S&P 500 төртінші рет қатарынан құлдырап жатыр. Мұндай жағдай тамыздан бері болмаған

18 қарашада инвесторлар АҚШ акцияларын сатуды жалғастырды. Соның нәтижесінде S&P 500 индексі соңғы үш айдағы ең ұзақ төмендеу сериясын көрсетті. CNBC атап өткендей, нарыққа ЖИ индустриясының жалпы бағытын анықтайтын Nvidia есебіне деген күту және арзандаған биткоин қысым жасап тұр. Бұл факторлар инвесторлардың тәуекелге деген тәбетін төмендетті.
Егжей-тегжейі
— 18 қарашадағы саудада S&P 500 индексі 0,83%-ға төмендеді. «Индекс төртінші күн қатарынан құлдырап жатыр. Мұндай үздіксіз төмендеу соңғы рет тамыз айының соңында болған», деп жазады CNBC.
— Dow Jones Industrial Average 1,1%-ға төмендеді.
— Технологиялық Nasdaq Composite 1,2%-ға құлдырады. Индекс Nvidia акцияларының жалғасқан сатылымы әсерінен қысымда қалды. 18 қарашада олар тағы 2,8%-дан көп арзандады, ал ай басынан бері 10,5%-ға төмендеді. Сарапшылар 19 қарашада шығатын есеп ЖИ секторының шамадан тыс бағалануы туралы пікірталастар аясында нарықтың жоғары күтулерін ақтамауы мүмкін деп алаңдайды.
— Bloomberg Magnificent 7 индексі 1,8%-ға құлады. Nvidia-дан бөлек Microsoft (–2,7%) және Amazon (–4,4%) акциялары арзандады: сейсенбі күні Rothschild & Co Redburn сарапшылары екі компанияның рейтингін төмендетті.
— Биткоин күн ішінде $90 000 деңгейінен төмендеді, бірақ кешке қарай қайтадан $92 000-нан жоғары көтерілді (Binance дерегі). CNBC пікірінше, криптовалютаның төмендеуі акциялардың әрі қарай түзетілуі мүмкін деген алаңдауды күшейтті.
— Инвесторлардың көңіл күйін өлшейтін VIX индексы («Уолл-стриттегі қорқыныш индексі») сейсенбі күні шамамен 25 пункт деңгейінде болды. Тәулік ішінде 10%-ға өсті. 20 пункттен жоғары мәндер нарықтағы мазасыздықтың белгісі саналады.
Акцияларға не әсер етіп жатыр?
CNBC жазғандай, нарыққа ЖИ-сектордың тым жоғары бағалануы және Big Tech компанияларының қарызға тәуелді өсімі туралы күмәндер әсер етуде. Бұл алаңдаушылық Nvidia есебі жақындаған сайын күшейіп отыр. Ол ЖИ-саласындағы акциялар раллиінің беріктігін көрсететін негізгі индикаторлардың бірі саналады. Алдыңғы қатардағы чип өндіруші қаржылық нәтижелерін 19 қарашада сауда жабылғаннан кейін жариялайды.
ORATS (Option Research & Technology Services) дерегінше, Nvidia опциондары есептен кейін акция 7% шамасында кез келген бағытқа құбылуы мүмкін екенін көрсетеді. Reuters жазғандай, бұл компания капитализациясының $320 млрд шамасында өзгеруіне әкелуі ықтимал. Бұл тарихтағы ең ірі серпілістердің бірі болуы мүмкін.
CNBC атап өткендей, сейсенбіде жарияланған ірі ЖИ-серіктестік бұрынғыдай бағамдарды өсіре алмады. Claude чат-ботын жасаған Anthropic Microsoft Azure бұлтына $30 млрд жұмсайтынын және бұған жауап ретінде Microsoft пен Nvidia-дан миллиардтаған инвестиция алатынын хабарлады. Бірақ бұл жаңалық екі компания акцияларына қолдау болмады. Barron’s пікірінше, ЖИ саласының «шеңбер бойымен айналатын» шығындары инвесторларды сақ болуға мәжбүрлеп отыр.
Журнал сондай-ақ шағын және орта капитализациялы компаниялардың индекстері Russell 2000, S&P Small Cap 600 және S&P MidCap 400 сейсенбіде өскенін атап өтті. Barron’s мұны қазіргі құлдырау негізінен ірі технология компанияларына ғана әсер еткенінің белгісі деп санайды. Басылымның пікірінше, инвесторлар ЖИ-раллидің әлсіреуіне бола үрейленбеуі керек. АҚШ пен Қытай арасындағы бәсеке сияқты факторлар экономиканың құрылымын өзгертуде, ал нарықтың басқа сегменттерінде әлі де тартымды, бағаланбаған активтер бар.
Сарапшылар не дейді?
— «S&P 500 индексі ақырында 8–9% төмендеуі мүмкін. Бірақ құлдырау бұдан ертерек тоқтауы да ықтимал: егер Nvidia біздің сарапшы күткендей есеп берсе және осы аптада шығатын жұмыспен қамту деректері әлсіз, бірақ рецессия белгісіз болса. Ең мықты сектордағы жетекші компания Уолл-стрит болжамынан жоғары табыс, пайда және маржа көрсетсе, бұл инвесторларды айтарлықтай тыныштандыруы мүмкін», — деді CFRA-ның бас инвестициялық стратегы Сэм Стовэлл.
— «Мәселе қазір ЖИ саласында көпіршік пайда болды ма дегенде емес. Ең бастысы — жасанды интеллектке жұмсалатын ағымдағы шығындардың тренді қанша уақытқа созылады және ол аяқталған кезде кері серпіліс қаншалықты ауыр болады», — деді Carson Group инвестициялық стратегия директоры Сону Варгис Bloomberg-ке.
— «Ертеңгі есепті «маңызды» деу — тіпті тым жеңіл сипаттама. Тоқсандық нәтижелер АҚШ-та да, халықаралық нарықтарда да домино әсерін туғызуы ықтимал. Кейінгі апталарда ЖИ-ға деген жалпы қызығушылық бәсеңдегенімен, бұл есеп инвесторлардың оптимизмін қайта оятуы мүмкін. Бірақ қазір меженің өте жоғары екені сөзсіз», — дейді Strategas сарапшысы Райан Грабински.
— JPMorgan Chase вице-төрағасы Даниэль Пинту ЖИ саласындағы жылдам өсім аясында компанияларды бағалау қайта қарауды қажет етеді деп есептейді. «Коррекция болатыны өте ықтимал. Бұл түзету технология секторына да, S&P 500 индексіне де, бүкіл индустрияға да әсер етеді», — деді ол сейсенбі күні Йоханнесбургтегі Bloomberg Africa Business Summit жиынында.








