Revolut Blackstone-ның баламалы активтерін сатуға қызығушылық танытты — Bloomberg

Еуропадағы ең қымбат финтех-сервис саналатын Revolut баламалы активтерді басқару саласындағы әлемдегі ең ірі компания Blackstone-мен серіктестік жөнінде келіссөздер бастаған. Бұл туралы дереккөздерге сілтеме жасап Bloomberg хабарлады. Олардың айтуынша, тараптар Blackstone қорларын Revolut платформасында, яғни британдық компания қазір дамытып жатқан жеке банкинг қызметінің клиенттеріне ұсыну мүмкіндігін талқылап жатыр.
Bloomberg дереккөздерінің мәліметінше, келіссөздер әзірге бастапқы кезеңде өтуде және нақты келісімге келу-келмеуі белгісіз. Revolut пен Blackstone өкілдері агенттікке пікір білдіруден бас тартты.
Бұл нені білдіреді?
Bloomberg жазуынша, әлемнің түрлі елдерінде шамамен 70 млн пайдаланушысы бар Revolut пен Blackstone арасындағы ықтимал келісім жеке капитал қорларының жаңа қаржыландыру көздерін іздеу мақсатында ауқатты жеке инвесторларға шығу жолдарын қарастырып жатқанын көрсететін ең ірі мысалдардың бірі болуы мүмкін.
Қазіргі кезде Revolut үшін негізгі нарық саналатын Еуропада Blackstone кейінгі екі жылда серіктес болып жұмыс істейтін жеке банктер, капиталды басқару компаниялары мен сақтандыру ұйымдарының санын үш есе арттырған. Агенттіктің мәліметінше, бұл Blackstone президенті Джон Грейдің стратегиясының бір бөлігі. Ол компанияны бөлшек инвесторлар үшін қолжетімді өнімдер арқылы жаппай инвестициялық платформаға айналдыруды көздейді, сонымен қатар институционалдық бағытты сақтап қалуға тырысады.
Контекст
Bloomberg 12 желтоқсанда хабарлағандай, Revolut жеке инвестициялар нарығында жұмыс істеу үшін арнайы команда жинай бастаған. Компания капиталды басқару сегментіндегі қызмет түрлерін кеңейтуді мақсат етеді. Осы бағытта Revolut инвестициялық банктердің бастапқы деңгейдегі мамандарын, активтерді басқарушыларды және жеке капитал жөніндегі кеңесшілерді іздеген. Алайда компания бұл ақпаратқа қатысты Bloomberg-ке түсініктеме беруден бас тартқан.
Агенттіктің мәліметінше, Revolut бұл нарыққа жеке капитал нарықтарының ауқымы мен маңызы айтарлықтай өскен тұста қызығушылық танытқан. Сонымен бірге салада активтер бағасының жылдам өсуі, реттеудің шектеулілігі және макроэкономикалық қысым салдарынан жеке нарықтың кейбір бөліктерінде «шамадан тыс қызып кету» мен тәуекелдердің артуы жөнінде алаңдаушылық жиі айтыла бастады.








