Трамп Ozempic бағасын 150 долларға дейін түсірмек. Акциялар арзандай бастады

АҚШ президенті Дональд Трамп диабетке қарсы танымал Ozempic дәрісінің айлық бағасы айтарлықтай төмендеп, шамамен 150 доллар болуы мүмкін екенін айтты. Осы мәлімдемеден кейін салмақ азайтатын дәрілер шығаратын даттық Novo Nordisk және америкалық Eli Lilly компанияларының акциялары бірден төмендеді. Сарапшылардың пікірінше, Трамптың сөзі фармацевтика саласына қысымды күшейтіп, дәрі бағасын реттеу ісінде әкімшіліктің қатаң ұстанымын көрсетеді.
Егжей-тегжейі
Bloomberg мәліметінше, Трамп Ozempic препаратының бір айлық курсы шамамен 150 доллар болатынын хабарлады.
17 қазанда Копенгаген биржасында Novo Nordisk акциялары 5,5%-ға арзандап, тамыздан бергі ең үлкен құлдырауға ұшырады. Жыл басынан бері компания қағаздары шамамен 44%-ға төмендеген. Нью-Йоркте Lilly акциялары 3%-ға азайды.
Трамп бұл мәлімдемесін Ақ үйдегі іс-шара кезінде айтты. Онда оның әкімшілігі Германияның Merck KGaA компаниясымен бедеулікті емдеуге арналған дәрілердің бағасын төмендету жөнінде келісімге келгені хабарланды. Бұл келісім фармөнімдерге жаңа баж салығын енгізуді кейінге қалдыруға мүмкіндік береді. Президент нақты қандай препарат жайлы айтқанын сұрағанда: «Мен Ozempic немесе салмақ азайтуға арналған дәріні меңзедім... Олар әлдеқайда арзан болады», — деді. Баға қашан төмендейді деген сұраққа ол: «Жақында, тез арада», — деп жауап берді.
Bloomberg дерегінше, дәрі бағасын төмендету жөніндегі келісімдер Pfizer мен AstraZeneca компанияларымен де жасалған. Инвесторлар бұл шаралар арықтататын дәрі өндірушілерге де әсер етуі мүмкін деп күтеді.
Medicare және Medicaid бағдарламаларын басқаратын агенттік жетекшісі Мехмет Оз бұл дәрілердің бағасы туралы келіссөздер әлі жалғасып жатқанын айтты. «Біз әлі бұл тақырыпты толық талқылаған жоқпыз», — деді ол.
Novo Nordisk өкілі Reuters агенттігіне компанияның АҚШ әкімшілігімен «ең қолайлы ұлт» қағидаты (Most Favored Nation Executive Order) бойынша келіссөздер жүргізіп жатқанын растады. Бұл құжат дәрі бағасын басқа дамыған елдермен салыстырғанда төмен деңгейге дейін түсіруді көздейді. Компания өкілі науқастардың дәріге қолжетімділігін арттыруға басымдық беретінін айтып, Трамптың сөзін тікелей түсіндірмеді.
Өндірушілер үшін бұл нені білдіреді?
Қазір Ozempic препаратының ресми бағасы шамамен 1000 доллар. Дегенмен, АҚШ-тағы прайс-лист нақты тұтынушы төлейтін бағаға сай келе бермейді. Сондықтан Pfizer мен AstraZeneca-мен жасалған бағаны төмендету келісімдері нақты әсер етпеген: компаниялар бұрыннан-ақ үлкен жеңілдіктер ұсынады.
BMO Capital Markets сарапшысы Эван Сигерманның пікірінше, Трамптың сөзі фармацевтикалық компанияларға қарсы қатаң саясаттың белгісі. Алайда бағаның төмендеуі Novo-ның бизнесіне айтарлықтай әсер етпейді, өйткені сақтандыруы бар науқастар айына орта есеппен 25 доллар ғана төлейді. Ал сақтандыру компаниялары үшін нақты баға 60–70% төмен.
Сонымен қатар арықтататын дәрілерге сақтандыру алу қиын, сондықтан көп адам өз қалтасынан төлейді. Lilly компаниясы Zepbound дәрісін айына 350 доллардан сатады, ал Novo тікелей төлем бағдарламасы бойынша Ozempic пен Wegovy дәрілерін айына 499 долларға ұсынады.
Контекст
Novo дәрі бағасын төмендету туралы келіссөздерді Трамп 17 ірі фармкомпанияға бағаны түсіру туралы хат жібергеннен бері жүргізіп келеді. Ozempic пен Wegovy дәрілері инфляцияны төмендету туралы заң (Inflation Reduction Act, IRA) аясында баға талқыланатын препараттар тізіміне енгізілген. Bloomberg жазуынша, олардың соңғы мерзімі 1 қарашада аяқталады, ал жаңа, төмен бағалар 2027 жылы күшіне енуі тиіс.








