегі саудада 2,4%-ға қымбаттады. Бұл — компанияның америкалық медициналық стартап Metsera-ны сатып алу жарысынан шығу туралы хабарынан кейін болды.
Novo бұл бәсекеде фармацевтикалық алып Pfizer компаниясына жол берді. Pfizer Metsera акциясы үшін $65,6 қолма-қол төлейді және белгілі кезеңдер орындалғанда қосымша $20,65 береді. Жалпы мәміле құны $10 млрд-тан асуы мүмкін деп жазады Barron’s. Novo соңғы ұсынысында бір акция үшін $62,2 ұсынған.
Нарық реакциясы инвесторлардың Novo шешімін жеңілдікпен қабылдағанын көрсетті. Barron’s түсіндіруінше, инвесторлар дат компаниясының Pfizer-дің соңғы, тым жоғары бағаланған ұсынысына жауап бермегенін оң бағалады. Себебі Metsera дәрілерінің тиімділігі дәлелденбеген. Novo өз мәлімдемесінде ұсынысты арттырмайтынын, қаржылық тәртіп пен акционерлердің мүддесін қорғауды басты қағида ететінін айтты.
10 қарашада Metsera акциялары 15%-ға арзандады. Ал компанияның қаңтар айындағы алғашқы жария орналастыруынан бері оның акцияларының бағасы төрт есеге өскен еді. Сол күні Pfizer акциялары 1,4%-ға қымбаттады.
Енді не болады?
Bloomberg дерегінше, Novo семіздік, диабет және оған байланысты ауруларды емдеу саласында жаңа мәмілелер іздеуді жалғастырады. Компания Metsera-ны бизнеске қосымша бағыт ретінде қарастырған, бірақ оны түбегейлі сатып алу жоспары болмаған.
Novo қазан айында Metsera-ны сатып алу туралы ұсыныс жасаған болатын. Бұл қадам арқылы компания бәсекелесі Eli Lilly-ден қалып қоймауды және акция бағасын қолдауды көздеген. Ал Pfizer, өз кезегінде, семіздікке қарсы дәрілер нарығына сәтсіз әрекеттерден кейін қайта кірудің нақты жолын іздеген.
BMO Capital Markets сарапшысы Эван Сайгерманның айтуынша, сатылым өсімінің баяулағанына қарамастан, Novo-ның шамамен $53 млрд қаражаты бар және оны жаңа келісімдерге бағыттай алады. Алдағы уақытта инвесторлардың назары Альцгеймер ауруына қарсы дәрінің сынақ нәтижелеріне, жұма күні өтетін акционерлер жиналысына және Wegovy дәрісінің таблетка түрін іске қосуға аударылады, деп жазады Bloomberg.








