Tesla Қытайдағы көліктеріне Deepseek пен TikTok иесіне тиесілі ЖИ енгізбек

Электромобиль өндірушісі Tesla Қытай нарығына арналған көліктеріне жасанды интеллектке негізделген дауыс көмекшісін қосуды жоспарлап отыр. Ол Doubao (ByteDance еншілес компаниясы, TikTok иесі) мен Deepseek стартапының шешімдеріне сүйенеді. Бұл арқылы компания қытайлық бәсекелестерден қалып қоймауды көздейді. Себебі Қытайда Илон Масктің xAI стартапы әзірлеген Grok чат-ботын пайдалану мүмкін емес.
Егжей-тегжейі
Tesla сайтында жарияланған пайдалану шарттарына сәйкес, Қытайдағы электромобильдерде дауыс көмекшісін жергілікті әзірлеушілердің ЖИ модельдері қолдайды. Негізгі дауыс командаларын Bytedance-тің Doubao жүйесі өңдейді. Ал күрделірек сұрауларға Deepseek Chat жауап береді.
Жаңа көмекші жүргізушілерге навигацияны, мультимедианы, климат-бақылауды дауыс арқылы басқаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ол жаңалықтарды жеткізіп, ЖИ-мен әңгімелесуге жағдай жасайды.
22 тамыздағы саудада Tesla акциялары бір сәтте 5,5%-ға қымбаттап, 337,8 долларға жетті. Бағаның өсуі бүкіл технологиялық сектордағы көтерілуге қатарласа жүрді. Бұған Джером Пауэллдің (АҚШ ФРЖ төрағасы) қыркүйекте пайыздық мөлшерлеме төмендеуі мүмкін екенін меңзеген сөзі түрткі болды.
Tesla не үшін бұлай жасады?
АҚШ-та Tesla өз дауыс көмекшісіне Масктың xAI стартапы жасаған Grok тілдік моделін қолданады. Ал Қытайда жергілікті шешімдерге көшу — ел заңнамасы Grok-ты енгізуге кедергі келтіргенін білдіреді, деп жазады Bloomberg.
Бұл сондай-ақ BYD және Zhejiang Geely сияқты қытайлық бәсекелестердің күшейіп келе жатқанын көрсетеді. Олар да көліктерінде Deepseek шешімдерін қолданып жүр.
2025 жылдың басынан бері Tesla-ның Шанхайдағы зауытынан жөнелтілімдер жеті айдың алтауында азайды. Bloomberg дерегінше, шілде айында жеткізілім көлемі былтырғы шілдемен салыстырғанда 8,4%-ға қысқарған.
Әзірге жаңа ЖИ модельдер қытайлық Tesla көліктеріне енгізілді ме, белгісіз. Bloomberg тілдескен бірнеше иесі мұндай жаңарту туралы хабарлама алмағанын айтқан. Tesla-ның ресми WeChat аккаунтында соңғы бағдарламалық жаңарту 18 тамызда көрсетілген. Tesla мен Bytedance өкілдері түсініктеме бермеген.
CNEVPost хабарлауынша, Deepseek пен Doubao қосылған дауыс көмекшісі Қытайға арналған Tesla Model Y Long Range нұсқасында 19 тамызда таныстырылған. Жүргізушілер көмекшіні «Hey Tesla» немесе басқа бапталған команда арқылы іске қоса алады.
Контекст
Bloomberg-тің жазуынша, шетелдік автокомпаниялар Қытайда барған сайын жергілікті ЖИ жеткізушілерге сүйеніп келеді. Мысалы, наурыз айында BMW Alibaba Group-пен әріптестігін кеңейтіп, Қытай нарығына бейімделген көліктеріне QWen нейрожелісін қосуды жоспарлаған.
Apple де Siri көмекшісіне Қытайда Alibaba-ның ЖИ жүйесін қосуды ойлаған, бірақ әзірге бұл жоба жүзеге аспаған. АҚШ әкімшілігі мұндай жоспарды сынға алған еді.








