Nvidia компаниясының нарықтық құны алғаш рет 4 триллион долларға жетті

9 шілдедегі сауда кезінде Nvidia компаниясының нарықтық капитализациясы алғаш рет 4 триллион долларға жетті. Жоғары өнімді жасанды интеллект чиптерін әзірлеуші компания осындай межеге жетіп отыр, деп хабарлайды Reuters. Сәуір айындағы төменгі межеден бері Nvidia акциялары 70%-дан астам өсті. Дегенмен Wall Street сарапшылары бұл қағаздарды артық бағаланған деп есептемейді және өсу әлеуеті бар деп санайды.
Егжей-тегжейі
9 шілде күнгі сауда барысында Nvidia акциялары бір сәтте 2,7%-ға қымбаттап, бір акция бағасы 164,4 долларға жетті. Бұл – компания тарихындағы жаңа рекорд. Осы өсімнің арқасында Nvidia-ның нарықтық құны алғаш рет 4 трлн доллар шегінен асты. Осылайша, ол капитализациясы бұл межеден асқан алғашқы компания атанды, деп хабарлайды Reuters.
Алайда кейінірек өсім баяулап, акциялар 2%-ға дейін төмендеді, ал компанияның нарықтық құны 4 трлн межесінен қайта түсіп, шамамен 3,98 трлн долларға жетті. Barron’s басылымы Dow Jones Market Data мәліметтеріне сүйене отырып, Nvidia сауданы 4 трлн деңгейінде аяқтау үшін акция бағасы кемінде 163,93 доллар болуы керек екенін жазады. Дегенмен, бұл межеге жетпесе де, компания әлемдегі ең қымбат компания болып қала береді. Reuters агенттігі LSEG деректеріне сүйеніп, Nvidia-ның нарықтық құны Канада мен Мексика қор нарықтарының жиынтық бағасынан асып түскенін айтады.
Nvidia алғаш рет 1 трлн долларлық капитализацияға 2023 жылдың маусымында жеткен еді. Бар болғаны бір жылдың ішінде бұл көрсеткішті үш есеге арттырып, Apple мен Microsoft-тан да жылдам өсті. Айта кетейік, осы 3 трлн доллар шегінен асқан тағы екі компания – дәл осы Apple мен Microsoft. Қазір Microsoft нарықтық құны бойынша Nvidia-дан кейін екінші орында тұр (шамамен 3,75 трлн доллар).
Бұл неліктен маңызды?
Reuters хабарлауынша, Nvidia акцияларын инвесторлар жасанды интеллект саласындағы дамуға байланысты белсенді сатып алып жатыр. Бұл қағаздар Wall Street-те ең танымал активтердің біріне айналды. Сәуірден бері Nvidia акциялары шамамен 74%-ға өсті. Бұл өсім Дональд Трамптың сауда саясатына байланысты болған бұрынғы құлдыраудан кейінгі қалпына келу деп бағаланады. 2025 жылдың басынан бері компания акциялары 22%-ға өскен. Ал негізгі американдық индекс S&P 500 осы кезеңде тек 6%-ға ғана өсті.
Қазіргі уақытта Nvidia компаниясы S&P 500 индексінің 7,3%-ын құрайды. Бұл көрсеткіш бойынша ол барлық компаниялардың алдында. Салыстырмалы түрде айтсақ, Apple – шамамен 7%, Microsoft – шамамен 6%.
Сарапшылар не дейді?
«Бұл – Nvidia үшін тарихи сәт. Бұл – технология секторының қуатын көрсететін белгі және жасанды интеллект төңкерісінің жаңа өсу кезеңіне аяқ басқанын білдіретін дәлел», - деді жағдайды сипаттаған Wedbush компаниясының сарапшысы Дэн Айвз.
Reuters жазғандай, Nvidia-ның нарықтық құнының күрт өсуі Wall Street-тің ЖИ саласының тез дамуына сенетінін көрсетеді. NBC News мәліметінше, OpenAI, Amazon және Microsoft сынды алпауыттар жасанды интеллектке арналған ауқымды дата-орталықтар салу жарысына белсене қатысуда және бұл мақсатта Nvidia чиптерін пайдалануда.
«Nvidia чиптеріне деген сұраныс – шын мәнінде орасан. Компания өнімдері ЖИ-дің жаңа деңгейге өтуі үшін өте маңызды, және сәуірден бергі өсім кезінде нарық осыған баса назар аударды. Бұл – шынымен ерекше 90 күн болды», - деді Zacks Investment Management компаниясының портфель менеджері Брайан Малберри.
Mahoney Asset Management президенті Кен Махони Nvidia акцияларының өсуіне келесі серпін беретін фактор алдағы корпоративтік есеп беру маусымы болады деп есептейді.
«Компания дәстүрлі түрде болжамдарды асыра орындап, алдағы күтулерді де арттыра алады ма – соны көрейік. Қалай болғанда да, Nvidia акциялары артық бағаланған деп есептелмейді, әрі олардың әлі де өсетін мүмкіндігі бар», - деді ол Bloomberg агенттігіне берген пікірінде.
Дегенмен, Махони белгілі бір тәуекелдерге де назар аударады: «Инвесторлар көбіне бір компанияға шектен тыс сеніп, соған байланады. Жағдай жақсы кезде бұл қалыпты, бірақ бәрі өзгере қалса, кері әсері күшті болады. Өсу қағаздары құлдырай бастағанда, әсіресе индекстерде үлесі көп болса, бұл өте үлкен тәуекел мен құбылмалылыққа ұласады».








