Tesla акцияларын тым көп сата берудің қажеті жоқ – RBC

Илон Масктың саяси белсенділігі мен кейбір сарапшылардың теріс болжамдарына қарамастан, RBC Capital Markets Tesla акцияларын сатуға қатысты реакцияны әсірелеу деп есептейді. Инвестбанк акциялардың мақсатты бағасын көтеріп, олардың 7 пайыз өсетінін болжайды. Банк қазір біршама қиындықтары болса да, Tesla ұзақмерзімді инвестиция үшін лайықты компания деп санайды.
Егжей-тегжейі
RBC-дің талдаушысы Том Нараян инвесторлар Tesla акцияларын шамадан тыс сата бастады деп санайды. Yahoo Finance келтірген клиенттерге арналған жазбасында Нараян акциялардың мақсатты бағасын 307 доллардан 319 долларға дейін көтерді. Бұл - 8 шілдедегі жабылу бағасынан 7 пайызға жоғары. Ол сондай-ақ «нарықтан жоғары» (Outperform) рейтингін растады. Бұл — акцияны сатып алуға ұсыныс білдіреді деген сөз.
Оның айтуынша, электромобильдер нарығындағы бәсекенің артуына қарамастан, Tesla өнімдеріне сұраныс жоғары болып отыр. Компанияның көшбасшы позициясы, табыстылығы, ақшалай ағын құру қабілеті және нарықтағы салмағы — оның өз өсуін қаржыландыруына мүмкіндік беретін маңызды артықшылықтар.
RBC Tesla-ға неге сенеді?
RBC сарапшылары Tesla-ны бағалағанда тек электромобиль өндірісін емес, барлық бағыттағы жобаларды ескереді. Сарапшылардың бағалауынша, болашақта компанияның Megapack энергия сақтау жүйесі, автономды жүргізу, роботакси, жасанды интеллект және Optimus гуманоидты роботы сияқты жобалары маңызды рөл атқарады.
Нараянның пікірінше, қазіргі қиындықтарға қарамастан, Tesla акцияларын ұзақмерзімді ұстау орынды. Оның ойынша, роботакси жобасы автономды көлік бағытындағы амбицияларына инвесторлардың қызығушылығын қайта арттыруы мүмкін.
Ол Tesla табысы 2024 жылғы 93,5 млрд доллардан 2026 жылы 111 млрд долларға дейін өседі деп болжап отыр. Ал бір акцияға шаққандағы түзетілген табыс (EPS) осы кезеңде 1,99 доллардан 2,99 долларға дейін артуы мүмкін. Бұл өсім өндіріс көлемінің кеңеюі, жаңа өнімдердің шығуы және жоғары маржалы, автомобильге қатысы жоқ бағыттардың үлесі артуымен байланысты болады.
Tesla-ға төнетін қауіптер
RBC сарапшылары пайдадағы тұрақсыздық, шығындардың артуы және жеткізу тізбегіндегі үзілістер сынды бірқатар тәуекелге назар аударады. Tesla-ның бизнесі циклдік сипатта, яғни экономикалық құлдыраулар кезінде әлсірейді, әсіресе пайыздық мөлшерлемелердің көтерілуі мен геосаяси тұрақсыздық жағдайында.
Компанияның тоқсандық көрсеткіштері жеткізу мерзіміне және өндірістегі үзілістерге байланысты ауытқып тұруы мүмкін. Бұл акциялардың тұрақсыздығын арттырады.
Банк Илон Маск факторы туралы да ескертеді. Масктың саяси мәлімдемелері мен даулы жазбалары корпоративтік басқару сапасы мен брендтің болашағына күмән тудырып отыр. Бұл инвесторлар үшін үлкен тәуекел. Соған қарамастан, ол Tesla әлі де өсім көрсететін компания болып қала береді деп есептейді.
Басқа сарапшылар не дейді?
Tesla-ға Масктың саяси амбициялары қауіп төндіруі мүмкін деген пікірді Morgan Stanley сарапшысы Адам Джонас да айтты. Ол 8 шілдеде компания акцияларының құлдырауы жалғасады деп болжады.
Оның айтуынша, жағдай тұрақсыз болып тұр, сондықтан инвесторлар Масктың ресурстары саясатқа көбірек жұмсалатынына дайын болуы керек. Бұл жақын арада Tesla акцияларына қысым түсіруі мүмкін. Алайда ол акцияны сатып алуға ұсынысын сақтап, олардың мақсатты бағасын 410 доллар деп белгіледі.
Екінші тоқсанда Tesla 384 122 көлік сатқан, бұл бір жыл бұрынғыдан 13,5 пайызға аз. Электромобильдерге сұраныстың төмендеуі мен Масктың саясатқа араласуы бойкоттар мен тұтынушы наразылығына әкеліп, кей сарапшылар компанияның тез қалпына келуіне күмәнмен қарай бастады.
Алайда Yahoo Finance атап өткендей, барлық сарапшылар Масктың амбициясын кінәламайды. Cox компаниясының салалық сарапшысы Стефани Вальдес Стрити Tesla сатылымының төмендеуін бәсекенің күшеюі, өнім желісінің ескіруі және ішкі нарықта брендке деген қызығушылықтың азаюымен түсіндіреді. Оның айтуынша, Model Y моделінің жаңартылуы да сату көлеміне әсер ете алмады.








