S&P 500 мамырдан бергі ең жоғары өсімді көрсетті

13 қазандағы сауда қорытындысы бойынша АҚШ қор нарығы өткен апта соңында болған құлдыраудың едәуір бөлігін өтеп шықты. S&P 500 индексі мамыр айынан бергі ең күшті өсімін көрсетті. Негізгі америкалық индекстер 1–2 пайызға көтерілді. Бұған Дональд Трамптың Қытайға қатысты риторикасын жұмсартып, «уайымдамауға» шақыруы және Таяу Шығыстағы жағдайдың тұрақтала бастауы әсер етті. Сонымен қатар, жасанды интеллект секторындағы ралли де жалғасуда.
Егжей-тегжейі
— S&P 500 индексі 1,56 пайызға өсті. Осылайша, ол 10 қазандағы (жұма) құлдыраудың жартысынан көбін қайтарды. Бұл күн сәуірден бергі ең қиын сессия болған еді, деп жазады CNBC. Индекс қайтадан «өсім» трендін жалғастырды. Оның құрамындағы компаниялардың жиынтық капитализациясы 28 триллион долларға жетті. Bloomberg мәліметінше, бұл S&P 500 үшін мамырдан бергі ең сәтті күн болды.
— Dow Jones индексі 1,3 пайызға өсіп, жұмадағы жоғалтулардың шамамен 70 пайызын өтеді.
— Технологиялық Nasdaq Composite индексі дүйсенбіде 2,2 пайызға көтерілді. Өткен аптада қатты арзандаған технологиялық компаниялар осы күні қайта жанданды. Oracle акциялары 5 пайыздан астам, AMD – 0,7 пайыз, Nvidia – 2,8 пайыз, ал Broadcom акциялары ChatGPT жасаушысы OpenAI-мен серіктестік туралы хабардан кейін бірден 10 пайызға өсті.
— Шағын капитализациялы компаниялардың Russell 2000 индексі жұмадағы 3 пайыздық төмендеуден кейін 2,8 пайызға көтерілді.
— «Уолл-стрит қорқыныш индексі» саналатын VIX 12 пайызға төмендеп, 19 пунктке түсті. Дегенмен, ол әлі де 20 пункт маңындағы «дабыл аймағына» жақын тұр.
Акцияларға не әсер етті?
Дүйсенбі күнгі өсімге инвесторлардың АҚШ пен Қытай арасындағы сауда шиеленісі жұмадағыдай күрделі болмайтынына деген үміті себеп болды. АҚШ президенті Дональд Трамп жексенбіде Truth Social желісінде «Қытай үшін уайымдамаңыздар, бәрі жақсы болады» деп жазды. Инвесторлар бұл мәлімдемені баж салығын көтеру қаупі азайды деп қабылдады.
Жұмадағы сатылым нәтижесінде АҚШ нарығындағы акциялардың жиынтық құны 2 триллион долларға қысқарған еді. Ал дүйсенбіде S&P 500 құрамындағы қағаздардың шамамен 80 пайызы өсім көрсетті.
Bloomberg мәліметінше, нарықтағы көңіл-күйге Трамптың Таяу Шығысқа сапары да оң әсер етті. Дүйсенбі таңертең ХАМАС 20 израильдік тұтқынды босатты. Осыдан кейін Трамп Израиль парламентінде сөйлеп, «ұзақ және ауыр түн аяқталды» деп мәлімдеді.
Алайда нарықтағы тәуекелдер әлі де сақталып отыр. АҚШ үкіметінің жұмысын уақытша тоқтатуы екінші аптаға жалғасуда, ал 15 қазанда мемлекеттік қызметкерлердің жалақы төлем мерзімі жақындайды. Сонымен қатар, осы аптада ірі банктердің есеп беру маусымы басталады: Citigroup, Goldman Sachs, Wells Fargo, JPMorgan Chase, Bank of America және Morgan Stanley өз нәтижелерін ұсынбақ.
Сарапшылар пікірі
— JPMorgan сарапшылары дүйсенбі күнгі талдауында клиенттеріне нарықтағы құлдырауды пайдаланып, акция сатып алуға кеңес берді, деп жазады CNBC. Сонымен қатар, банк белгісіздікке қарсы қорғану үшін алтын мен күміске (бағалары дүйсенбіде рекорд жаңартқан), сондай-ақ энергия, жартылай өткізгіш және банк секторындағы акцияларға назар аударуды ұсынды.
— Wolfe Research сарапшысы Тобин Маркус CNBC-ге берген пікірінде: «Қаржы нарығындағы белгісіздік пен кернеу әлі де бар, бірақ Трамптың мәлімдемесі 100 пайыздық баж салығы немесе экспорттық шектеулер қаупін уақытша болса да төмендетті. Бұл инвесторларға нарықтағы төмендеу сәтін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді», — деді.
— UBS сарапшыларының пікірінше, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қақтығысы нарықтағы ауытқуларды жалғастыра беруі мүмкін, бірақ ол «құлдырау кезеңіне» әкелмейді. Керісінше, қазіргі тұрақсыздық американдық акцияларды арзандау бағамен сатып алу мүмкіндігін тудырып отыр. «Біз нарықтағы өсім жалғасады деп есептейміз, сондықтан төмендеу сәттерін ұзақ мерзімді инвестиция үшін тиімді уақыт деп қарастырған жөн», — делінген UBS жазбасында.
— Nationwide компаниясының бас инвестициялық стратегы Марк Хакетт Bloomberg-ке берген пікірінде: «Инвесторлар тәуекелге барудан тайсалып отырған жоқ. Егер нарықтағы қалпына келу жалғасса, бұл жеке инвесторлардың сенімін арттырып, нарықтағы төмендеуді пайдалану стратегиясының әлі де жұмыс істейтінін дәлелдейді», — деді.








