БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Таңғы шолу: Чиптерге баж салығы, SpaceX-тің бәсекелесі, Apple АҚШ-қа инвестициялады

Ангелина Клейменова

Ангелина Клейменова

Таңғы шолу: Чиптерге баж салығы, SpaceX-тің бәсекелесі, Apple АҚШ-қа инвестициялады

Apple америкалық компаниялар мен өндіріс орындарына өзінің тарихындағы ең үлкен инвестиция салатынын мәлімдеді. Илон Масктың SpaceX компаниясына бәсекелес ретінде $6,3 млрд-қа бағаланған Firefly Aerospace зымыран жасаушы компаниясы нарыққа шығып жатыр. Дональд Трамп чиптер импортына 100% баж салығын енгізетінін хабарлап, Ресей мұнайын сатып алғаны үшін Үндістан тауарларына тарифті 50%-ға дейін көтерді. Осы және өзге де оқиғалар — 7 тамыздағы таңғы шолуымызда.

Трамп жартылай өткізгіштерге 100% баж салығын енгізетінін мәлімдеді

Дональд Трамп жартылай өткізгіштер мен микрочиптер импортына 100% мөлшерлеме енгізетінін мәлімдеді. Алайда бұл баж салығы АҚШ-та жартылай өткізгіштер шығаруға уәде берген немесе ондағы өндірісті салып жатқан компанияларға қолданылмайтынын айтты.

Трамп бұл ережеден кімдер босатылады, яғни АҚШ-та қандай көлемде өндіріс болуы керек екенін нақтыламаған, дейді CNBC. Бұған дейін ол бұл баж келесі аптада күшіне енуі мүмкін деп ескерткен еді.

Nvidia акциялары мен TSMC депозитарлық қолхаттары постмаркетте бір сәтке 1,5% төмендеп, тез қалпына келді. Ал Intel акциялары 3%-дан аса күрт өсті.

Чиптерге баж салығы артады деген жаңалықтан кейін мұнай бағасы да қымбаттады, деп хабарлайды CNBC. Brent және WTI маркаларының фьючерстері 1%-дан аса өсті, кейін аздап төмендеп, шамамен 0,6% өсіммен қалды.

Трамп үнді тауарларына баж салығын еселеді

Дональд Трамп Ресей мұнайын сатып алғаны үшін Үндістанға қарсы шара ретінде үнді тауарларына баж салығын 50%-ға дейін көтерді. Бұл шешім АҚШ-тың негізгі азиялық серіктесімен қарым-қатынасын шиеленістіріп, Нью-Делидің наразылығын тудырды, деп хабарлайды Bloomberg.

Ақ үй таратқан мәліметке сәйкес, Трамп Үндістаннан келетін импортқа қосымша 25 пайыздық баж салығын енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Бұл салық бұған дейін жарияланған осындай тарифке қосылып, 21 күн ішінде күшіне енеді. Бұл уақыт тараптарға келіссөз жүргізуге мүмкіндік береді.

Үндістан үкіметі Ресей мұнайы елдің энергетикалық қауіпсіздігі үшін қажет екенін айтып, басқа елдер де бұл шикізатты сатып алып жатқанын ескере отырып, Трамптың таңдамалы әрекетін айыптады. Үндістанның Сыртқы істер министрлігі ұлттық мүддені қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтынын мәлімдеді.

7 тамыздағы саудада үнді нарығы төмендеді: Nifty 50 индексі 0,6%-ға азайды.

SpaceX бәсекелісі биржаға $6,3 миллиардпен шығады

Техастық зымыран жасау компаниясы Firefly Aerospace IPO аясында акция бағасын сәрсенбі күні бір данаға $45 деп белгіледі, бұл алдын ала күтілген диапазоннан жоғары, деп хабарлайды CNBC. Компания Nasdaq биржасында бейсенбі күні FLY тикерімен сауданы бастайды. Орналастыру нәтижесінде $868 млн қаржы тартылды, ал жалпы нарықтық бағасы шамамен $6,3 миллиардқа жетті.

Firefly алғашқы проспектіні шілде айында ұсынған болатын, ал осы аптада акция бағасының ауқымын $35–39-дан $41–43 аралығына дейін көтерді.

Инвесторлардың ғарыштық технологияларға қызығушылығы артып келеді — бұл салаға Илон Маск (SpaceX) пен Джефф Безос (Blue Origin) сынды миллиардерлер инвестиция салып отыр. Жыл басынан бері биржаға Voyager Technology және Karman Holdings атты ғарыш компаниялары шықты.

Apple америкалық компанияларға  $100 млрд инвестиция салмақ

Apple-дың бас директоры Тим Кук пен Дональд Трамп iPhone өндірушісі алдағы төрт жылда америкалық компаниялар мен жеткізушілерге қосымша  $100 млрд инвестиция салатынын мәлімдеді. Компания бұл инвестициялар шетелдік фирмаларды америкалық қосалқы бөлшектерді көбірек сатып алуға ынталандырады деп отыр. Бұл міндеттеме ақпанда жарияланған $500 млрд-тық жоспарды толықтырады.

«Бұл — Apple тарихындағы ең үлкен инвестиция, тек АҚШ-та ғана емес, әлем бойынша, — деді Трамп. — Бұрын Apple басқа мемлекеттерге аздап инвестиция салып келді, нақты қай елдер екенін айтпай-ақ қояйын, бірақ енді олар өз елдеріне оралды».

6 тамыздағы басты саудада бұл жаңалықтан кейін Apple акциялары бірден 6%-ға жуық күрт өсті.

Laffer Tengler Investments инвестициялық компаниясының басшысы Нэнси Тенглер Reuters агенттігіне берген пікірінде Apple мәлімдемесін «iPhone өндірісін АҚШ-қа көшіру туралы президенттің талабына жауап ретінде жасалған ақылды қадам» деп атады. Оның айтуынша, акциялардың күрт өсуі — бұл бір жағынан жеңілдікпен келген ралли: «Бұған дейін Трамптың сынына үнсіз қалған Тим Кук енді оған бітім ұсынғандай болды».

Нарықтың ахуалы

— Жапонияның Topix кең индексі 0,6% өсті, ал Nikkei 225 индексі 0,5% қосты.

— Оңтүстік Кореяда Kospi индексі 0,7% көтерілді, ал шағын компаниялар индексі Kosdaq алдыңғы жабылу деңгейіне жақын саудаланды.

— Аустралияның S&P/ASX 200 индексі 0,1%-ға азайды.

— S&P 500 және Nasdaq 100 фьючерстері шамамен 0,2% өсті, ал Dow Jones Industrial Average индексінің фьючерстері өзгеріссіз қалды.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары