Таңғы шолу: биткоин әлсіреп, мұнай арзандауда

Биткоинның капитализациясы қазан айындағы шегіне жеткеннен кейін шамамен $600 млрд-қа қысқарды. Бұған нарықтағы көңіл күйдің құлдырауы мен криптоциклдерге деген сенімнің әлсіреуі әсер етсе керек. Жапония криптовалюталарды жаңа реттеу ережелеріне дайындап, салықты төмендетуге ниетті. Осы және басқа да жаңалықтар 17 қараша таңындағы негізгі оқиғалар шолуында.
Биткоин капитализациясы $600 млрд жоғалтты
Қазанда $126 000 деңгейінен жоғары тарихи максимумға жеткеннен кейін биткоин бағасы күрт төмендеп, 2025 жылғы бүкіл өсімді жойды, деп хабарлайды Bloomberg. Институционалдық инвестициялар ағыны мен ETF-терге рекордтық салымдарға және Дональд Трамп әкімшілігінің криптовалюталарға тиімді саясатына қарамастан, биткоинның нарықтық капитализациясы шамамен $600 млрд-қа азайды.
Нарық қатысушыларының айқын триггерсіз сенімді тез жоғалтып отырғаны бақалуда. Жеке инвесторлар спекулятивті активтерден шаршаған сыңайлы. Сауда шиеленісінің күшеюі артық кредиттік иықпен жұмыс істейтін нарықта жаппай сатылымдарға әкелді, тіпті ұзақмерзімді инвесторлардың біразы да пайдасын тіркеуге кірісті.
Аналитиктер бұрынғы халвингтен кейінгі төртжылдық цикл енді баға динамикасын түсіндіре алмайтынын айтуда. Биткоин барған сайын макроактивке айналып, өтімділікке, доллар бағамына және саяси жаңалықтарға аса сезімтал бола бастады. Тәуекелді активтердің сатылуы және жаңа спекулятивтік тақырыптардың (ЖИ, стейблкоиндер, болжамдар нарығы) күшеюі аясында трейдерлердің көңіл күйі әлсіз болуда. Сұраныс төмендеп, альткоиндер қатты арзандап жатыр, ал ірі криптокомпанияларға деген сенім премиясы жоғалып барады.
Новороссийск портының жұмысын қалпына келтіру мұнай бағасын төмендетті
Өткен аптадағы украиндық соққыдан зақымданып, уақытша тоқтап қалған Қара теңіздегі Новороссийск портының жұмысы қайта жанданғаны туралы хабарламалардан кейін мұнай бағасы төмендеді, деп жазады Bloomberg. Brent бағасы барреліне $64-тен төмендеді, WTI — $59 деңгейіне түсті. Жексенбі күні екі танкер терминалдарға тоқтағаны, ал Reuters жүктеудің қайта басталғанын хабарлаған соң, нарық бұл жаңалықты бұдан да ұзақ кідіріс күткен инвесторлар үшін «аюлы» белгі ретінде қабылдады.
Новороссийскке жасалған соққы мен Иранның Ормуз бұғазы маңында танкерді басып алуынан туындаған геосаяси премия жаһандық профицит қаупі аясында әлсірей бастады. ОПЕК+ және тәуелсіз өндірушілер өндірісті арттыруда, ал Қытай мен Үндістан АҚШ-тың Ресей энергетикасына қарсы санкцияларына байланысты сұранысты орташа деңгейде ғана ұстап тұр. Сонымен бірге, мұнай өңдеу маржасы өсіп келеді: Ресейдегі инфрақұрылым жиі шабуылға ұшырауда, Азия мен Африкада апатты оқиғалар тіркелуде, Еуропа мен АҚШ-тағы бірнеше МӨЗ біржола жабылған — бұл жанармай ұсынысын қысқартып отыр.
Жапония криптовалюталарға қатысты жаңа ережелер дайындауда
Жапонияның Қаржылық қызметтер агенттігі (FSA) криптовалюталарды инсайдерлік сауда нормалары қолданылатын қаржылық өнімдерге теңестіретін және биржаларды құбылмалылық тәуекелдерін ашуға міндеттейтін жаңа ережелерді қарастыруда, деп жазады Yahoo Finance Asahi-ге сілтеме жасап. Реттеу 105 криптоактивті, соның ішінде биткоин мен эфириумды қамтиды, ал банктер мен сақтандыру компаниялары өздерінің брокерлік еншілес ұйымдары арқылы клиенттерге криптовалюталар ұсына алады.
Сондай-ақ криптооперациялардан түсетін табыс салығын акциялармен жасалатын мәмілелерге тең 20% деңгейіне дейін төмендету жоспарлануда (қазіргі 55%-ға дейінгі мөлшерден). FSA қажетті түзетулерді келесі парламенттік сессияда ұсынбақ.
Жапонияның екі ірі ЖИ-стартапы $230 млн инвестиция тартты
Жапониялық Turing және Sakana AI стартаптары 35 млрд иеннен астам қаржы ($230 млн) жинады — бұл жергілікті ЖИ саласына инвесторлардың қызығушылығының өскенін көрсетеді, деп хабарлайды Bloomberg.
Turing, толық автономды басқару жүйесін жасап, Denso-мен серіктестік орнатқан компания, 15,3 млрд иен тартып, бағасын төрт есеге жуық арттырды — $388 млн-ға дейін.
Sakana AI, қаржы секторымен тығыз жұмыс істейтін стартап, MUFG және халықаралық инвестқорлардан 20 млрд иен тартып, $2,6 млрд бағалауға қол жеткізді. Агенттіктің мәліметінше бұл мәмілелер Токио биржасының ерте IPO-ларды шектеу және нарық консолидациясын ынталандыру әрекеттері аясында орын алып отыр.
Turing Tesla және Wayve сияқты жаһандық бәсекелестерді нейрожелілік автономды жүргізу тәсілінің көмегімен басып озуды көздейді және 2029 жылға қарай толық автономды жүйені шығаруды жоспарлап отыр. Стартап Nvidia-пен серіктесіп, автоөндірушілермен технологияны ауқымдандыру туралы келіссөздер жүргізуде. Sakana AI ЖИ-инфрақұрылымға капиталдың рекордтық ағынын атап өтсе де, оның біркелкі бөлінбеуі мүмкін екенін ескертеді, бірақ жұмыс күші тапшы Жапония үшін технологиялардың артықшылығы айқын екенін баса айтады.
Нарықтағы ахуал
— Жапонияның кең Topix индексі 0,46% төмендеді. Nikkei 225 бенчмаркі — 0,22%-ға.
— Гонконгтың Hang Seng индексі 1,19%-ға, ал Қытайдың материктік CSI 300 индексі 1%-ға төмендеді.
— Оңтүстік Кореяда Kospi 1,83%-ға, Kosdaq 0,51%-ға өсті.
— Аустралияның S&P/ASX 200 индексі өзгеріссіз қалды.
— Nasdaq 100 фьючерстері 0,61%-ға, S&P 500 — 0,37%-ға өсті, Dow Jones Industrial Average дерлік өзгеріссіз қалды.








