Tesla инвесторлары Маскқа $1 трлн болатын рекордтық сыйақыны мақұлдады

Tesla инвесторлары 6 қараша күні компания бас директоры Илон Маскқа ұсынылған рекордтық сыйақы пакетін қолдады, деп хабарлайды Barron's. Бұл ұсынысты 75%-тен астам акционер қолдаған.
Tesla акциялары Нью-Йорк биржасындағы кеңейтілген саудада 1,8%-ға өсті. Ал сол күнгі негізгі сауда барысында, технологиялық акциялар жаппай арзандаған тұста, 3,5%-ға төмендеген еді.
Маск үшін әзірленген бұл сыйақы жоспары он жыл ішінде оның Tesla-дағы үлесін шамамен 15%-дан 25%-ға дейін арттыруды көздейді. Бұл үлес теориялық тұрғыда $1 трлн-ға жетуі мүмкін. Ол үшін Маск бірқатар батыл мақсаттарға қол жеткізуі керек. Солардың бірі — Optimus атты адамға ұқсас бір миллион робот сату және компанияның нарықтық құнын $1,5 трлн-нан $8,5 трлн-ға дейін өсіру.
Бұл ірі көлемдегі ынталандыру Маскты Tesla-дағы қиындықтарды шешуге жұмылдырады деген үміт болды. Себебі компания сатылымның төмендеуімен бетпе-бет келіп отыр. Инвесторлар Трамп әкімшілігінен кеткеннен кейін Маск Tesla-ға көбірек көңіл бөледі деп күткен, алайда ол xAI стартапына бет бұрып, ЖИ саласындағы бәсекелестерді қуып жетуге тырысып жатыр, деп жазды The Wall Street Journal.
WSJ мәліметінше, соңғы апталарда кейбір ірі инвесторлар компания басшылығына Масктың Tesla-ға қаншалықты көңіл бөліп отырғанын және оны бас директор ретінде алмастыру жоспары бар-жоғын сұрап, жеке кездесулер өткізген. Директорлар кеңесі мүшелері Маскты толық жұмыс күніне міндеттей алмайтындарын мойындағанымен, оның ЖИ-ге баса мән беруі түптеп келгенде Tesla-ға пайда әкеледі деп сендіреді.
Дауыс беруге дейін Tesla-ның ірі акционерлерінің бірі — Норвегиялық мұнай қоры және бірнеше басқа инвесторлар бұл ұсынысқа қарсы дауыс беретінін мәлімдеген. Дегенмен Маскты қолдайтын жеке инвесторлар саны көп — кейбірі тіпті әлеуметтік желі арқылы акция иелерін брокерлік компанияларға қысым жасап, қарсы дауыс беруден бас тартуға шақырған.
Tesla директорлар кеңесінің төрайымы Робин Денхолм бұған дейін егер акционерлер бұл ұсынысты мақұлдамаса, Маск компаниядан кетуі мүмкін екенін ескерткен. Маск та өзінің компаниядағы үлесі 25% болмайынша «роботтар армиясын құруға дайын еместігін» айтқан. Bloomberg-ке пікір білдірген Бостон колледжінің заң профессоры Брайан Куинн бұл жағдайды «мәжбүрлі дауыс беруге» ұқсатып: «Инвесторлар нағыз қысым астында қалды», — деді.








