БастыReview
Бөлісу

Сән мен сезім: ЖИ және ностальгия көзілдірікке сұранысты күшейтті

Александр Пухов

Александр Пухов

Oninvest колумнисті
Сән мен сезім: ЖИ және ностальгия көзілдірікке сұранысты күшейтті

Өткен жылы көзілдірік нарығы өсім көрсеткен санаулы люкс тауар категориясының бірі болды, деп есептейді Bain & Company консалтинг компаниясы. Биыл да бұл үрдіс сектордағы жария компаниялардың ебесінен байқалып отыр.

Әлемдегі ең ірі көзілдірік өндіруші EssilorLuxottica — Ray-Ban мен Oakley брендтерінің иесі әрі Prada мен Miu Miu үшін лицензиялы көзілдірік шығаратын компания 2025 жылдың алғашқы жарты жылдығында түзетілген табысын 14 млрд еуро деп жариялады. Бұл көрсеткіш тұрақты валюта бағамымен есептегенде 7,3% өсті. Ал Ray-Ban Meta смарт-көзілдірігінің сатылымы тіпті 200%-дан аса күрт өсті.

Safilo Group (Carrera, David Beckham, Polaroid, BOSS брендтерімен оптика шығаратын компания) 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығына арналған есебінде: барлық негізгі нарықтарда диоптриясы бар көзілдірік жақтауларына тұрақты сұраныс әлсіз күннен қорғайтын көзілдірік сатылымын өтеп бергенін жазды — тұтынушы шығынын азайтқанымен, компания белсенді промоакция ұйымдастырды. Жартыжылдықтағы таза табыс 537,6 млн еуроға жетіп, валюта айырмасын есептегенде 2,3% қосты, ал түзетілген пайда жылдық мәнде шамамен 40% күрт өсіп, 33,7 млн еуроға жетті. Алдыңғы орында — Азия-Тынық мұхиты өңірі, онда 2025 жылдың алғашқы жартысында сатылым 14,7% артты.

Көзілдірік пен линза өндіруші Warby Parker биылғы екінші тоқсанда таза табысын жылдық мәнде 14%-ға жуық өсіріп, $214,5 млн-ға жеткізді. Маусымға дейінгі бір жыл ішінде белсенді клиент саны 9% ұлғайды, бір клиентке шаққандағы табыс 4,6% өсіп, $316 болды.

Көзілдірік сатылымының өсімін ірі сән конгломераттары да тіркеді. Мысалы, Kering (Yves Saint Laurent, Gucci, Balenciaga иесі) 2025 жылдың алғашқы жартысына арналған есебінде жалпы топтың операциялық пайдасы 39%, ал Gucci-дің пайдасы 52% түскенін мәлімдеді. Бірақ көзілдірік сегментіндегі өсім 25% болды. Prada да жартыжылдық есебінде роялти (лицензиялық сатылым, оның ішінде көзілдірік) 10% артқанын көрсетті. Бұл категория ең жоғары өсімді көрсетті, ал жалпы таза сатылым тұрақты валюта бағамымен есептегенде 9% өсті.

Бұл тренд инвестор назарынан тыс қалған жоқ — EssilorLuxottica акциясы бір жылда 20%-дан астам қосты, Warby Parker қағазы 75% өсті, Safilo Group акциясы 22%-дан астам қосты.

Көзілдірік сатылымы неге өсіп жатыр?

Ностальгия мен үнемдеу

Бұрын қосымша санат саналып келген көзілдірік сегменті 2024 жылы сөмке мен киімге қарағанда жылдамырақ өсті, деп жазады Business of Fashion басылымы.

Себептердің бірі — көзілдірік басқа люкс категориясына қарағанда өзіңді қуантуға қолжетімді тәсілге айналды. Экономикалық белгісіздікке байланысты тұтынушы шығынға мұқият қарай бастады, ал аксессуар сатып алу, соның ішінде көзілдірік, бағасы қымбат киім мен сөмкеге қарағанда қолжетімді нұсқа болып отыр.

«Тұтынушыда ақша аз, бұл аксессуар нарығында бумға әкелді, өйткені оларды сатып алу оңай», — деді The Consumer Collective зерттеу компаниясының теңқұрушысы Джессика Рамирес BoF-қа берген сұхбатында.

Сонымен бірге, көзілдірік сатушысы мен өндірушісі ностальгияға бейім және бренд мұрасын бағалайтын мақсатты аудиторияны тарта алды.

Мысал ретінде, BoF Moscot брендын атайды. Беларусьтен шыққан еврейлер негізін қалаған бренд 1915 жылы Нью-Йорктегі Төменгі Ист-Сайдта алғашқы кеңсесін ашқан. Moscot бүгін де жүз жыл бұрынғыдай нью-йорктік денди аудиториясына сүйенеді. Тағы бір мысал — Oakley. Бренд қатарынан бес жыл бойы сатылым рекордын жаңартып келеді. Оның мақсатты аудиториясы — белсенді өмір салтын ұстанатын әрі ностальгияға бейім адамдар, дейді бренд басшысы Кайо Амато. Соңғы маусымдардағы сатылым өсімі көбіне ностальгиялық үлгілермен байланысты: мысалы, 1994 жылғы Eye Jacket жақтауының жаңартылған нұсқасы немесе 90-жылдардың соңындағы топтамадан шабыттанған жаңа Plantaris моделі, деп жазады BoF.

Әлемге жасанды интеллектпен қарау

Тұтынушы мінез-құлқы мен ностальгиядан бөлек, оптика сегментіндегі сатылымның өсуіне тағы бір себеп бар. Ол — жасанды интеллект.

«Технология көзілдірік өндірісі секторында маңызды рөл ойнай бастады», — деді Рамирес.

Әсіресе ЖИ интеграцияланған смарт-көзілдірік жайлы сөз болып отыр. Бұл жерде ең танымал әрі табысты коллаборация — EssilorLuxottica мен Meta серіктестігі. Оған алты жыл болды. Биыл шілденің басында Bloomberg Meta EssilorLuxottica-ның миноритарлық акционері атанып, шамамен $3,5 млрд-қа компанияның 3%-ға жуық акциясын сатып алғанын хабарлады. Агенттік дереккөзіне сүйенсек, үлесті 5%-ға дейін арттыруы мүмкін.

Meta мен Ray-Ban серіктестігі 2021 жылы басталды. Сол жылы алғашқы смарт-көзілдірік шықты, ал екінші буын 2023 жылы таныстырылды. EssilorLuxottica басшысы Франческо Миллеридің айтуынша, 2023 жылдан бері тұтынушы 2 млн жұп осындай көзілдірік сатып алған. Компания 2026 жылдың соңына дейін жылдық өндірісті 10 млн-ға жеткізуді жоспарлап отыр, деп жазды CNBC. Бағасы $299 бен $379 аралығында.

2025 жылдың соңына дейін Ray-Ban смарт-көзілдірігінің үшінші буыны шығады деп күтілуде. Оны қыркүйек ортасында өтетін Meta Connect 2025 көрмесінде таныстыруы мүмкін.

CNBC маусымда EssilorLuxottica мен Meta Prada брендімен смарт-көзілдірік шығаруды да жоспарлап отырғанын жазды. Meta үшін бұл серіктестік техникалық тұрғыда өте ыңғайлы: Prada-ның көптеген моделінің ерекшелігі — кең жақтаулар, ал ол смарт-көзілдірікке қажетті чип пен микрофонды көбірек орналастыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, бұл серіктестік техногиганттың люкс сән сегментіне шығуы дегенді білдіреді.

Маусымда Oakley де Meta-мен бірге алғашқы смарт-көзілдірігін $399 бағамен ұсынды. Жарты ғасырлық мерейтойына орай сноубордшы, серфер, велосипедші және басқа да белсенді өмір салтын ұстанатындар арасында танымал бренд $499 тұратын лимиттелген «алтын» топтамасын шығарды. Oakley Meta HSTN үлгісі Oakley-дің PRIZM линзаларымен жабдықталған, олар спортшыға жарық пен ауа райы өзгерген жағдайда жақсы көруге мүмкіндік береді. Бұл көзілдіріктің батареясы ұзаққа шыдайды және екінші буындағы Ray-Ban Meta-ға қарағанда камерасы жақсарған. Смарт-көзілдірік ЖИ-мен жабдықталған, дауыс арқылы басқаруға болады, фото және видео түсіреді.

Жақын уақытта Meta EssilorLuxottica-мен серіктестікте Hypernova атты кеңейтілген шындық технологиясы бар жаңа буын көзілдірігін шығаруды жоспарлап отыр. Олар кірістірілген дисплеймен немесе голографиялық проекциямен жабдықталуы мүмкін. Бағасы шамамен $800 болады деп күтілуде, деп жазады Barron’s. Егер бұл көзілдірік хитке айналса, Meta үшін осы секторда бағалы кіріс көзіне айналмақ.

Meta ғана емес

Counterpoint дерегіне сүйенсек, 2025 жылдың алғашқы жартысында әлемдік смарт-көзілдірік жеткізілімі жылдық мәнде 110% өсті. Бұл нарықта сөзсіз көшбасшы — Meta. Басқа компаниялар жаңа өнім ұсынғанына қарамастан, оның үлесі 2025 жылдың алғашқы жартысында 73%-ға жетті.

Алайда бәсекелес те нарықтың бір бөлігін алуға тырысып жатыр. Мамыр айының соңында Warby Parker Google-мен смарт-көзілдірік жасау бойынша серіктестік келісімге қол қойғанын хабарлады. Осы келісім аясында Google оптика өндірушісіне $150 млн бөледі.

Google биыл мамырда қытайлық Xreal Inc.-пен серіктестікте Project Aura жобасын таныстырды — бұл Android XR базасында жұмыс істейтін алғашқы смарт-көзілдірік. Олар жыл соңына дейін сатылымға шығуы мүмкін.

Қытайлық Xiaomi биыл маусымда Xiaomi AI Glasses смарт-көзілдірігін шығарды. Олар бірден әлемдік нарықтағы «күтпеген фаворитке» айналып, жалпы сатылымда төртінші, ЖИ-көзілдірік сегментінде үшінші орынға шықты, деп атап өтті Counterpoint компаниясының аға сарапшысы Флора Тан. Оның айтуынша, мұндай сатылым нәтижесі Қытайдағы техникалық әуесқойлар мен Mi гаджеттерін қолдаушылар тарапынан болған күшті сұраныспен байланысты.

Apple өз смарт-көзілдірігін жасап жатыр, бірақ олардың шығуы 2026 жылдан ерте болмайды, деп жазады Bloomberg.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары