Russell 2000 индексі тарихи максимумға жақындап қалды. Ралли қанша уақытқа созылады?

Кіші капитализациялы компаниялардың акцияларын қамтитын Russell 2000 индексі соңғы айда 5%-ға өсті және алдағы күндері 2021 жылы орнаған рекордты жаңартуы мүмкін. Уолл-стриттің бірқатар стратегтері small-cap раллиі енді ғана басталды деп есептесе, басқалары мұндай компаниялар экономиканың жалпы әлсіздігінен ұзақ уақыт бойы серпінділікті сақтап қала алмайды деп санайды.
Егжей-тегжейлі
Russell 2000 индексі соңғы айда 5%-ға өсті, бұл ең ірі эмитенттердің қызметін бақылайтын S&P 500 индексінің 2,15%-дық өсімін екі есе басып озды.
12 қыркүйек жұма күнгі соңғы сауда сессиясында Russell 2000 индексі 2397 тармақ деңгейінде жабылды — бұл 2021 жылғы 8 қарашада тіркелген тарихи максимумнан небәрі 45 тармаққа төмен, деп жазады Barron’s. Басылымның пайымынша алдағы күндері индекс бұл межеден асып түсуі мүмкін, өйткені инвесторлар small-cap акцияларға ақша құюды жалғастырып жатыр.
Barron’s және Bloomberg агенттігіне пікір білдірген Уолл-стрит сарапшылары кіші компаниялардың раллиіне сенеді, алайда оның қанша уақытқа созылатынына қатысты пікірлері екіге бөлінген.
Ралли неліктен ұзаққа созылуы мүмкін
Bloomberg келтірген сарапшылардың айтуынша small-cap компаниялардың раллиі енді ғана басталды. Орташа болжамға сәйкес 2026 жылы Russell 2000 индексі 20%-ға дейін өсуі мүмкін, ал S&P 500 — небәрі 11%-ға. Агенттік бұл бағалауды батыл деп атап отыр. Small-caps 2020 жылдан бері жыл сайын ірі компаниялардан қалып келеді. Биылғы жыл да ерекше емес: жылдың басынан бері Russell 2000 — 7,6%-ға, ал S&P 500 — 17,67%-ға өсті.
Уолл-стрит ФРЖ-ның осы аптада күтілетін мөлшерлеме төмендетуі Russell 2000 индексіндегі компаниялар үшін қарыз тарту құнын едәуір азайтады деп күтеді, бұл маржаның айтарлықтай өсуіне алып келуі мүмкін. Бұл кіші капитализациялы акциялар үшін «бұқа нарығының келесі кезеңін» бастауға түрткі болуы мүмкін, деп жазды Bloomberg агенттігіне Morgan Stanley сарапшысы Майкл Уилсон. Ол осы айда small-cap акцияларына қатысты рейтингін «underweight» (сатуға кеңес) деңгейінен «нейтралды» (ұстауға кеңес) деңгейіне дейін көтерген. Алайда, неғұрлым оптимистік болжам жасау үшін осы активтер тобы бойынша табыс болжамдарының күрт артуын көру қажет, дейді Уилсон.
Агенттіктің мәліметінше екінші тоқсанда Russell 2000 құрамындағы компаниялардың 60%-дан астамы Уолл-стриттің табыс бойынша болжамдарынан асып түсті. Индекс құрамындағы барлық компаниялардың жиынтық табысы келесі төрт тоқсан ішінде орта есеппен 50%-дан аса өседі деп болжануда — бұл S&P 500 индексіндегі эмитенттердің күтілетін табыс өсу қарқынынан бес есе артық, деп жазады Barron’s London Stock Exchange Group деректеріне сілтеме жасап.
Табыс өсімі, мөлшерлеменің төмендеуі және төмен бағаланған бағалар жиынтығы — «орта және кіші капитализациялы акциялар үшін раллиге жақсы негіз», — деді Bloomberg агенттігіне US Bank NA ұлттық инвестициялық стратег Том Хайнлин. Manulife John Hancock Investments стратегтері Эмили Роланд пен Мэтт Мискин де кіші компаниялардың бағалануының төмендігін атап өтті. «Іс жүзінде активтердің барлық түрі соңғы 20 жылдық орташа мәндерінен жоғары бағамен саудалануда» — тек small- және mid-cap акциялардан басқа, деді олар агенттікке.
Ралли неге тез аяқталуы мүмкін
RBC Capital Markets компаниясының АҚШ акциялары бойынша стратегия бөлімінің жетекшісі Лори Кальвасина small-caps тұрақты түрде өсу үшін «экономикалық жағдайдың тоқыраудан шығып, белсенділікке көшу белгілері» қажет екенін айтады, деп хабарлайды Bloomberg. «Біз кіші капитализациялы компаниялардың нарықтан озық, тұрақты және елеулі серпін көрсетуі қиын болады деп есептейміз, егер экономика әлсіз күйінде қала берсе», — деп жазды Кальвасина.
Barron's-тың мәліметінше экономиканың жағдайына қатысты алаңдаушылық ішінара еңбек нарығының әлсіздігімен байланысты. LPL Financial бас техникалық стратегы Адам Тернквист басылымға берген сұхбатында Russell 2000 индексінің соңғы өсуі парадоксты түрде оған қарсы жасалған ставкалармен байланысты болуы мүмкін деп ескертті. «Кіші капитализациялы компаниялардың акцияларындағы ралли көптеген инвесторларды тосыннан ұстап алды және хедж-қорлар секілді көптеген алып ойыншылар үшін тиімсіз болды», — деді ол. Тернквист Тауарлық фьючерстер саудасы жөніндегі комиссияның деректеріне сүйене отырып, қазіргі уақытта хедж-қорлар мен басқа да ірі ойыншылар 2022 жылдан бергі ең ірі қысқа позицияларды ұстап отырғанын атап өтті.








