Strategy жүзеге аспаған биткоинге салық төлемейді: Инвесторға маңызы жайлы

Биткоинның ең ірі корпоративтік ұстаушысы Strategy АҚШ-тағы баламалы ең төмен корпоративтік салыққа (CAMT) енді жатпайтынын мәлімдеді. Бұған Салық қызметі тиісті түсіндірме жариялағаннан кейін белгілі болды. Бұл компанияға жүзеге аспаған цифрлық активтерден салық төлемеуге мүмкіндік береді, деп түсіндірді компанияның негізін қалаушы Майкл Сейлор. Strategy 2026 жылдан бастап 15% CAMT төлейміз деп күткен. Жаңалық шыққаннан кейін Strategy акциялары 6%-ға қымбаттады.
Егжей-тегжейі
— Strategy АҚШ Қаржы министрлігі мен Салық қызметі (IRS) жариялаған түсіндірмелерден соң баламалы салыққа (Corporate Alternative Minimum Tax, CAMT) түсуді күтпейтінін хабарлады. Құжаттарда компаниялар баламалы ең төмен корпоративтік салық міндеттемесін есептегенде цифрлық активтер бойынша жүзеге аспаған пайда мен шығындарды есепке алмауына болатыны айтылған.
— «Кеше жарияланған Қаржы министрлігі мен IRS-тің уақытша түсіндірмелерінің арқасында Strategy биткоиннан түсетін жүзеге аспаған пайдаға байланысты баламалы ең төмен корпоративтік салық салынбайды деп күтеді», — деп жазды компания басшысы Майкл Сейлор X желісінде.
— Инвесторлар салықтан босату компания пайдасын арттырады деп санады: 1 қазан, сәрсенбі саудасында Strategy акциялары 6,3% өсіп, $342,5 болды.
Контекст
— Биыл биткоин бағасының өсуі аясында Strategy 2026 жылдан бастап пайдасының 15%-ы көлемінде CAMT төлеуді күткен. Бұл салық алғашқы салық жылына дейінгі үш жылдық кезеңде пайдасы $1 млрд-тан асатын компанияларға қолданылады, деп жазады Bloomberg.
— Strategy қаңтарда жаңа бухгалтерлік стандарттарға сай биткоиндарын есепте нарықтық құнмен көрсетуге көшті. Соның нәтижесінде 30 маусымдағы жағдай бойынша компанияның биткоиннан жүзеге аспаған өсімі $8,1 млрд болды. Компания балансында жалпы шамамен $74,6 млрд көлемінде биткоин бар.
— Сейлордың бизнес-моделі — қарыз облигациялары мен акциялар шығарып, түскен қаражатқа биткоин сатып алу, нарық бұл үшін премия бергенше күту және циклді қайталау. 2020 жылдан бері компания корпоративтік софт шығарудан криптовалюта жинауға ауысқалы, оның акциялары болашақ пайдаға емес, mNAV мультипликаторы (market-adjusted Net Asset Value — нарыққа бейімделген таза актив құны) бойынша бағалана бастады. mNAV биткоин резервінің баланстық құнына қатысты акциялардың қандай деңгейде саудаланатынын көрсетеді. Биткоин арзандағанда mNAV қысқарады.
— Компания сайтында жарияланған деректерге сәйкес, биткоиннің қазіргі бағасында Strategy-дің mNAV көрсеткіші 1,49. Бұл компания акциялары оның иелігіндегі токендердің әділ құнынан шамамен 49% жоғары бағамен саудаланып жатқанын білдіреді.








