БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Таңғы шолу: OpenAI-дан ІІ-браузер, Трамп мысқа баж салмақ, Nvidia $4 трлн-ға жетті

Ангелина Клейменова

Ангелина Клейменова

Таңғы шолу: OpenAI-дан ІІ-браузер, Трамп мысқа баж салмақ, Nvidia $4 трлн-ға жетті

АҚШ президенті Дональд Трамп мыс импортына 50 пайыздық баж салығын 1 тамыздан бастап енгізетінін айтты. OpenAI жасанды интеллектпен жұмыс істейтін браузерді іске қосуға жақын. Бұл өнім Alphabet компаниясының нарықтағы көшбасшысы Google Chrome-мен бәсекеге түспек. Nvidia қысқа уақыт ішінде $4 трлн капитализациясы бар компаниялар клубына енді. Осы және өзге де тақырыптар туралы 10 шілде таңындағы негізгі жаңалықтарға шолудан оқи отырыңыздар.

OpenAI ІІ-браузерін іске қосқалы жатыр

OpenAI жасанды интеллектке негізделген браузерді іске қосуға жақын, деп хабарлады Reuters агенттігіне үш сенімді дереккөз. Жаңа өнім алдағы бірнеше аптада жарық көреді деп күтілуде. Дереккөздердің айтуынша бұл браузер пайдаланушылардың интернетпен әрекеттесу тәсілін түбегейлі өзгертуді көздейді әрі OpenAI-дың желідегі мінез-құлық туралы деректерді жинау стратегиясының бір бөлігіне айналады.

Егер бұл браузер ChatGPT-дің аптасына 500 миллион қолданушысының тек бір бөлігіне ғана ұнаса, бұл Google-дің іргелі бизнес-моделіне үлкен қысым түсіруі мүмкін. Chrome браузері — Alphabet табысының үштен екісінен көбін қамтамасыз ететін жарнама бағытының негізгі құралы. Ол пайдаланушылар туралы мәліметтерді жинап, дәл жарнама көрсетуге көмектеседі және Google іздеу жүйесіне трафикті бағыттайды.

Reuters-тің екі дереккөзі OpenAI браузері кіріктірілген ChatGPT-ге ұқсас чат-интерфейспен жабдықталады дейді. Бұл пайдаланушылардың белгілі бір әрекеттерін үшінші тарап сайттарына өтпей-ақ, браузер ішінде жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Трамп мысқа баж салығын 1 тамыздан бастап енгізетінін растады

АҚШ президенті Дональд Трамп мыс импортына 50 пайыздық баж салығы 1 тамыздан бастап күшіне енетінін мәлімдеді, деп хабарлайды CNBC. Truth Social платформасында жарияланған жазбасында ол бұл шешім «ұлттық қауіпсіздікке төнген қатерді жан-жақты бағалағаннан кейін» қабылданғанын атап өтті.

Трамптың айтуынша, мыс — жартылай өткізгіштер, ұшақтар, кемелер, оқ-дәрі, деректер орталықтары, литий-ионды батареялар, радарлар, зымыранға қарсы жүйелер мен гипердыбыстық қару өндірісінде қажет маңызды шикізат. Мыс — АҚШ Қорғаныс министрлігі қолданатын маңыздылығы жөнінен екінші металл.

Президенттің мәлімдемесінен кейін мыстың бағасы 2,62%-ға өсті. Бұл — алдыңғы сессиядағы 13,12%-дық секірістен кейінгі жалғасқан өсім. Ол өсім 1989 жылдан бергі ең ірі біркүндік өсім болды.

Алайда, Сингапур уақытымен таңғы 9:20-да Лондон металл биржасындағы үш айлық мыс фьючерстері 1,63%-ға төмендеді. Бұл АҚШ пен басқа елдер арасындағы баға айырмашылығының айтарлықтай кең екенін көрсетеді. Benchmark Mineral Intelligence дерегінше тамызға қарай АҚШ-тағы тұтынушылар мыс үшін шамамен $15 000 төлейтін болады, ал өзге елдерде баға $10 000 шамасында қалмақ.

Nvidia әлемде алғаш болып $4 трлн капитализацияға жетті

9 шілдедегі сауда сессиясында Nvidia-ның нарықтық құны алғаш рет $4 трлн-ға жетті. Жоғары өнімді ІІ-чиптер өндірушісі бұл межені бағындырған әлемдегі алғашқы жария компания болды. Алайда кейінірек компания акцияларының өсу қарқыны бәсеңдеді.

Mahoney Asset Management президенті Кен Махонидің пікірінше келесі маңызды фактор — компанияның алдағы табыс есебі болмақ. «Компания үнемі болжамнан асып түсіп, қайта қарайды. Көрейік, бұл жолы да солай бола ма», — деді ол Bloomberg-ке. Оның айтуынша Nvidia акциялары қазіргі таңда асыра бағаланбаған және олардың өсу әлеуеті бар.

Биткоин мамырдан бері алғаш рет жаңа рекорд орнатты

9 шілдеде Nvidia-ның жетекшілігімен технологиялық акциялар раллиге шыққан кезде биткоин да жаңа рекорд орнатып, оның бағасы қысқа уақытқа $112 052-ге жетті. 2025 жылдың басынан бері бұл ең криптовалютаның шамамен 20%-ға қымбаттауы. Алдыңғы рекорд 22 мамырда орнаған.

«Қазіргі жағдай — 22 мамырдағы максимумды қайта сынау сияқты көрінеді. Сол кезде сату басталған еді», — деді MarketWatch басылымына Ledn криптонесиелеу платформасының инвестициялық директоры, Barclays Investment Bank-тің бұрынғы директоры Джон Гловер. Кейбір инвесторлар пайдасын бекітіп үлгерген, ал Trump Media және GameStop сынды компаниялар өздерінің қоржындарына биткоин сатып алуды жоспарлап отыр.

Maple криптоинвесткомпаниясының басшысы Сид Пауэллдің пікірінше биткоиннің болашақтағы бағыты макроэкономикалық жағдай мен сауда келіссөздерінің нәтижесіне байланысты болмақ. Егер 1 тамызға дейін нақты ілгерілеу болмаса, бұл криптовалютаға қысым түсіреді. Келіссөздердегі прогресс пен инфляцияның баяулауы, керісінше, бағаны қолдауы мүмкін.

Жапонияның 20 жылдық облигациялары аукционы бюджет тапшылығы мен сайлау алдындағы алаңдаушылық аясында өтеді

10 шілдеге жоспарланған Жапонияның 20 жылдық мемлекеттік облигацияларын орналастыру аукционы елдегі сайлауалды кезең мен фискалдық шығындар ұлғая ма деген алаңдаушылықпен қатар өтіп жатыр, деп хабарлайды Bloomberg.

Бұл — апта ішіндегі негізгі борыштық нарықтардағы бірқатар орналастырулардың бірі. Ұзақмерзімді облигациялар бойынша кірістіліктің артуы инвесторлардың бюджет тапшылығының кеңеюіне алаңдаулы екенін көрсетеді. Токиода таңертеңгі саудада 10, 20 және 30 жылдық облигациялар кірістілігі сәл төмендегенімен, олар жақында орнаған максимумдарға жақын қалуда.

«Ірі жапондық институционалдық инвесторлар — банктер мен сақтандыру компаниялары — бұл аукционға белсенді қатыса қоймайды», — деді Токио қаласындағы AXA Investment Managers Japan Ltd. компаниясының аға сарапшысы Рютаро Кимура. Оның айтуынша инвесторлар 20 шілдедегі сайлаудың нәтижесін күтіп отыр, содан кейін ғана бюджет саясатына ықпалын бағаламақ.

Жасанды интеллект жаппай қысқартулар аясында Microsoft-қа жүздеген миллион үнемдеуге көмектесті

Microsoft-тың коммерциялық директоры Джадсон Алтофф Bloomberg-ке берген сұхбатында жасанды интеллект құралдары сатылым, тұтынушыларды қолдау және бағдарлама жасау бөлімдерінде өнімділікті арттырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша тек колл-орталықтарда ІІ қолдану арқылы өткен жылы Microsoft $500 млн-нан астам қаражат үнемдеген.

Бұл мәлімдеме компания 9000-нан астам қызметкерді қысқартқаннан бір апта кейін жасалды. 2025 жылы бұл — үшінші қысқарту толқыны. Жалпы қысқартылғандардың саны 15 000-ға жақындады. Дегенмен, ІІ қысқартылған қызметкерлерді тікелей алмастырды ма, әлде бұл — пандемиядан кейінгі штат «қалыптануы» ма — нақты белгісіз.

Жағдайды Xbox Game Studios продюсері Мэтт Тернбуллдың LinkedIn желісіндегі жазбасы ушықтырды. Ол қысқартулардан кейін «артық жүктеме» сезінген қызметкерлер ChatGPT және Copilot секілді ІІ құралдарын пайдалана отырып, жұмыстан айырылудан туындаған когнитивті қысымды жеңілдете алады деп болжаған. Кейін бұл жазба өшірілді.

Нарықтағы жағдай

Азия-Тынық мұхиты аймағының қор нарықтары жаңа сауда күнін әртүрлі бағытта бастады:

— Жапонияның Nikkei 225 индексі сауда ашылған сәтте 0,45%-ға, ал Topix индексі 0,54%-ға төмендеді.

— Оңтүстік Кореяның Kospi индексі 1,23%-ға, шағын капиталды Kosdaq индексі 0,44%-ға өсті.

— Австралияның S&P/ASX 200 индексі 0,72%-ға көтерілді.

Nasdaq Composite сияқты АҚШ қор индекстеріне арналған фьючерстер, кешегі рекордтан кейін, 0,3% шегінде төмендеуде.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары