БастыЖаңалықтар
Бөлісу

OpenAI биржаға шықпайды, «аспандағы Tesla» $1 млрд тартты: 9 қарашаға дейінгі IPO

Альберт Фахрутдинов

Альберт Фахрутдинов

OpenAI биржаға шықпайды, «аспандағы Tesla» $1 млрд тартты: 9 қарашаға дейінгі IPO

OpenAI басшылығы компанияның жақын уақытта биржаға шығатыны туралы қауесетті жоққа шығарды. Электрлі ұшақтар әзірлеушісі Beta Technologies Нью-Йоркте $1 млрд-тан астам көлемде листинг өткізді, ал Unilever бұған дейін кейінге қалдырылған Magnum балмұздақ бизнесінің IPO-сын желтоқсан айына белгіледі. Аптадағы IPO нарығындағы басты оқиғалар туралы — біздің шолуда.

Болашақ орналастырулар туралы не белгілі?

Британдық Unilever өзіне тиесілі Magnum Ice Cream балмұздақ бизнесінің IPO-сын 8 желтоқсанға белгіледі. Бастапқы орналастыру бірден үш алаңда өтеді — Euronext Amsterdam, Нью-Йорк және Лондон қор биржасында. Magnum Ice Cream компаниясы Magnum және Ben & Jerry’s брендтеріне иелік етеді. Алғашында оның биржалық дебюті 10 қарашаға жоспарланған еді, бірақ АҚШ-тағы шатдаунға байланысты кейінге қалдырылды. Unilever IPO-дан кейін бес жыл бойы компанияның 20% акция пакетін өзінде сақтап, кейін бұл үлесті де сатуды жоспарлап отыр.

Жуырда өткен IPO нәтижелері 

Электрлі ұшақтар әзірлеушісі Beta Technologies акциясы Nasdaq-тағы листингтен кейінгі алғашқы сауда күні 6% өсті. Tesla автосаласын қалай өзгертсе, Beta авиация саласын солай жаңартуды көздейтін стартап биржадан $1,1 млрд тартты. Жоғары сұранысқа байланысты компания орналастырылатын акция санын 25 млн-нан 29,9 млн-ға дейін ұлғайтып, оларды жоспарланған $27–33 орнына $34 бағамен сатты.

Шатдаунға дейін листингке өтінім берген және осы аптада Нью-Йорк биржасына шыққан BillionToOne, Evommune және Grupo Aeromexico котировкасы да алғашқы сауда күні өсті. Ең сәтті IPO медициналық тесттер әзірлеушісі BillionToOne компаниясына тиесілі болды: оның акциясы $273 млн көлеміндегі орналастырудан кейін алғашқы күні 82% қымбаттады. Дерматитке қарсы таблетка әзірлейтін стартап Evommune IPO нәтижесінде $150 млн тартып, күні соңында 26% қымбаттады. Ал үштіктің ең қарапайым дебютін Мексиканың жетекші әуе компаниясы Grupo Aeromexico көрсетті — ол NYSE алаңында $223 млн-ға депозитарлық түбіртек орналастырып, алғашқы күні 7% өсті.

IPO әлемінен басқа да жаңалықтар

OpenAI компаниясының IPO-сы жақын уақыттың жоспарына енбеген, деп мәлімдеді компанияның қаржы директоры Сара Фрайар WSJ Tech Live конференциясында. Оның айтуынша, ChatGPT әзірлеушісінің жаңа корпоративтік құрылымға көшуі компанияның жақында биржаға шығатынын білдірмейді, себебі қазір басты басымдық — пайда емес, өсу мен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар (НИОКР). Фрайардың айтуынша, егер OpenAI агрессивті түрде инвестиция салуға ұмтылмаса, компания корпоративтік және тұтынушылық сегменттерде жоғары маржамен тез пайдаға шығуы мүмкін еді. Ал қазан айының соңында Reuters агенттігі дереккөздерге сілтеме жасап, OpenAI басшылығы IPO-ны 2026 жылдың екінші жартысында өткізу мүмкіндігін қарастырып жатқанын, ал орналастыру нәтижесінде компанияның капитализациясы $1 трлн-ға дейін жетуі ықтимал екенін хабарлаған.

Қытайдың робот-такси сервистері Pony AI мен WeRide котировкасы Гонконгте бір күнде өткен қайталама листингтен кейін құлады. Екі компания жалпы $1,1 млрд-тан астам қаржы тартты. Алайда, дебюттік сауда күні Pony AI акциясы 9,3%, ал WeRide қағазы 10% төмендеді. Bloomberg дерегінше, бұл дебюттер 2025 жылы қалада өткен ірі листингтердің ішіндегі ең сәтсіздерінің бірі болды. «Бұл орналастырулар тайминг жағынан сәтсіз өтті: олар не алты айға кешікті, не бір жылға ерте басталды», — деді Leverage Shares сарапшысы Сандип Рао. Соған қарамастан, Гонконг қор биржасы бірінші жартыжылдықта IPO көлемі бойынша Nasdaq пен NYSE-ті басып озып, 2019 жылдан бері алғаш рет әлемдегі ең ірі IPO алаңы атағын қайтарып алуға мүмкіндік алып отыр.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары