ЖИ-чиптерге сұраныс күрт артты — Nvidia басшысы

Жасанды интеллект модельдері қарапайым сұрақтарға жауап беруден күрделі ой қорыту деңгейіне өте бастағандықтан, ЖИ-чиптерге сұраныс күрт артты, деді 8 қазанда CNBC арнасында жетекші чипмейкер Nvidia компаниясының бас директоры Дженсен Хуанг.
Сәрсенбі күні компанияның акциясы 1,9% қымбаттады. Басқа чип өндірушілердің котировкасы да күрт өсті: AMD қағазы — 5,7%, Marvell Technology — 3%, ал Broadcom — 0,9% қосты.
Хуангтың айтуынша, ой қорыта алатын ЖИ-модельдер есептеу қуатын экспоненциалды түрде көп қажет етеді, бірақ ерекше нәтижелер көрсетіп жатқандықтан сұраныс та соңғы алты айда айтарлықтай нығайып келеді. «[Nvidia-ның ЖИ-чиптеріне] сұраныс шынымен де өте жоғары, — деді ол. — Біз ауқымды құрылыс пен жаңа өнеркәсіптік революцияның бастауында тұрмыз деп есептеймін», — деді Хуанг.
Сәрсенбі күні Bloomberg дереккөздерінің хабарлауынша, Илон Масктың xAI атты ЖИ-стартапы ағымдағы қаржыландыру раундын Nvidia инвестициясының арқасында $10 млрд-тан $20 млрд-қа дейін ұлғайтады. Grok чат-ботының әзірлеушісі мәміле аясында өзінің ең ірі Colossus 2 дата-орталығы үшін ЖИ-чиптер алады.
Өткен айда Nvidia компаниясы OpenAI жобасына $100 млрд инвестиция салатынын хабарлады. Жоба аясында қуаттылығы 10 гигаватт болатын есептеу инфрақұрылымын іске қосу көзделген. Бұл көлем 8 млн америкалық үй шаруашылығының жылдық энергия тұтынуымен немесе 2024 жылы Нью-Йорк қаласындағы жазғы сұраныстың шарықтау деңгейімен шамалас.
Хуангтың айтуынша, ЖИ индустриясына өсіп келе жатқан сұранысты жедел қанағаттандыру және тұтынушыларды электр энергиясы бағасының өсуінен қорғау үшін қолданыстағы желілерден тыс электр энергиясын өндірудің жеке көздерін дамыту қажет. Оның пікірінше, дата-орталықтар алдымен табиғи газ негізінде жұмыс істеуі тиіс, ал болашақта — ядролық энергияға да сүйенуі мүмкін. «Өз генерациясы бар дата-орталықтар электр желісіне тәуелділерге қарағанда әлдеқайда жылдам дамиды, сондықтан біз дәл осы бағытта жүруіміз керек», — деді Nvidia басшысы.








