«Олар қызыл таблетканы ұсынуда»: Palantir есебінен кейін Уолл-стрит не дейді

Өткен жылы құны төрт есеге жуық өскен Palantir акциялары 4 қараша күні 8% құлдырап, S&P 500 индексіндегі басты аутсайдерлердің біріне айналды. Уолл-стрит сарапшылары бұның бәрі неден басталғанын түсінбей аңтарылып қалды. Себебі компанияның тоқсандық есебі рекордтық кірісті көрсетті, ал пайда күткеннен әлдеқайда жоғары болды. The Wall Street Journal-дың пайымдауынша бұның себебі қарапайым болуы мүмкін. Нарық Palantir-ге тым үлкен үміт артты, мінсіз нәтиже күтті және «идеалды сценарий» акция бағасына әуелден-ақ енгізілген.
Уолл-стриттің Palantir акцияларына қатысты ұстанымы
— Bank of America Palantir акцияларының мақсатты бағасын бірден 19%-ға өсіріп, $215-тен $255-ке дейін көтерді және «сатып алу» (Buy) ұсынысын растады. BofA сарапшысы Мариана Перес Мора Palantir стратегиясын «қызыл таблетка» деп сипаттады: яғни, компания дайын үлгілер емес, клиент проблемасын шын шешетін, күрделі әрі еңбекті қажет ететін шешімдер ұсынады. Бұл — ChatGPT негізіндегі бәсекелестердің «көк таблеткасына», яғни әмбебап әрі шаблонды ЖИ-құралдарына қарама-қарсы ұстаным.
— Jefferies сарапшысы Брент Тилл, керісінше, мақсатты бағасын $60-тан $70-ке дейін аздап көтергенімен, акцияға «нарықтан төмен» (Underperform) рейтингін қалдырды. Яғни, сату ұсынысына жақын. Оның пікірінше, «қазіргі баға тым асыра бағаланған, ал ЖИ-ға деген ажиотаж бәсеңдесе, тәуекел тым жоғары». ЖИ нарығында инвестиция үшін ол Palantir емес, Microsoft пен Snowflake-ті жөн көреді.
— Wedbush сарапшысы Дэн Айвз бұл есепті «ЖИ-ға деген сұраныстың тағы бір дәлелі» деп атап, Palantir-ді «жасанды интеллект әлемінің Мессиі» деп сипаттады. Ол акция бойынша «нарықтан жоғары» (Outperform) рейтингін сақтап, мақсатты бағасын $230 деп қалдырды — бұл қазіргі бағадан шамамен 20% өсу әлеуеті. Айвздің сөзінше, алдағы 2–3 жылда Palantir-дің нарықтық құны $1 трлн-ға жетуі мүмкін.
— RBC мақсатты бағаны $45-тен $50-ге көтерсе де, «нарықтан төмен» (Underperform) бағасын өзгертпеді. Олардың ескертуіне сәйкес, Palantir табысының негізгі бөлігі әлі де АҚШ мемлекеттік тапсырыстарына тәуелді, ал шетелдік коммерциялық клиенттерден түсетін кіріс тоқсанда бар болғаны 10% өскен.
Контекст
FactSet-тің дерегінше сарапшылардың орташа пікірі — акцияларды ұстап тұру (Hold): яғни, жаңасын сатып алуға да, қолда барды сатуға да асықпау керек. Өткен айдың ішінде «ұстап тұру» ұсыныстары 17-ден 18-ге дейін артты, ал «сатып алу» ұсыныстары 8-ден 7-ге түсті.
Осы тұста атышулы инвестор, ипотекалық дағдарысты алдын ала болжаған Майкл Бьюрри үшінші тоқсанда Palantir-ге қарсы ірі шорт-позиция ашты. Ол әлеуметтік желіге екі жыл үзілістен кейін қайта шығып, нарықта «көпіршік» барын айтып, «кейде ең дұрыс шешім — ойынға мүлде кірмеу» деп жазды. Ал оған жауап ретінде Palantir бас директоры Алекс Карп ЖИ-ға қарсы бәс тіккендерді «ақылға сыймас топастық» деп атап, «олар жеңілгенде — қуаныштан билеймін» деді.








