Puma акциялары қытайлық бәсекелеске сатылуы мүмкін деген хабардан кейін күрт өсті

Fila мен Jack Wolfskin сияқты брендтердің иесі болып табылатын қытайлық спорттық киім өндірушісі Anta Sports Products немістің Puma компаниясын сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатыр, деп хабарлайды Bloomberg дереккөздерге сілтеме жасап. Ақпаратқа қарағанда, қытайлық компания әлеуетті мәмілені бағалау үшін кеңесшілермен жұмыс істеп жатыр және жеке инвестициялық фирмамен бірігіп, сатып алуды жүзеге асыруы мүмкін.
Хабар жарияланғаннан кейін Puma акциялары Германиядағы саудада 16%-ға дейін көтерілді. Дегенмен 2025 жылдың басынан бері олардың құны 60%-дан аса төмендеп кеткен. Ал Anta Sports акциялары Гонконгта 1,7%-ға өсті.
Неміс өндірушісіне қызығушылық танытып отырған басқа да үміткерлер бар. Оның ішінде қытайлық Li Ning спорттық киім тобы банктермен қаржыландыру нұсқаларын талқылап жатқаны айтылады. Сондай-ақ жапондық ASICS те қызығушылық білдіруі мүмкін. Әзірге бұл талқылаулардың бәрі бастапқы деңгейде және нақты кімнің ресми өтінім беретіндігі белгісіз.
Puma компаниясының ең ірі акционері — Artemis холдингі, ол француз миллиардерлері Пино отбасының меншігі және Gucci брендінің иесі Kering компаниясын да бақылайды. Бұған дейін Artemis өзіндегі 29% үлеске қатысты барлық нұсқаны қарастыратынын хабарлаған. Алайда Reuters дереккөзі қыркүйекте холдинг сол кездегі нарықтық бағамен сатуға дайын болмағанын айтқан. Пино отбасының бағалау күтілімдері кез келген мәміле үшін елеулі кедергі болуы мүмкін, деп жазды Bloomberg. Қазір Puma компаниясының нарықтық капитализациясы €2,5 млрд деңгейінде.
Anta Sports пен ASICS Reuters-тің түсініктеме беру сұрауларына бірден жауап бермеді. Li-Ning электрондық пошта арқылы агенттікке берген мәлімдемесінде жаңалықта аталған мәмілеге қатысты «ешқандай маңызды келіссөздер немесе бағалау жүрмей жатқанын» жеткізді. Puma түсініктеме беруден бас тартты.








