БастыReview
Бөлісу

Трамп пен Масктың жанжалы туралы экономистер мен саясаттанушылар не жазды?

Артур  Арутюнов

Артур Арутюнов

Трамп пен Масктың жанжалы туралы экономистер мен саясаттанушылар не жазды?

Осы аптадағы басты интернет-драма және блогтарда ең көп талқыланған тақырып — миллиардер Илон Маск пен АҚШ президенті Дональд Трамптың жария жанжалы.

Ақпанда Маск X желісінде Трампты «бір гетеросексуалды ер адам екіншісін қаншалықты жақсы көре алса, оны соншалықты жақсы көремін» деп жазған еді. Мамырдың соңында, Маск Мемлекеттік басқарудың тиімділігі департаментіндегі (DOGE) жұмысын аяқтап жатқан кезде, олар бір-бірімен қол алысып, жылы сөздер айтып, «байланыста боламыз» деп уәде берген.

Бірақ осы аптада бәрі өзара балағат пен қоқан-лоққыға ұласты. Илон Маск Республикалық партияның «Үлкен керемет» деп аталған заң жобасын қатты сынға алды. Бұл құжат бір жағынан салықты азайтуды, екінші жағынан «жасыл жобаларға» (оның ішінде Масктың бизнесі де бар) берілетін жеңілдіктер мен әлеуметтік шығындарды қысқартуды көздейді. Миллиардер бұл құжатты «жиіркенішті» деп атады. «Осы заңға дауыс бергендерге – ұят! Бұның дұрыс еместігін өздерің де жақсы түсінесіңдер», — деп жазды ол X желісінде.

Одан кейін жағдай өрши түсті: Маск Трампты импичментке ұсыну идеясын жақтап, оның есімі «Эпштейн файлдарында» кездесетінін мәлімдеді. Ол мұны қаржыгер Джеффри Эпштейнге қатысты кәмелетке толмағандарды да қамтыған жезөкшелік пен адам саудасы ісіне байланысты айтты (кейін бұл жазбаларын өшіріп тастады). Ал Трамп бұрынғы одақтасын есалаң деп атап, Оның компанияларынан мемлекеттік келісімшарттар мен субсидияларды алып тастауды ұсынды.

Бұл конфликт блогтарда бірден мемдерге айналды: пікір қалдырушылар оны «Бөгде мен Жыртқыштың шайқасына» және ажырасу үстіндегі ата-аналардың әрекетіне ұқсатты.

Илон Маскты не күтіп тұр?

Калифорния университетінің (Беркли) экономика профессоры Брэд ДеЛонг өз блогында Илон Масктың қаржылық жағдайына алаңдаушылық білдірді. Оның пікірінше: «Алдағы он жылда Илон Масктың жеке банкротқа ұшырау ықтималдығы қандай? Меніңше, бұл жағдай кейін едәуір артты».

ДеЛонгтың айтуынша, Маск Дональд Трампты қолдау арқылы Tesla мен SpaceX-ке мемлекеттік субсидиялар, салық жеңілдіктері және NASA бюджетіне ықпал ету мүмкіндігі беріледі деп ойлаған. Алайда ол қателесті. Соның салдарынан ол осал жағдайға тап болды: мемлекеттік қолдаусыз оның компаниялары қаржылық қиындыққа ұшырауы мүмкін, бұл өз кезегінде оның жеке байлығына қауіп төндіреді. Бейсенбіде Tesla акциялары 14,26%-дан астам күрт құлдырады, жұмада небәрі 3,67% өсті. Апта ішінде олардың бағасы 14,8% құлдырады.

ДеЛонг Масктың өз компанияларының өміршеңдігі үшін қажет қаржыландыруды сақтап қалу мақсатында Трампқа әсер етуге тырысып, өзінің ықпалын және идеологиясын пайдалануға әрекеттеніп жатқанын атап өтеді.

Илон Маск: саясаттағы техномагнат трагедиясы

Саясаттанушы әрі философ Фрэнсис Фукуяма «Илон Маск трагедиясы» атты мақаласында оны ерекше инженер және кәсіпкер деп сипаттайды. Алайда саясаттағы авантюраға ұмтылысы АҚШ-тың мемлекеттік басқаруына да, Масктың өзіне де ауыр соққы болып тигенін атап өтеді. Tesla – автокөлік индустриясын өзгертті, SpaceX – АҚШ-тың ғарыш бағдарламасының тірегіне айналды, ал Starlink – Украинадағы соғыс алаңында таптырмас құрал болды. Бірақ бұл жетістіктер Масктың саясатқа араласуы салдарынан туындаған дағдарыстың қаншалықты терең екенін ғана айқындайды.

Фукуяманың айтуынша, Маск — бір салада жетістікке жеткенін өзге салаларда да көрегенмін деп есептеген техномагнаттың айқын мысалы. Бірақ ол саясатта түйсігі ерекше нашар, деструктивті дилетант болып шықты. Бұл, мысалы, Tesla-ға да әсер етті. Компанияның негізгі сатып алушылары — либералды көзқарастағы орта тап — брендтен алыстай бастады. Ал Трамптың жақтастары, яғни Масктың жаңа одақтастары, қымбат электромобильдерді жаппай сатып ала қоймайды, өйткені Трамптың өзі оларды жиі мазақ етеді.

Саяси өзін-өзі жарнамалау аясында ол бизнесіне аз көңіл бөле бастады. Соның салдарынан, қос соққы жасады: ол DOGE мемлекеттік аппараттың тиімділігін әлсіретті, ал оның саяси амбициясы жиырма жыл бойы құрған компаниясының позициясына нұқсан келтірді. Егер Tesla құлдырайтын болса, бұл тек акционерлерге ғана емес, бүкіл АҚШ экономикасына кері әсерін тигізеді, деп жазады Фукуяма.

Илон Маск Трамптың сайлауда жеңіске жетуіне шынымен көмектесті ме?

АҚШ-тық статистик-ғалым Нейт Сильвер былтыр жылдың соңында-ақ Маск 2028 жылғы сайлауға дейін Трампты сынай бастайды дегенге 70% берсе, Маск басқарып отырған DOGE департаменті кемінде $500 млрд бюджет қаражатын қысқарта алмайды дегенге 90% берген еді. DOGE ресми сайтында департамент шығынды $180 млрд-қа азайтты деп көрсетілгенімен, есептерінен жиі қателер табылып отырды. The Atlantic журналының мамырдың басындағы бағалауынша, DOGE нақты қысқартқан шығын көлемі ең көп дегенде $15 млрд шамасында, бұл АҚШ-тың федералдық шығындарының небәрі 0,2%-ын құрайды.

Жанжал кезінде Маск: «Егер менің қолдауым болмағанда, Трамп сайлауда жеңілер еді, ал Өкілдер палатасын демократтар басқарар еді», – деп мәлімдеді.

Маск Трамптың сайлауалды науқанына $250 млн-нан көп қаражат бөлгені рас. Алайда Сильвердің айтуынша, Трамптың шешуші штаттардағы жеңісі айқын басым болмаса да, бір ғана донордың қолдауына тәуелді болатындай, әлсіз де болған жоқ.

Дегенмен Масктың ықпалы тек қаржылай қолдау арқылы ғана емес, басқа жолдармен де байқалуы мүмкін.

Twitter-ді сатып алғаннан кейін Маск бұл платформаны бұрынғыдай сәл солшыл-орталық көзқарастағы ортадан ашық оңшыл медиа мінберге айналдырды. Сильвердің айтуынша, қазір Twitter X деп аталғанымен, ол әлі де Bluesky секілді бәсекелестерінен ауқымы мен ықпалы жағынан әлдеқайда алда. Ал Трамптың сайлаудағы жеңісінен кейін Bluesky-ға деген қызығушылық төмендеді. Бұл Масктың платформасын электоратқа ықпал ететін әлеуетті құралға айналдырады. Іс жүзінде, X тек саяси мобилизация құралы ғана емес, жеке қақтығыстарда қолданылатын қаруға да айналуы мүмкін — қазір болып жатқан жағдай соның айғағы.

Сильвердің пікірінше, Маск Трампқа жас ер азаматтар арасындағы қолдауды қамтамасыз еткен жаңа саяси «вайбтың» қалыптасуына септігін тигізді. Бұл мәдени парадигма — «технооңшылдар» бағыты (антижүйелік көзқарас, технологияға сенім және агрессивті тіл стилінің қосындысы) — қазір күйрей бастады. Осы тұрғыда Маск Трампқа қарағанда көбірек жоғалтып отыр: оның антирейтингі жоғарырақ (оның әрекеттерін қолдайтындар мен қарсы шығатындардың айырмасы — минус 13,9%, ал Трампта — минус 3,7%), саяси одақтастары аз, ал институционалдық қолдау мүлде жоқ, деп түйіндейді Сильвер. 

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары