ОПЕК 2026 жылы «теңгерімді» мұнай нарығын күтеді. Уолл-стрит болжамы басқа

ОПЕК 2026 жылға арналған әлемдік мұнай сұранысы мен ұсынысы бойынша болжамын өзгертпеді және нарық теңгерімді болады деп күтеді. Бұл «артық ұсыныс» болады деген кең тараған болжамға қайшы, деп хабарлады Bloomberg.
Экспортерлер ұйымының есебінде айтылғандай, келесі жылы өндіріс пен тұтыну арасындағы тепе-теңдікті сақтау үшін ОПЕК+ елдері тәулігіне орта есеппен 43 млн баррель мұнай өндіруі керек. Бұл — өткен айдағы өндіріс деңгейіне шамалас көрсеткіш, деп жазды агенттік. Сонымен қатар, Сауд Арабиясы бастаған альянстың негізгі мүшелері нарық жағдайының осалдығын мойындап үлгерді: қараша басында олар 2026 жылдың бірінші тоқсанында мұнай өндірісін одан әрі арттыруды тоқтата тұруға келісті.
Соңғы жылдары ОПЕК болжамдары көбіне тым оптимистік болып шыққан, деп еске салды Bloomberg. Мысалы, былтыр ұйым сұраныс бағалауын алты рет қатарынан төмендетуге мәжбүр болды — жалпы 32%. Ал 2023 жылдың соңында ОПЕК айтқан рекордтық қор тапшылығы еш жүзеге аспады.
Нарық не күтеді?
Ірі мұнай трейдерлерінің бірі — Trafigura Group, осы аптада «артық ұсыныстың» тым көбейіп кету қаупі туралы ескертті. Ал Халықаралық энергетикалық агенттік (IEA) бейсенбіде жарияланған есебінде өз болжамын төмендеткеніне қарамастан, тәулігіне 4 млн баррель деңгейінде рекордтық мұнай артығы болады деп күтеді. Дегенмен, агенттік өндіруші елдердің әрекеті бұл дисбаланстың ауқымын біршама жұмсартып қалуы мүмкін екенін де мойындайды.
Bloomberg жасаған Bank of America, Citigroup, Goldman Sachs, JPMorgan Chase және Morgan Stanley-дің ортақ болжамынша, келесі жылы мұнай нарығында тәулігіне шамамен 2,2 млн баррель көлемінде артық ұсыныс болуы мүмкін. Осы бағалауға сәйкес, Brent маркалы мұнай фьючерстері шамамен $59-ға дейін төмендеуі ықтимал. 2025 жылы бұл марка қазірдің өзінде 17% арзандады.
Баға ахуалы
11 желтоқсан, бейсенбі күні мұнай бағасы қазан айынан бергі ең төмен деңгейге түсті. ICE биржасында Brent маркалы мұнай фьючерстері 2% төмендеп, барреліне шамамен $61 деңгейінде саудаланды. Nymex биржасында WTI шамамен 2,1% арздап, барреліне $57,2-ға дейін түсті.
Нарыққа қысым жасаған негізгі фактор — АҚШ пен Венесуэла арасындағы геосаяси шиеленістің күшеюіне қарамастан, әлсіз корпоративтік есептер болды, деп түсіндірді Bloomberg.








