Nvidia Қытайға ЖИ-чиптерін қайта сатуды бастамақ

Nvidia АҚШ әкімшілігінен H20 жасанды интеллект чипін Қытайға қайта сату үшін рұқсат алды. Бұл Вашингтон мен Бейжің арасындағы қарым-қатынастың жақсаруы аясында орын алды. Алайда сауда келіссөздері сәтсіз аяқталса, Дональд Трамп әкімшілігі өз ұстанымын қайта өзгертуі мүмкін.
Егжей-тегжейлі
Nvidia компаниясының бас директоры Дженсен Хуанг клиенттеріне жақын арада Қытайға H20 жасанды интеллект чиптерін жеткізуді қайта бастауды жоспарлап отырғанын хабарлады. Бұл туралы Nvidia өзінің корпоративтік блогында жариялады. Компанияның хабарлауынша АҚШ билігі H20 чипіне экспорттық лицензия беруге дайын екенін растаған. Бұл чип Қытай нарығы үшін арнайы әзірленіп, бұрынғы шектеулерді айналып өтуге бағытталған. Алайда 2025 жылдың сәуірінде Ақ үй бұл чиптің де Қытайға экспортын тоқтатқан болатын. Nvidia бұл туралы жариялағаннан кейін көп ұзамай Хуанг Қытайдың CCTV телеарнасына шығып, компания жеткізілімдерге рұқсат алғанын растады, деп хабарлайды Bloomberg.
Бұл — Хуанг үшін маңызды жеңіс. Ол АҚШ-тың шектеулерін «сәтсіздік» деп атап, бұл шаралар Huawei сияқты бәсекелестердің өсуін жеделдеткенін айтқан еді. Бұл сонымен қатар DeepSeek-тен бастап Alibaba-ға дейінгі қытайлық компаниялар үшін де жақсы жаңалық — оларға ChatGPT-мен бәсекелес ЖИ-сервистерін оқытып, кеңейту үшін Nvidia чиптері қажет, деп атап өтті агенттік.
Нарық қалай әрекет етті
Nasdaq 100 америкалық индексіне арналған фьючерстер бұл жаңалыққа 0,6%-ға өсті. Nvidia акциялары Robinhood платформасындағы тәулік бойы жүргізілетін биржадан тыс сауда кезінде 4,6%-ға күрт көтерілді. Қытайлық компаниялардың да бағалы қағаздары оң реакция білдірді. Гонконгтың Hang Seng Tech индексі шамамен 2%-ға өсті, ал Бейжіңдегі деректер орталығы операторы Beijing Sinnet Technology акциялары 7%-дан астам қымбаттады.
Контекст
H20 — Nvidia флагмандық ЖИ-чиптерінің қуаты азайтылған нұсқасы, Қытай нарығына бейімделген. Сәуір айында АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі бұл чипті де санкциялық тізімге қосқанда Хуанг Nvidia миллиардтаған доллар жоғалтуы мүмкін екенін ескерткен, себебі компанияда сатылмай қалған чип қорлары қалып қойған.
Өткен аптада Хуанг Трамппен кездесіп, Nvidia-ға Қытаймен бизнес жүргізуге рұқсат сұрады, деп жазды The Wall Street Journal дереккөздерге сілтеме жасап. Олардың айтуынша, АҚШ президентімен кездесу кезінде Хуанг: «Nvidia өз технологияларын бүкіл әлемге еркін сата алуы тиіс, тек сол арқылы ғана америкалық компаниялар ЖИ саласында үстемдік ете алады», — деп мәлімдеген.
WSJ атап өткендей, Nvidia үшін геосаяси тәуекел әлі де жоғары болып қалуда. Егер Бейжіңмен сауда келіссөздері сәтсіз аяқталса, Трамп әкімшілігі өз ұстанымын оңай өзгертіп жібере алады. Маусым айында басылым АҚШ Сауда министрлігі келіссөздер сәтсіз болса, Қытайға чиптер мен оларды өндіруге арналған технологияларды жеткізуге қойылған шектеулерді күшейтуге дайындалып жатқанын жазған.
Nvidia сондай-ақ АҚШ пен БАӘ арасындағы келісім бойынша да ілгерілеуді күтуде — бұл келісім бойынша Таяу Шығыс елі бірнеше жыл ішінде жүздеген мың Nvidia чиптерін импорттай алады. Бұл мәміле мамырда жарияланған, бірақ оны жүзеге асыру баяу жүріп жатыр — бұған себептердің бірі ретінде Эмираттардың Бейжіңмен тығыз байланысы Қытайдың күшеюіне ықпал етуі мүмкін деген алаңдаушылық айтылды, деп хабарлайды WSJ.








