S&P 500 және Nasdaq индексі шатдаун аясында рекорд жаңартты

S&P 500 кең индексі 8 қазанда 0,6% өсіп, тарихи максимум жаңартты. Технологиялық компаниялардың Nasdaq Composite индексі де сәрсенбі күні 1,1% көтеріліп, рекорд жаңартты. Нарықтың өсуіне ақпараттық технологиялар, коммуналдық қызметтер және өнеркәсіп секторының акциясы ықпал етті — үш сектор да күнді жаңа максимуммен аяқтады, деп жазады CNBC.
Nvidia үлкен капитализациясы бар компаниялар арасында өсім бойынша көшбасшы болды. Чипмейкер компанияның акциясы 2,2% қымбаттады. Бұған компанияның бас директоры Дженсен Хуангтың телеарнаға берген сұхбатында жасанды интеллектке арналған чиптерге сұраныстың артқанын хабарлауы себеп болды. «Биыл, әсіресе соңғы алты айда, есептеу қуатына деген сұраныс күрт артты», — деді Хуанг. Сондай-ақ, Nvidia Илон Масктың xAI атты ЖИ-стартапының жаңа дата-орталығын салуға арналған қаржыландыруға қатысатынын растады.
Dow Jones Industrial Average көгілдір фишка индексі сәрсенбіде өзгеріссіз қалды, бірақ саудада жаңа тарихи максимумға жетті. Ал шағын капитализациялы компаниялардың Russell 2000 индексі 1% өсті. АҚШ-тың 10 жылдық қазынашылық облигациясының кірістілігі өзгеріссіз қалып, 4,13% құрады.
Bloomberg-ке берген сұхбатында UBS Global Wealth Management компаниясының өкілі Марк Хефеле: «Технологиялық алпауыттардың ағымдағы баға/пайда коэффициенттері дотком дәуіріндегі көпіршік кезеңінен айтарлықтай төмен екенін ескерсек, нарықтағы аюлы үрдіс сақталған», — деді.
Акция нарығы 2025 жылдың басынан бері алғаш рет мөлшерлеме төмендетілген қыркүйек айындағы ФРЖ отырысының хаттамаларының жариялануына әлсіз реакция көрсетті. Құжаттарда реттеуші орган ішінде ақша-несие саясатын қаншалықты жұмсарту керектігі жөнінде жан-жақты пікір сақталып отырғаны көрсетілген.
Wells Fargo Investment Institute сарапшысы Луис Альварадо Bloomberg агенттігіне: «Біз жыл соңына дейін мөлшерлемені тағы екі ширек пунктке, ал келесі жылы тағы екі төмендетуді күтеміз», — деді.
Үкімет жұмысының тоқтауы әзірге акция нарығына айтарлықтай әсер еткен жоқ. Бірақ ұзаққа созылса, АҚШ экономикасына залал келтіруі мүмкін және инвесторлардың көңіл күйіне кері әсер ету қаупін арттырады, дейді CNBC.
Шатдаун ресми статистиканың жариялануын да кешіктірді. Сондықтан Уолл-стрит әзірге пайыздық мөлшерлеменің төмендеуі мен экономиканың тұрақтылығы туралы оң болжамдарға қайшы келетін деректерді көріп отырған жоқ, деп жазады Barron’s.








