Starbucks сатылымы екі жылда алғаш рет өсім көрсетті. Бірақ акциясы неге құлады?

Starbucks кофехана желісінің сатылымы екі жылда алғаш рет өсім тіркеді. Алайда, қаржылық нәтижелер әзірге екіұшты: пайдасы болжамнан төмен болды. Компания басшылығы өткен тоқсанды «бұрылыс сәті» деп атады, бірақ бизнестің қалпына келуі бірқалыпты жүрмейтінін ескертті.
Егжей-тегжейлі
Starbucks компаниясының тоқсандық салыстырмалы сатылымы екі жылда алғаш рет өсімге өтті. Компанияның хабарлауынша, 28 қыркүйекте аяқталған төртінші тоқсанда жаһандық салыстырмалы сатылым 1% өсті. Бұл өсімге шетелдік нарықтар әсер етті: халықаралық бөлімшелердегі сатылым 3% артқан, ал АҚШ нарығындағы көрсеткіш бұрынғы деңгейде қалған.
Нәтиже күткеннен әлдеқайда жақсы болды: Уолл-стрит сарапшылары жаһандық сатылымның 0,3%, ал АҚШ-та 0,9% төмендеуін болжаған еді, деп жазды CNBC. Компания табысы жылдық есеппен 5% өсіп, $9,6 млрд-қа жетті, бұл болжамнан ($9,35 млрд) жоғары көрсеткіш.
Сатылымның өскеніне қарамастан, Starbucks акциясы есеп жарияланғаннан кейін премаркетте шамамен 3% құлады. Бұған күткеннен төмен болған пайда көрсеткіші әсер етті. Түзетілген пайда бір акцияға шаққанда $0,52 құрады, ал сарапшылар $0,56 деп болжаған. Таза пайда $133 млн-ға немесе бір акцияға $0,1-ға дейін қысқарды, өткен жылы бұл көрсеткіш $909 млн немесе $0,8 болған еді.
Starbucks «қайта жүктеуді» қалай жүзеге асырмақ?
Starbucks жеті әлсіз тоқсан қатарынан кейін төмен сатылым тенденциясын өзгертуге тырысуда. Компания бұған күшейіп келе жатқан бәсекелестік пен жоғары бағадан, сондай-ақ шамадан тыс жүктелген кофеханалардан сақтанған тұтынушылар әсер еткенін мойындады, деп жазды MarketWatch. Қабылданған шаралар қатарында клиенттік тәжірибені жақсарту және әр тапсырысты дайындау уақытын төрт минуттан аз ету бар. Сонымен қатар, Starbucks маркетингтік стратегиясын қайта қарап, қысқа мерзімді акциядан бас тартып, назарды кофенің сапасына және инновацияларға, соның ішінде салқын көбік пен жоғары ақуыз мөлшеріндегі сусындарға аударды.
29 қазанда жарияланған тоқсандық есеп компанияның «қайта жүктеу» стратегиясы алғашқы нәтижелерін бере бастағанын көрсетті, деп жазды CNBC. Бас директор Брайан Николдың айтуынша, қыркүйектен бастап АҚШ-тағы кофеханаларда сатылым өсімі байқалған. Компания басшылығы өткен тоқсанды брендті жаңарту бағытындағы «бұрылыс сәті» деп атады. Алайда, келесі қаржы жылына арналған нақты болжам әлі жарияланған жоқ. Қаржы директоры Кэти Смит 2026 жылға арналған нақты көрсеткіштер мен ұзақмерзімді мақсаттар 2026 жылдың қаңтар айының соңында өтетін инвесторлар күні шарасында таныстырылатынын айтты. Сонымен бірге ол сарапшыларды шамадан тыс оптимизмге берілмеуге шақырды.
«Бұрылыс кезеңдерін болжау қиын. Біз АҚШ-тағы өз нүктелеріміздегі салыстырмалы сатылымдар жыл бойы өседі деп сенуге барлық негіз бар деп ойлаймыз, бірақ сонымен қатар қалпына келу әрдайым тура траекториямен жүре бермейтінін де түсінеміз», — деп келтірді Смиттің сөзін CNBC.








