Таңғы шолу: Масктың ІИ-жарысы, Nvidia-ға тыйым, OpenAI «проксиі» қысым астында қалды

Tesla акционерлері Илона Масктың $1 трлн көлеміндегі төлем пакетін мақұлдады. Ол компанияны жасанды интеллект пен робототехника алыбына айналдыруды уәде етті және «гигафабрикадан бірнеше есе ірі» чип зауытын салуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Сол уақытта жапондық SoftBank ЖИ-сектор акцияларының құлдырауы мен асыра бағаланғанына қатысты күмәндер салдарынан $50 млрд-тан астам капитализациясын жоғалтты.
7 қараша таңындағы басты экономикалық және технологиялық оқиғаларға шолу ұсынамыз.
Маск: Tesla ЖИ-чиптеріне арналған «алып зауыт» салады
Илон Масктың айтуынша Tesla автономды жүргізу мен жасанды интеллект жобалары үшін аса қажет процессорларды өз күшімен өндіретін ірі зауыт салуы мүмкін, деп хабарлайды Reuters.
Ол сондай-ақ Intel-мен ынтымақтастық орнату ықтималдығын да жоққа шығармады. Осы мәлімдемеден кейін Intel акциялары кеңейтілген саудада 4%-ға қымбаттады.
Tesla қазір AI5 деп аталатын бесінші буын чиптерін әзірлеуде. Оларды 2026 жылы шығарып, 2027 жылы жаппай өндіріске енгізу жоспарланып отыр. Масктың айтуынша TSMC мен Samsung секілді жеткізушілердің өндірістік қуаты жеткіліксіз.
Жаңа зауыт ай сайын 100 000 микросхемаға дейін өндіре алады және Nvidia шешімдерінен үш есе энергия үнемді, он есе арзан чиптер шығаруға мүмкіндік береді.
Tesla акционерлері Масктың рекордтық төлем пакетін қолдады
Маск бұл мәлімдемені Tesla акционерлерінің жыл сайынғы жиынында айтты. Сол жерде акционерлер Илон Маскқа арналған шамамен $1 трлн көлеміндегі марапаттау пакетін 75% дауыспен қолдады, деп жазады CNBC.
Пакет 12 транштан тұрады — Маск оларды Tesla нарықтық капитализациясын $2 трлн-нан $8,5 трлн-ға дейін өсіру және бірқатар операциялық мақсаттарға жету арқылы алады. Мақсаттардың қатарында 20 млн электромобиль жеткізу, жүргізушіге көмек жүйесінің 10 млн жазылушысы және 1 млн Optimus роботы бар.
Бұл пакеттің орындалуы Масктың компаниядағы үлесін 13%-дан 25%-ға дейін арттырады.
Акционерлер Маскты қолдады, бірақ «прокси-консультанттар» тарапынан сын аз болған жоқ. Құжаттарда оның саяси белсенділігіне шектеу қойылмаған, ал АҚШ Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросының бағалауынша Масктың кейбір мәлімдемелері Tesla сатуын елде 67–83%-ға дейін төмендеткен.
SoftBank ЖИ-нарығындағы сенімсіздік салдарынан $50 млрд жоғалтуы мүмкін
Жапондық SoftBank акциялары аптаның басынан бері 8%-дан астамға төмендеді — бұл шамамен $53 млрд нарықтық құн жоғалту деген сөз. Мұндай нәтиже 2020 жылғы наурыздан бергі ең нашар апта болуы ықтимал, деп хабарлайды CNBC.
Инвесторлар жасанды интеллектке байланысты компаниялардың шамадан тыс жоғары бағалануына алаңдап отыр. CNBC-нің жазуынша, SoftBank OpenAI-дің биржалық «проксиі» ретінде қарастырылады.
Құлдырау Азиядағы өзге технологиялық алыптарға да әсер етті: Advantest, Renesas, Tokyo Electron және TSMC акциялары арзандады.
АҚШ-тағы ЖИ-компаниялар да — Qualcomm, AMD, Palantir және Nvidia — қысымға ұшырады. CNBC-ге пікір білдірген сарапшылар бұл жағдайды дотком дәуіріндегі эйфориямен салыстырады, бірақ әзірге бұл «бағалаудан шаршау» кезеңі, нақты көпіршік емес дейді.
АҚШ Nvidia-ға Қытайға жаңа ЖИ-чиптер сатуға тыйым салды
The Information-ның дерегінше Ақ үй Nvidia-ға Қытайға жаңа B30A ЖИ-чиптерін сатуға тыйым салды.
Бұл процессорлар ірі тілдік модельдерді оқытуға қабілетті және компанияның қытайлық серіктестері оларды сынақтан өткізіп үлгерген.
Бұған дейін Nvidia өзінің Қытай деректер орталықтарындағы үлесі нөлге тең екенін және бұл нарық оның болжамдарына кірмейтінін айтқан болатын.
Компания чип дизайнын өзгертіп, шектеулерді айналып өтпек болғанымен, Пекин де қарсы шаралар қабылдады: мемлекет қаржыландыратын деректер орталықтарына тек жергілікті микросхемаларды пайдалануды бұйырды, ал шетелдік үлгілерді жойып, ауыстыруды талап етті.
Бұл шешім Nvidia-ның әлемдегі ең ірі ІИ-нарықтарының біріне қолжетімділігін іс жүзінде жауып тастайды, деп жазады басылым.
Gunvor «Лукойл» активтерін сатып алу ұсынысын қайтарып алды
Әлемдегі ірі шикізат трейдерлерінің бірі Gunvor Group АҚШ санкциясына ілінген ресейлік «Лукойлдың» шетелдік активтерін сатып алу ниетінен бас тартты, деп хабарлайды Bloomberg.
Бұл шешім АҚШ Қаржы министрлігі X желісінде Gunvor-ды «Кремльдің марионеткасы» деп атағаннан кейін қабылданды. Ведомство сондай-ақ компанияға ешқашан лицензия берілмейтінін мәлімдеген.
Gunvor бұл пікірді «негізсіз әрі жалған» деп атап, «айқын түсінбеушілікті» жоюға ниетті екенін білдірді, бірақ қазіргі таңда өтінімін ресми түрде қайтарып алды.
Нарықтағы жағдай
Жапондық Topix индексі 0,8%-ға, Nikkei 225 — 1,6%-ға төмендеді.
Гонконгтың Hang Seng индексі 1,1%-ға, Қытайдың CSI 300 — 0,2%-ға азайды.
Оңтүстік Кореяда Kospi 1,9%-ға, Kosdaq — 2,3%-ға құлдырады.
Австралиялық S&P/ASX 200 0,7%-ға төмендеді.
Ал АҚШ-та S&P 500 мен Dow Jones Industrial Average фьючерстері 0,2%-ға, Nasdaq Composite келісімшарттары 0,3%-ға өсті.








