Сарапшылар AppLovin бойынша болжамын жақсартты. Бұған жаңа жарнама құралы себеп пе?

Phillip Securities пен Morgan Stanley сарапшылары америкалық маркетингтік софт өндіруші AppLovin акцияларын сатып алуға кеңес берді. Уолл-стритте компанияның нарықты кеңейту әлеуеті бар деп есептейді, себебі ол жақында жаңа жарнамалық қосымшаны іске қоспақ. Бұл шешім электронды сауда мен ойыннан тыс сегменттердегі клиенттерге ойын ішіндегі жарнама платформасына қосылуға мүмкіндік береді. 29 қыркүйектегі саудада компания акциялары 6%-ға қымбаттады.
Егжей-тегжейі
Morgan Stanley сарапшысы Мэттью Костаның командасы 29 қыркүйекте AppLovin акцияларының мақсатты бағасын $480-нен $750-ге дейін көтерді, деп жазады Seeking Alpha. Жаңа көрсеткіш дүйсенбі күнгі жабылу бағасынан 5% жоғары. Инвестбанк акцияларға «Нарықтан жоғары» (Overweight) рейтингін сақтап қалды, бұл сатып алуға тең кеңес.
Сол күні Phillip Securities те AppLovin қағаздарына баға бере бастады. Олар мақсатты бағаны $725 деңгейінде белгілеп (жабылудан 1,8% жоғары), Accumulate рейтингін қойды. Бұл асықпай портфельге жинақтап алуға кеңес беретін баға.
Дүйсенбідегі саудада AppLovin акциялары 6,3%-ға өсіп, $712,4 болды. Жыл басынан бері олардың құны 119%-ға, ал сәуірдегі минимумнан бері 230%-ға қымбаттаған.
Сарапшыларды не қызықтырды?
AppLovin 1 қазанда ойыннан тыс жарнама берушілерге арналған өзін-өзі басқару құралы — Axon Ads Manager-ді іске қоспақ. Бұл электронды сауда және басқа да сегменттердің клиенттеріне платформаны қолдануға мүмкіндік береді. Әзірге қосылу тек шақыру арқылы жүзеге асады, ал 2026 жылдың бірінші жартысында барлық жарнама берушілер үшін ашылады. Сондай-ақ алғаш рет халықаралық клиенттер қосылады.
Morgan Stanley мұны мобильді жарнама бизнесі үшін маңызды серпін деп санайды. «Былтыр AppLovin ойыннан тыс жарнаманы сынақтан өткізгенде жаңа клиенттерді көбіне қолмен қосты. Бұл база тек 600–700 жарнама берушімен шектелді. Енді жаңа құрал клиенттер санын бірнеше есе арттыруға мүмкіндік береді», — делінген банк жазбасында.
Morgan Stanley сарапшылары сәтті іске қосу AppLovin-нің өнімін ойыннан тыс сегментте де кеңейте алатынын дәлелдейді деп отыр. Олар сондай-ақ 2025 жылдың төртінші тоқсанындағы акцияға шаққандағы пайда болжамын $2,37-ден $2,67-ге дейін көтерді. Phillip Securities-тің Investing.com келтірген болжамына сәйкес, 2025 жылы AppLovin табысы 55%-ға өседі. Сарапшылар компанияның Axon Ads Manager-ді іске қосуы және жасанды интеллектті интеграциялауы негізгі өсу бағыттарына жатады дейді.
Басқа сарапшылардың пікірі
Өткен аптада Piper Sandler AppLovin акцияларының мақсатты бағасын $500-ден $740-қа дейін көтеріп, «Нарықтан жоғары» рейтингін сақтады. UBS мақсатты бағаны $540-тан $810-ға дейін өсіріп, «сатып ал» деген кеңесін қайталады. UBS тіпті компания қағаздарын портфеліндегі басты активтердің бірі деп атап, акция бағасы $1000-ға дейін жетуі мүмкін деді. Jefferies те мақсатты бағаны $615-тен $760-қа көтеріп, сатып алуға кеңес берді.
MarketWatch дерегіне сай, AppLovin қағаздарын бақылайтын 30 сарапшының 24-і сатып алуға, төртеуі ұстауға, екеуі сатуға кеңес береді. Уолл-стриттегі орташа мақсатты баға — $601,3. Бұл ағымдағы құннан 15,5% төмен.








