Трамптың Венесуэла жағалауындағы танкерлерді бұғаттау туралы бұйрығын

АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэлаға баратын және одан шығатын санкцияға ілінген мұнай танкерлеріне теңіз блокадасын енгізуді тапсырғаннан кейін мұнай бағасы қайта өсті. Brent пен WTI маркалары 1%-дан астам қымбаттап, әлемдік нарықта мұнай артық болып кетуі мүмкін деген қауіптен туған төрт күндік құлдырауды тоқтатты.
Егжей-тегжейлі
17 желтоқсанда Brent маркалы мұнай 1,2%-ға өсіп, барреліне $59-дан асты. Бұған дейін ол төрт сауда сессиясында қатарынан 5%-дан астам арзандаған еді. Солтүстік америкалық WTI мұнайы 1,3%-ға өсіп, $56 деңгейіне жетті. Reuters-тің дерегінше 16 желтоқсанда WTI бағасы $55,27 болып бекіген, бұл 2021 жылдың ақпанынан бергі ең төменгі деңгей.
Мұнай бағасының өсуіне Трамптың Венесуэла жағалауында АҚШ санкциясына түскен барлық мұнай танкерлерін бұғаттау жөніндегі шешімі себеп болды. Венесуэла — әлемдегі ең ірі мұнай қорына ие ел және ОПЕК мүшесі. Трамп 17 желтоқсанға қараған түні Truth Social желісінде Венесуэла толықтай Оңтүстік Америка тарихындағы ең ірі әскери теңіз күштерімен қоршалғанын жазып, санкциядағы танкерлерге «толық және қатаң блокада» жариялауды бұйырғанын айтты. Ол бұл қадамды Николас Мадуро басқаратын биліктің «активтерді ұрлауы, терроризм, есірткі мен адам саудасына қатысы барымен» түсіндірді. АҚШ бұл билікті террористік ұйым деп таныған.
Аналитиктер не дейді?
Bloomberg-тің мәліметінше Азиядағы танкерлерде жиналып қалған венесуэлалық мұнай қоры Қытайдағы сатып алушыларға қысқа мерзімде соққыны жеңілдетуі мүмкін. Бірақ егер экспорттағы іркіліс ұзаққа созылса, мұнай өңдеушілер қымбатырақ балама көздер іздеуге мәжбүр болады.
Reuters жазуынша, егер эмбарго біраз уақыт сақталса, тәулігіне шамамен 1 млн баррель мұнайдың нарықтан жоғалуы бағаны одан әрі өсіруі мүмкін.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің бұрынғы энергетика жөніндегі дипломаты Дэвид Голдвиннің айтуынша, егер Венесуэла экспортының азаюы ОПЕК-тің резервтік қуаттары арқылы өтелмесе, блокаданың әсері мұнай бағасын барреліне 5–8 доллар аралығында қымбаттатуы ықтимал.
ING-тің шикізат нарығы бойынша стратегi Уоррен Паттерсон қазіргі баға қозғалысы нарықтың Трамптың мәлімдемесіне аса қатты алаңдап отырғанын көрсетпейтінін айтты. Оның сөзінше 2026 жылға дейін күтіліп отырған мұнайдың артық ұсынысы аясында нарық ұсыныс тәуекелдерін салыстырмалы түрде сабырмен қабылдап отыр.
Контекст
Трамптың мәлімдемесі АҚШ билігі венесуэлалық мұнай тиелген Skipper танкерін ұстағаннан кейін бірнеше күн өткен соң жасалды. Ақ үй алда тағы да кемелерді басып алу болуы мүмкін екенін ишара еткен. The Wall Street Journal дерегінше, осы қауіптің салдарынан Венесуэла порттарына кіруді күтіп тұрған кемелер саны шамамен 45-тен он шақтысына дейін азайған.
АҚШ соңғы рет толық теңіз блокадасын 1962 жылы Кубаға қарсы енгізген еді. Ол кезде мақсат — Кеңес Одағының зымырандарын жеткізуді тоқтату болатын. Ал Трамптың қазіргі қадамы толық блокада деп саналмайды, өйткені АҚШ-тың Chevron компаниясы Венесуэлада мұнай өндіру мен экспорттауды бұрынғыдай жалғастырып жатыр.








