Stifel S&P 500 индексі жылдың соңына дейін 12%-ға төмендейді деп болжады

Stifel инвестициялық компаниясының стратегы 2025 жылдың соңына дейін АҚШ-тың негізгі қор индекстерінің бірі – S&P 500 көрсеткіші 12 пайызға құлдырайды деп болжады. Ақ үйдің сауда саясаты қайта шиеленісе бастаған тұста сарапшы негізгі қауіптердің қатарында тұтынушылық сұраныстың баяулауы мен инфляцияны атады. Оның пікірінше, жылдың екінші жартысында АҚШ ЖІӨ өсімі бәсеңдеп, стагфляция қаупі арта түседі.
Егжей-тегжейі
S&P 500 индексі 2025 жылдың соңында 5500 пунктке дейін төмендейді деп болжайды Stifel компаниясының аға акциялар стратегы Барри Бэннистер. Бұл сценарийге сәйкес, индекс жылдың екінші жартысында қазіргі деңгейінен шамамен 12%-ға құлайды. Stifel сәуірдегі Трамп жариялаған ауқымды сауда тарифтерінен кейін болған күрт құлдырау қайталанады деп күтпейді, бірақ қазіргі нарықтың шамадан тыс оптимистік екенін ескертеді.
«Біз жыл басындағы жағдайдың жаңғырығын көріп тұрған шығармыз — қатты емес, бірақ сезілерлік. Бұл стагфляция сценарийіне жұмсақ қайту болуы мүмкін», — деді Бэннистер CNBC эфирінде.
Stifel стратегиясы Уолл-стрит сарапшылары индекске қатысты болжамдарын әлі де көтеріп жатқанын, бірақ мұны инерциямен, қауіптерді ескермей жасап отырғанын айтады. «Біз жылдың екінші жартысында бәсеңдеудің белгісін көріп отырмыз. Тұтыну белсенділігі әлсіреуі мүмкін деген сигналдар бар», — деді ол.
Мысал ретінде, Amazon-дағы Prime Day сатылымының әлсіз басталуы алаңдаушылық туғызды. Business Insider мәліметінше, алғашқы күнгі сұраныс өткен жылмен салыстырғанда 41%-ға төмен болған. Бұл АҚШ тұтынушыларына қаржылық қысым инвесторлар күткеннен де күштірек болғанын көрсетеді.
Тек тұтынушылар ғана емес, бизнестер де үнемдеуге көшкен. Сауда саясатының тұрақсыздығына байланысты компаниялар күрделі шығындарын қысқартады, бұл экономиканы одан әрі суытады. Көптеген сарапшылар ЖІӨ өсімі жылдың соңында баяулайды деп болжайды. Бұған инфляциялық қысым мен стагфляция белгілері қосылып отыр.
Stifel болжамынша, бұл жағдай S&P 500 индексіндегі компаниялардың пайдасына теріс әсер етеді, әсіресе нарықты ұстап тұрған ірі технологиялық компанияларға. Сонымен қатар, сарапшы базалық PCE индексі (азық-түлік пен энергия бағасын қоспағанда) жыл соңына дейін 3%-дан асып кетуі мүмкін деп болжайды. Бұл көрсеткіш мамырда 2,7% болды, ал ФРЖ-ның нысаналы деңгейі — 2%. Мұндай жағдайда Федрезерв пайыздық мөлшерлемені төмендете алмайды.
S&P 500 қазіргі ахуалы
9 шілдедегі сауда барысында S&P 500 индексі шамамен 1%-ға өсіп, 6269 пунктке жетті. 3 шілдеде индекс 6284,65 пунктпен тарихи рекорд орнатты. Бұл АҚШ-тағы еңбек нарығына қатысты оң деректердің арқасында инвесторлардың әлемдегі ең ірі экономиканың баяулауына қатысты алаңдаушылығын сейілтті. Трамптың тарифтері туралы хабардан кейін 20% құлдыраған индекс биыл қайта қалпына келіп, жыл басынан бері 6%-дан астам өсім көрсетті.
Басқа сарапшылар не дейді?
BofA стратегиясы Савита Субраманиан 2025 жылдың соңына қарай S&P 500 индексінің мақсатты деңгейін бұрынғы 5600 пункттен 6300-ге дейін көтерді. Бұл 8 шілдедегі жабылу бағасынан бар болғаны 1,2% өсімді білдіреді. Сарапшы үшінші тоқсанда индекс өсуін жалғастыратындай нақты себеп көрмейді. Оның айтуынша, соңғы экономикалық көрсеткіштер көңіл көншітпейді, ал технологиялық сектордағы табыс баяулай бастады.
Evercore ISI сарапшысы Джулиан Эмануэль инвесторларға «қауіпсіздік белдігін тағуға» кеңес берді. Ол 2025 жылдың бірінші жартысын «америкалық тауға» теңеді. «Алғашқы көтерілу жылдам және тұрақсыз болды, енді жоғары шегіне жеткенде нарық көңіл күйінің ауытқуына және күтпеген құлдырауға дайын болуы керек», — деді ол. Evercore болжамы бойынша, 2025 жылдың соңына қарай S&P 500 деңгейі 5600 пунктке дейін, яғни 10%-ға төмендеуі мүмкін.
Goldman Sachs болса, АҚШ акцияларына қатысты болжамын әлдеқайда оптимистік тұрғыда қалыптастырды. Банк үш ай ішінде S&P 500 индексі 6400 пунктке, ал жылдың соңына қарай 6600 пунктке дейін (тиісінше 3% және 6%) өседі деп күтеді. Мұндай көзқарасқа ФРЖ тарапынан жұмсарған саясат, облигациялар кірістілігінің төмендеуі, ірі компаниялардың нәтижелері және инвесторлардың қысқа мерзімді кіріс құлдырауына төзімділігі себеп болған. Дегенмен, банк екінші тоқсанның есеп беру маусымы аяқталған соң, болжамды қайта қарауға тура келуі мүмкін екенін де ескертті.








