Трамп каннабиске қатысты реттеуді жұмсартты. Акциялар неге құлдырады?

АҚШ президенті Дональд Трамп 18 желтоқсанда марихуананы реттеуді жеңілдетуді көздейтін жарлыққа қол қойды. Құжатқа сәйкес каннабис ең қатаң бақылаудағы санаттан медициналық мақсатта қолдануға рұқсат етілген әрі тәуелділік қаупі төмен заттар санатына ауыстырылуы тиіс. Бұл салықтық жүктемені азайтып, жаңа дәрі-дәрмектерді нарыққа шығаруға жол ашуы мүмкін. Соған қарамастан, каннабис секторындағы компаниялардың акциялары күрт арзандады.
Егжей-тегжейлі
Трамптың жарлығы АҚШ Әділет министрлігіне каннабисті I санаттан III санатқа көшіру үшін қажетті қадамдарды бастауды міндеттейді. Ақ үй сайтында жарияланған құжатта осы көрсетілген. Қазір I санатқа героин мен ЛСД сияқты заттар кіреді, ал III санатта, мысалы, кетамин бар екенін CNBC түсіндірді.
Жарлыққа қол қою кезінде Трамп бұл шешімнің ауыр сырқаттарға шалдыққан америкалықтардың өтінішімен қабылданғанын айтты. Оның сөзінше, бұл қатты ауырсыну, жазылмайтын аурулар, қатерлі ісіктің агрессивті түрлері, тырысулар, неврологиялық мәселелер және басқа да жағдайлармен күресіп жүрген науқастарға қажет қадам.
Сондай-ақ Medicare және Medicaid бағдарламаларын басқаратын орталықтар сәуір айынан бастап пилоттық жоба іске қосуды жоспарлап отыр. Ол жоба аясында кейбір егде жастағы Medicare алушылары дәрігер ұсынған каннабис өнімдерін тегін ала алады. Бұл туралы Ақ үйдегі дереккөздерге сілтеме жасап CNBC хабарлады.
Бұл нені білдіреді
MarketWatch-тың жазуынша Трамптың жарлығы марихуананы толық заңдастыруды білдірмейді және нақты мерзімдер де көрсетілмеген. Әкімшілік өкілдерінің айтуынша, негізгі мақсат — каннабисті медициналық тұрғыда қолдану бойынша зерттеулерді кеңейту. Бұл FDA тарапынан мақұлдануы мүмкін дәрі-дәрмектерді әзірлеуге жол ашып, компаниялар үшін нарыққа шығуды жеңілдетеді, деп жазады Bloomberg.
Сарапшылар каннабисті қайта жіктеу саланы қаржылай тұрғыда да қолдайды дейді. Себебі бұл салық талаптарын жұмсартады: енді компаниялар алғаш рет жалдау ақысы мен қызметкерлердің жалақысы сияқты стандартты шығындарды салықтан шегере алады. Бұған дейінгі салықтық ауыртпалық саладағы компаниялардың табыстылығына кері әсер еткенін MarketWatch атап өтті. Сонымен қатар, бұл шешім банктік қызметтерге және институционалдық капиталға қол жеткізуді жеңілдетеді, өйткені бұрын комплаенс талаптарына байланысты мұндай мүмкіндік болмаған.
Уолл-стриттегі кейбір ойыншылар каннабисті қайта жіктеу және Medicare арқылы тестілік қамту ірі фармацевтикалық компаниялардың бұл нарыққа келуіне түрткі болады деп күткенін CNBC жазады.
Акцияладың жағдайы
MarketWatch-тың дерегінше Трамптың мәлімдемесінен кейін каннабис индустриясындағы акциялар әртүрлі бағытта қозғалды. Мысалы, Tilray Brands акциялары 18 желтоқсандағы сауда қорытындысы бойынша 4,2%-ға төмендеді, ал күн ішінде бір сәтте 22%-ға дейін қымбаттаған. Канадада тіркелген Trulieve акциялары 22%-ға, Green Thumb Industries қағаздары 15,3%-ға арзандады. Бірнеше штатта жұмыс істейтін Curaleaf Holdings компаниясының акциялары тіпті 32%-ға дейін құлдырады.
Бұл теріс динамика инвесторлардың бұрынғы өсімнен кейін пайдасын бекітіп, акцияларды сата бастағанымен байланысты болуы мүмкін, деп болжайды MarketWatch.
Контекст
Қазіргі таңда АҚШ штаттарының шамамен жартысында каннабисті рекреациялық мақсатта қолдануға рұқсат етілген. Ал 40-тан астам штатта және Вашингтон округінде марихуана медициналық мақсатта заңды, деп жазады Bloomberg.








