БастыЖаңалықтар
Бөлісу

«Түнде ұшқандай»: CME-дегі ақау валюта, трежерис және фьючерс саудасын бұзды

Ринат Таиров

Ринат Таиров

Oninvest тілшісі
«Түнде ұшқандай»: CME-дегі ақау валюта, трежерис және фьючерс саудасын бұзды

28 қараша, жұма күні, әлемдегі ең ірі қаржы құралдары биржасы CME-де фьючерс пен опцион саудасы уақытша тоқтады. Бұған деректер орталығындағы салқындату жүйесіндегі ақау себеп болды. Бұл жағдай жаһандық валюта саудасына да әсер етті. Көп трейдерлер бұл жағдайды «көзсіз ұшумен» салыстырды. Олар ашық пікір білдіріп, АҚШ-та сауда қайта басталғаннан кейін нарықтағы тұрақсыздық туралы ескертіп отыр.

Егжей-тегжейі

Ақау CyrusOne компаниясына тиесілі деректер орталығындағы салқындату жүйесінен шыққан. Бұл туралы CME Group сайты жазды. Ақау АҚШ-та бейсенбі, 27 қараша күні кешке басталды және жұма күніне дейін шешілмей қалды. Бұл күн АҚШ-та Алғыс айту күніне байланысты қысқартылған сауда күні еді. Тек CET уақытымен түстен кейін сағат 15:00 шамасында CME Group сайтында барлық нарықтардың қайта ашылғаны хабарланды.

Лондон уақытымен түске қарай S&P 500, WTI мұнайы мен алтынға қатысты фьючерстердің бағасы бірнеше сағат бойы жаңартылмағаны тіркелді. Сауда басталған кезде алтын нарығында ерекше құбылмалылық байқалды. Сатып алу мен сату бағалары арасындағы айырма әдеттегіден 20 есе үлкен болған. Бұл туралы Bloomberg хабарлады. Еуропа мен Ұлыбританиядағы облигация нарықтары басқа биржаларға сүйенетіндіктен, бұл ақаудан зардап шеккен жоқ.

FT жазуынша, үшінші тоқсанда CME күн сайын орта есеппен 28,3 млн келісімшартпен сауда жасаған. Олар пайыздық мөлшерлемелерге, қазынашылық облигацияларға, энергетикалық ресурстар мен бағалы қағаздарға байланысты. Бұл ақау 2019 жылғы техникалық қателіктен де ауқымды болды. Бұл жағдай CME Group пен оның Globex платформасының нарықтағы орны өте маңызды екенін көрсетті.

Нарыққа әсері

CME – әлемдегі ең ірі туынды құралдар биржасы. Инвесторлар бұл платформадағы фьючерстер арқылы өз позицияларын сақтандырып отырады. Бұл – АҚШ қазынашылық облигацияларынан бастап, S&P 500 индексіндегі акцияларға дейінгі нарықтарда қолданылатын әдіс. Алайда бұл ақау ай соңындағы соңғы сауда күні орын алды, яғни көптеген опцион келісімшарттарының мерзімі аяқталып, трейдерлер өз позицияларын жаңасына ауыстырып жатқан кез еді.

Allspring Global Investments портфолиосының басқарушысы Рушабх Амин FT-ке берген пікірінде: «Ақау АҚШ мерекесінен кейінгі әлсіз өтімділікті одан сайын қиындатып отыр. Көптеген нарықтарда бүгін жарты күндік сауда сессиясы ғана өтуде», – деді.

Bloomberg жазуынша, S&P 500, Dow Jones және Nasdaq 100 индекстеріне байланған миллиондаған келісімшарттар бойынша сауда сессиясының жоғалуы трейдерлердің ашуын туғызды.

TP ICAP Europe компаниясының бағалы қағаздар сату бөлімінің жетекшісі Тома Элейн: «Бұл түнде ұшқандай жағдай. Біз секілді акциямен айналысатындар үшін америкалық фьючерстер нарықтың қайда бағыт алып бара жатқанын түсінуге мүмкіндік береді. Деривативпен жұмыс істейтіндерге бұл өте қиын болғаны анық», – деп айтты.

Bloomberg дерегі бойынша, 28 қараша, жұма күні S&P 500 индексіне байланған шамамен 600 млрд доллар көлеміндегі опциондар мерзімі аяқталды. Бұл келісімдер CBOE биржасында өтсе де, трейдерлер оларды CME-дегі фьючерстер арқылы сақтандырып отырған. Kaleesuwari Intercontinental компаниясының стратегия жөніндегі жетекшісі Гнанасекар Тьягараян: «Ашық позициясы бар трейдерлер қатты ашулы», – деді.

AT Global Markets-тің аға талдаушысы Ник Твайдейл: «Трейдерлер балама өтімділік көздерін іздейді. Біз нарықтағы негізгі өтімділік көздерінің бірінен айырылдық. Егер маңызды оқиға орын алса, бұл үлкен құбылуға себеп болуы мүмкін», – деп ескертті.

Абырой болғанда, жұма күні аса маңызды жаңалықтар күтілмейді. Ешқандай макроэкономикалық деректер жарияланбайды, АҚШ Федералды резерв жүйесі басшыларының да сөз сөйлеуі жоспарланбаған.

CMC Markets-тің Азия және Таяу Шығыс бағыттарының басшысы Кристофер Форбс Reuters агенттігіне: «Бұл, шыны керек, мазаңды кетіретін жағдай. Біз баға белгілеуді жалғастыру үшін қажетсіз қауіпке баруға мәжбүрміз. Нарыққа бұл ұнамайтыны анық. Ашылғанда құбылмалы болуы мүмкін», – деп мәлімдеді.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары