Таңертеңгі жаңалықтар: нарық өсуде, Circle IPO-ға дайын, Apple ойын нарығына үмітті

АҚШ-тың ЕО-дан келетін импортқа 50% тариф енгізуін шілденің 9-ына дейін кейінге қалдыруы инвесторлардың үмітін оятып, АҚШ акцияларының фьючерстері мен Азия нарықтарының өсуіне себеп болды. Осы жағдай аясында стейблкоин шығарушы Circle технологиялық сектор үшін сирек кездесетін IPO-ға дайындалып жатыр: акциялардың негізгі бөлігі компанияның өзінен емес, инвесторлардан сатылады. Сонымен қатар, Apple Game Center-дің сәтсіздігін түзетіп, жаңа ойын қосымшасын іске қосу арқылы ойын стратегиясын жаңартуға тырысуда. Осы және басқа да маңызды жаңалықтар — 28 мамыр таңындағы шолуда.
Трамп ЕО-мен келіссөздерде ілгерілеу барын айтады, бірақ тарифпен қорқытуда
АҚШ президенті Дональд Трамп Еуроодақпен сауда келіссөздеріндегі «оң өзгерістерді» атап өтіп, ЕО-дан келетін тауарларға 50% тариф енгізуді 9 шілдеге дейін кейінге қалдырған соң, бұл келіссөздер қайта қарқын алғанын мәлімдеді.
Truth Social-да ол: «ЕО шұғыл кездесу күндерін белгілеу үшін қоңырау шалды деген ақпарат алдым. Бұл – әрине жақсылықтың нышан. Олар, АҚШ пен Қытай арасында орын алған жағдай тәрізді Еуропа елдерін АҚШ-пен еркін саудаға ашады деп үміттенемін», – деп жазды (мәтін авторлық күйінде берілді).
Алайда Трамп ЕО-ны Ақ үймен келіссөздер жүргізуді ұзаққа созып келеді деп сынады. АҚШ-тың ірі сауда серіктестерінің біріне қатысты тарифтік қысым нарықтарды елең еткізді. 23 мамыр күні Трамп келіссөздер «тұралап қалды» деген еді. Алайда 27 мамырда нарықтар келіссөздерге деген үмітпен жанданды. Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен ЕО-ның келіссөздерде тез әрі нақты әрекет етуге дайын екенін X-те жазса, ЕО-ның сауда комиссары Марош Шефчович АҚШ сауда министрі Ховард Латникпен «жақсы әңгіме» өткізгенін мәлімдеді.
Stoxx 600 индексы Трамптың мәлімдемесінен кейін 0,33%-ға өсті. Ал АҚШ-та 27 мамыр күні нарық күрт қымбаттады: S&P 500 — 2%, Nasdaq Composite — 2,5%-ға өсті.
Circle ерекше форматтағы IPO-ға шығады
CNBC мәліметінше стейблкоин шығаратын Circle АҚШ-та IPO өткізуі мүмкін алғашқы ірі криптокомпаниялардың бірі болмақ. Ерекшелігі — IPO кезінде акциялардың негізгі бөлігін компания емес, инвесторлар сатады.
Жаңартылған проспектке сәйкес Circle 6 млрд долларлық бағалаумен шамамен 624 млн доллар тартуды жоспарлап отыр. Компания 9,6 млн жаңа акция шығарса, инвесторлар 14,4 млн акция сатады — яғни, акциялардың 60%-ы жеке инвесторлар тарапынан ұсынылады.
Бұл технологиялық IPO-да сирек кездесетін жағдай, дейді CNBC. Мысалы, Facebook-тің 2012 жылғы IPO-сында инвесторлар тек 57% акция сатқан.
Компания бұл шешімнің себебін түсіндірмеді. Алайда Circle қаржылық тұрғыдан тұрақты: соңғы тоқсандағы таза табысы — 64,8 млн доллар, ал шоттарында 850 млн доллардай қолма-қол ақша немесе баламасы бар. IPO-дан шамамен 240 млн доллар тартпақшы (акция бағасы 24–26 доллар аралығында).
CNBC сарапшыларының айтуынша мұндай шешімге венчурлық қорлардағы өтімділіктің тапшылығы себеп болуы мүмкін. 2021 жылғы нарықтың шарықтауынан кейінгі инфляция мен пайыздық мөлшерлемелердің өсуі тәуекелді активтерге деген қызығушылықты төмендетіп, IPO-лардың тоқтауына себеп болды. Бұл жағдай стартаптарды жеке сектордан төмен бағамен қаржы іздеуге мәжбүр етті. «Жеке инвесторлар салымшыларға ақша қайтару үшін активтерін сатуға мәжбүр», — дейді Class V Group негізін қалаушысы Лайз Байер.
23andMe Nasdaq биржасынан өз еркімен кетеді
23andMe компаниясы Nasdaq биржасынан ерікті түрде кететінін және АҚШ ҚҚК-дегі (SEC) тіркеуін қайтарып алатынын хабарлады.
Бұл шешім Regeneron Pharmaceuticals компаниясының 23andMe-нің «барлық дерлік» активтерін 256 млн долларға сатып алатыны жайлы мәлімдемесінен кейін қабылданды. Наурызда компания АҚШ-тың банкроттық туралы кодексінің 11-тарауына сәйкес қорғау сұрап, аукцион жариялаған еді.
23andMe 6 маусымда SEC-ке Form 25 құжатын тапсырып, биржадан ресми түрде шығатынын айтты. Nasdaq бұл процесті наурызда бастауы тиіс еді, алайда құжат тапсырылмаған соң, компания бұл қадамды өзі жасамақшы.
Компания тұтынушыларға арналған ДНҚ тестілеу жинақтарымен танымал болды. 2021 жылы SPAC арқылы биржаға шыққанда 6 млрд долларға бағаланған еді. Алайда тұрақты табыс моделі мен ғылыми бағыттардың дамымай қалуы бизнеске кері әсер етті.
Apple Game Center орнына жаңа ойын қосымшасын таныстырады
Apple өз құрылғыларына арналған жаңа ойын қосымшасын шығарады. Bloomberg мәліметінше, бұл қосымша iPhone, iPad, Mac және Apple TV-де алдын ала орнатылатын болады. Қосымша ойындарды іске қосу, жетістіктер, көшбасшылар кестесі, байланыс және басқа да функцияларды біріктіріп, бір орталыққа айналады. Бұл Apple-дың ойын нарығындағы позициясын күшейтуге бағытталған.
Nintendo Switch 2 консолін шығарайын деп жатқан тұста, Apple 9 маусымда өтетін WWDC конференциясында жаңа ойын өнімін таныстырмақ. Жаңа қосымшада Apple ойындарына шолу жасайтын редакциялық материалдар, App Store ішіндегі ойын бөлімі және Apple Arcade ($6,99/ай) қызметіне қолжетімділік болады. Game Center 2010 жылы іске қосылғанымен, кең танымалдылыққа ие болмаған еді.
Сондай-ақ, Apple Mac-қа арналған, App Store-дан тыс жүктелген ойындармен жұмыс істей алатын нұсқаны да әзірлеп жатыр. Компания бұл туралы түсініктеме бермеді.
Нарықтағы жағдай
Азия-Тынық мұхиты аймағының нарықтары сәрсенбі күні өсті. Бұған Трамптың ЕО-дан келетін тауарларға 50% тарифті кейінге қалдыруы түрткі болды.
Жапонияның Nikkei 225 индексі 1%-дан аса өсіп, кейін 0,3%-ға дейін баяулады. Topix 0,88%-ға көтерілді.
Оңтүстік Кореяның Kospi индексі шамамен 1,4%-ға, ал шағын компаниялар индексы Kosdaq 0,5%-ға өсті.
Австралияның S&P/ASX 200 индексі алғашында көтеріліп, кейін минусқа кетті.
Гонконгтың Hang Seng индексі шамамен 0,6%-ға төмендеді.
АҚШ фьючерстері негізінен бейтарап қалыпта қалды — инвесторлар Nvidia-ның есебін және ФРС-тың мамыр отырысының хаттамасын күтуде.
Сейсенбі күні барлық үш негізгі индекс өсім көрсетті:
Dow Jones – 740,58 пунктке (+1,78%) өсіп, 42 343,65 деңгейінде жабылды.
S&P 500 – 2,05%-ға көтеріліп, 5921,54-ке жетіп, төрт күндік құлдырауды тоқтатты.
Nasdaq Composite – 2,47%-ға өсіп, 19 199,16 болды. Tesla секілді техкомпаниялар айрықша жоғары өсім көрсетті.








