Таңғы шолу: ФРЖ ЖИ-дәуіріне дайындалуда, AMD «тойымсыз» сұраныс жайлы мәлімдеді

Федералдық резерв жүйесі жасанды интеллекттің экономикаға әсері түбегейлі өзгерістер әкелуі мүмкін деп ескертті. Бұл еңбек нарығы мен ақша-несие саясатының тәсілін де қайта қарауға себеп болмақ. Ал AMD деректер орталықтарынан түсетін табысты алдағы бес жылда 60%-ға арттырмақ, осылайша ол Nvidia-мен бәсекесін күшейтіп, ЖИ нарығындағы орнын нығайтуда. 12 қараша таңындағы негізгі жаңалықтарды оқи отырыңздар.
ФРЖ: жасанды интеллект экономиканы және ақша-несие саясатын түбегейлі өзгерте алады
ФРЖ Басқарушылар кеңесінің мүшесі Майкл Баррдың айтуынша жасанды интеллект жаһандық экономиканы түбегейлі өзгертуге қауқарлы. Алайда бұл өзгерістердің еңбек нарығы мен бизнес-модельдерге қаншалықты әсер ететіні әзірге белгісіз, деп жазады Bloomberg.
Сингапурда өткен FinTech Festival барысында ол екі ықтимал сценарийді атады: біріншісі — ЖИ-дің біртіндеп енгізіліп, бар процестердің тиімділігін арттыруы; екіншісі — жұмыспен қамтудың және бос уақыт құрылымының түбегейлі трансформациясы. Баррдың айтуынша, ЖИ қазірдің өзінде еңбек нарығына әсер ете бастаған — Нью-Йорк ФРБ жүргізген сауалнамада компаниялар кадр қабылдау жоспарларын қысқартқаны байқалған.
Оның сөзінше деректер орталықтарына құйылып жатқан триллиондаған доллар болашақта өнімділікті арттырып, ұзақмерзімді экономикалық өсімнің негізін қалау мүмкіндігіне ие. Егер технологиялардың әсері айтарлықтай болса, ФРЖ ақша-несие саясатын жүргізу тәсілін де қайта қарауы ықтимал.
AMD деректер орталықтарындағы табысты 60%-ға арттыруды күтеді
AMD алдағы үш–бес жылда деректер орталықтарынан түсетін табысын 60%-ға өсіруді жоспарлап отыр: 2025 жылғы $16 млрд-тан 2030 жылға қарай $25 млрд-тан астам деңгейге дейін, деп хабарлайды Yahoo Finance.
Компанияның бас директоры Лиза Су ЖИ чиптеріне деген сұранысты «тойымсыз» деп сипаттап, ЖИ деректер орталықтарының нарығы $1 трлн-ға дейін ұлғаяды деп болжады. Бұл нарыққа серверлік процессорлар, графикалық чиптер және желілік жабдықтар кіреді.
AMD-дің өсуін ірі келісімдер қамтамасыз етпек: олардың қатарында OpenAI-мен 6 ГВт қуатқа арналған серіктестік және Oracle үшін 50 мың чип жеткізу келісімі бар, жеткізілім 2026 жылы басталады. Компания сондай-ақ MI450 және MI500 атты жаңа буын процессорларын әзірлеп жатыр.
Қаржы директоры Жан Ху алдағы бес жылда жалпы табыс 35%-ға өсіп, $46 млрд-қа жетеді деп күтеді. Операциялық маржа 35%-дан жоғары, ал жалпы табыстылық 55–58% аралығында болмақ. AMD серверлік процессорлар нарығындағы үлесін 40%-дан 50%-ға дейін арттыруды, сондай-ақ ДК мен ойын сегменттерінде 10%-дан астам өсімге қол жеткізуді көздейді.
Yahoo Finance-тың мәліметінше компания акциялары бір жылда 61%-ға, ал 2025 жылдың басынан бері екі есеге жуық өскен — бұл көрсеткіш Nvidia-ның нәтижесінен де жоғары.
Конгресс мүшелеріне акция саудасын тыйым салу талқылануда
АҚШ Конгресінде үкімет жұмысы қайта басталған соң, халық қалаулыларына акция саудасын шектеу туралы заң жобасы қаралмақ. Бұл туралы Флоридадан сайланған конгрессвумен Анна Полина Луна хабарлады, ол бастаманы «Америка үшін жеңіс» деп атады, деп жазады Yahoo Finance.
Мәселеге деген қызығушылық соңғы айларда артқан — себебі нарықтағы ауытқулар кезінде конгрессмендердің өздері белсенді сауда жасағаны туралы хабарламалар тараған.
Restore Trust in Congress Act деп аталатын құжат конгресс мүшелеріне, олардың жұбайларына, балалары мен сенімгер тұлғаларына жеке акциялар мен басқа да бағалы қағаздарға иелік етуге немесе сауда жасауға тыйым салуды ұсынады. Заң жобасының авторлары — республикашыл Чип Рой мен демократ Сет Магазинер. Қазір бастама комитет қарауында, бірақ дауыс беру мерзімі әзірге белгісіз. Өкілдер палатасының спикері Майк Джонсон бұл идеяны жеке өзі қолдайтынын, алайда оны басты басымдық деп санамайтынын айтты.
SoftBank Nvidia-дегі үлесін сатқаннан кейін акциялары 10%-ға төмендеді
SoftBank Group акциялары Nvidia-дегі барлық үлесін $5,8 млрд-қа сатқанын хабарлаған соң, 10%-ға дейін құлдырады. Кейін баға біршама қалпына келіп, төмендеу 2,3% шамасында қалды.
CNBC дерегінше, сату нәтижесінде түскен қаражаттың бір бөлігі — $22,5 млрд — OpenAI-ға, ChatGPT әзірлеушісіне бағытталады. Сондай-ақ SoftBank T-Mobile компаниясындағы үлесін азайтып, $9,17 млрд пайда тапты. Қаржы директоры Есимицу Гото мәміленің мақсаты — «қаржылық тұрақтылықты сақтау және инвесторларға жаңа мүмкіндіктер ұсыну» екенін айтты.
Аналитиктердің пікірінше, бұл қадам сақтықтың белгісі емес, керісінше, SoftBank-тың ИИ саласына деген қызығушылығының күшеюін көрсетеді. Компания 2017 жылы Nvidia-ға инвестиция салғанымен, 2019 жылы толық шыққан еді. Қазір SoftBank назары OpenAI мен Arm Holdings компанияларына ауып отыр — олардың чиптері мобильді және ИИ-процессорлардың негізін құрайды.
Бұл жаңалықтан кейін Advantest, Tokyo Electron, TSMC және SK Hynix сияқты азиялық технологиялық компаниялардың акциялары да арзандады.
Нарықтардағы ахуал
Жапония: Topix индексі — +0,8%, Nikkei 225 — +0,3%.
Гонконг: Hang Seng — +0,7%, ал Қытайдың CSI 300 индексі өзгеріссіз.
Оңтүстік Корея: Kospi — +1,1%, Kosdaq — +2,4%.
Австралия: S&P/ASX 200 — −0,2%.
АҚШ фьючерстері: S&P 500 — +0,3%, Nasdaq 100 — +0,6%, Dow Jones — +0,1%.








