Rivian есебінде сатылымы 32% өсті, ал акциясы неге құлдырады?

Электрлі жол талғамайтын көлік өндірушісі Rivian Automotive үшінші тоқсандағы жеткізілімі өткен жылмен салыстырғанда 32% өскенін хабарлады. Алайда, компания жылдық болжамын төмендетіп, алдағы тоқсандарда тұрақсыздық болуы мүмкін деп ескертті. Күтілетін сұраныс төмендеуінің себебі ретінде компания АҚШ-та электромобильдерге берілетін салықтық жеңілдіктердің жойылуын атады. Rivian бұған дейін мамыр айында да баж салығына байланысты жеткізілім болжамын қысқартқан еді. Автоөндіруші акциясы бейсенбідегі саудада 7%-дан астам құлдырады.
Егжей-тегжейлі
Үшінші тоқсандағы Rivian жеткізілімі өткен жылмен салыстырғанда 32% көп (13 201 көлік). Visible Alpha-ның сауалнамасына қатысқан сарапшылар 12 690 көлік сатылымын күткен, деп жазады Reuters.
Алайда, Rivian жаңартылған болжамы 2025 жылы 41 500 — 43 500 аралығында көлік жеткізуді көздейді. Салыстыру үшін: алдыңғы диапазон 40 000 – 46 000 көлікті құраған, яғни орташа көрсеткіш 500-ге төмендеді.
Жеткізілімнің өсуіне қарамастан, Rivian мен жалпы индустрияның перспективасы «Үлкен әрі әдемі заңның» қабылдануынан кейін бұлдыр күйінде қалып отыр. Ол заң электромобильді сатып алу не лизингке алу кезінде $7500 көлеміндегі салықтық жеңілдікті алып тастайды, деп атап өтті Reuters. Автоөндірушілер сатылымды ынталандыру үшін бұл құралға көптен бері сүйеніп келген, деп түсіндіреді басылым.
Жеңілдік 30 қыркүйектен бастап күшін жойды. Reuters жазуынша, сарапшылар бұған дейін оның тоқтатылуынан кейін электромобильдер мен лизингтік келісімшарттарға сұраныс күрт төмендейді деп болжаған, бірақ қыркүйекте клиенттер субсидия аяқталғанға дейін үлгеруге тырысқандықтан, электромобильдерге сұраныс дерлік еселенді.
2 қазандағы саудада Rivian акциясы 7,4% құлдырап, $13,5-ға дейін төмендеді. Постмаркеттің өзінде қағаз тағы 0,2% төмендеді. Жыл басынан бері акция 1,7% плюсте, ал дәл осы кезеңде кең нарық индексі S&P 500 14% көтерілді.
Rivian-ға тағы не қысым түсіріп тұр?
Салықтық қолдаудың тоқтатылуынан бөлек, автоөндірушілер үшін қосымша соққыға импортқа баж салығының жоғары болуы айналды — олар өндіріс құнын арттырып, пайда көрсеткішін қысқартады, деп жазады Reuters. Бұл жағдай саланы жеткізу тізбегін қайта қарауға, шетелдік жеткізілімдерге тәуелділікті азайтуға және АҚШ-тағы өндірісті белсендірек дамытуға итермеледі.
Өндіріс шығынының өсуі Rivian пайда көрсеткішіне теріс әсер етуі мүмкін, әсіресе келесі жылы қолжетімдірек R2 электрлі жол талғамайтын көлік желісін шығаруға дайындық аясында, деп санайды агенттік.
Rivian 2025 жылға арналған жеткізілім болжамын бұған дейін, мамыр айында, Дональд Трамп АҚШ-та импортқа баж салығын көтерген кезде қысқартқан еді. Rivian барлық пикап пен жол талғамайтын көлікті АҚШ-та шығарғанымен, компания акционерлерге жазған хатында «жаһандық сауда және экономикалық ахуалдың ықпалынан сақтандырылмағанын» ескерткен.
Сол уақытта Ford Motor баж салығы енгізілгеннен $1,5 млрд залал күткенін, ал General Motors $5 млрд-қа дейінгі шығын болжап отырғанын мәлімдеген.
Субсидия – жақсы ма, жаман ба?
BNP Paribas сарапшысы Джеймс Пикариеллоның пікірінше, Rivian және Lucid сияқты электромобиль өндірушілер электркөлік сатып алуға берілетін субсидияның тоқтатылуынан ұтады. Соңғы жылдары General Motors, Ford Motor, Hyundai Motor және Kia электромобиль өндірісін едәуір арттырды. Алайда, BNP сарапшысы атап өткендей, «мемлекеттік қолдаусыз және тұтынушылар сұранысы әлсіреген жағдайда бұл күш-жігер бәсеңдеуі мүмкін». Ал электромобиль өндіруге толық шоғырланған Rivian, Lucid және Tesla сияқты компаниялар үшін бұл нарықтағы қолжетімді үлестің өсуін білдіруі ықтимал, деп болжам жасады Пикариелло.
Электромобиль сатып алуға берілетін салықтық жеңілдік аяқталғаннан кейін Ford бас директоры Джим Фарли АҚШ-та толық электрлі көліктерге сұраныс екі есеге жуық төмендейді деп күтетінін мәлімдеді: қыркүйектегі 10–12%-дан қазанда 5%-ға дейін.
«Менің ойымша, бұл сала өміршең болып қалады, бірақ біз күткеннен әлдеқайда кішірейеді. Әсіресе шығарындылар саясатының өзгеруі мен $7500 көлеміндегі жеңілдіктің тоқтатылуын ескерсек, — деді Фарли 30 қыркүйекте Детройттағы Ford іс-шарасында. — Бір айдан кейін білеміз. Қазан айында АҚШ-та электромобиль сатылымының үлесі 5%-ға дейін төмендесе, мен таңқалмаймын».
Фарлидің айтуынша, енді компания аккумулятор өндіретін зауыттар мен электромобиль шығаратын қуаттармен не істеу керегін шешуі тиіс. «Біз оларды толтырамыз, бірақ бұл қиынырақ болады, өйткені бұрын бізде төрт жылға арналған болжамды саясат бар еді, — деді Фарли. — Енді саясат өзгерді… Барлығымызға қайта бейімделуге тура келеді. Және мен мұның елге пайдасы тиетініне сенемін, бірақ бұл тағы бір қысым көзі».








