S&P жаңа криптоиндекс іске қосады. Оның құрамына 35 компания мен 15 валюта кіреді

S&P 500 және Dow Jones Industrial Average индекстерін басқаратын S&P Dow Jones Indices компаниясы жаңа S&P Digital Markets 50 криптоиндексі жобасын іске қосатынын жариялады. Бұл жайында Barron’s жазды.
Индекс құрамына нарықтық капитализациясы $300 млн-нан асатын 15 негізгі криптовалюта және криптоиндустрия, блокчейн және онымен байланысты салаларда жұмыс істейтін, құны $100 млн-нан жоғары 35 компанияның акциясы енеді. Толық тізім әлі жарияланған жоқ.
S&P өкілдерінің айтуынша, индексте бір активтің салмағы 5%-дан аспайды. Құрамы әр тоқсан сайын қайта қаралып, теңгеріледі. Бұл басқа индекстерге де қолданылатын стандартты ережелермен жүзеге асады.
Индекс Dinari атты токенизацияланған құнды қағаздарға маманданған блокчейн-компаниямен серіктестікте жасалады. Dinari осы индекстің динамикасын бақылап отыратын арнайы инвестициялық токен шығарады. Токенизация — бұл акцияларды цифрлық форматқа ауыстырып, оларды дәстүрлі биржалар емес, блокчейн арқылы саудалау тәсілі. Индекс Dinari dShares платформасында жыл соңына дейін қолжетімді болады деп күтілуде.
Бұған дейін S&P көп активті индекстер жасаған, бірақ криптовалюта мен акцияны біріктірген алғашқы жоба осы болып отыр. S&P Dow Jones Indices өнім директоры Кэмерон Дринквотердің айтуынша, мұндай инвестициялық индексті дәстүрлі қаржы нарығында жүзеге асыру мүмкін болмағандықтан, токенизацияланған серіктес қажет болған.
Barron’s басылымы бұл жобаның инвесторлар арасында цифрлық активтерге әртараптандырылған қолжетімділікке деген сұранысқа жауап беретінін атап өтеді. Биыл криптовалюталар мен оларға қатысты компаниялар үшін сәтті жыл болды. Бұл – Дональд Трамп әкімшілігі тұсындағы жұмсарған реттеуші орта нәтижесі. Осы тренд аясында S&P мен Dinari сияқты компаниялар жеке және консервативті институционалдық инвесторлар үшін де тартымды болатын криптоөнімдер ұсынуға ұмтылуда.
«Криптовалюта мен жалпы цифрлық активтер индустриясы енді шеттегі құбылыс емес. Олар жаһандық нарықтағы тұрақты ойыншыға айналып келеді. Біздің мақсат – инвесторларға бұл сегментке кеңінен қатысу мүмкіндігін беру», – деді Дринквотер Barron’s-ке берген сұхбатында.








