Wells Fargo: Дамушы нарықтардан АҚШ акцияларына ауысу уақыты келді

Wells Fargo инвестициялық банкі дамушы нарықтардың акциялары бойынша раллиден кейін инвесторларға бұл активтердің үлесін азайтып, АҚШ акцияларына қайта оралуға кеңес беріп отыр. Бұл ұстаным Уолл-стриттегі Morgan Stanley, Bank of America және JPMorgan Chase сияқты алпауыттардың пікірімен қарама-қайшы.
Wells Fargo не дейді?
«Дамушы нарықтарға деген көңіл-күй маятнигі шектен тыс оң бағытқа ауып кетті», — деді Wells Fargo инвестициялық стратегi Остин Пикл Bloomberg агенттігі келтірген сараптамалық жазбасында. — 2025 жылдың соңына қарай күтілетін жаһандық экономиканың қалпына келуі және бірқатар сауда мәселелерінің түбегейлі шешілуі дамушы нарықтардағы акция бағасының өсуіне ықпал етеді. Алайда олардың табыстылығы АҚШ нарығынан кейін қалып отырады».
Пикл дамушы елдер акцияларының жоғары табыстылығы көбінесе әлсіз долларға байланысты екенін айтады. Ал Wells Fargo керісінше, доллар нығаяды деп болжайды және Қытай мен АҚШ арасындағы геосаяси шиеленістерге назар аударады.
Ол ірі және орта капитализациялы америкалық компаниялардың акцияларына, сондай-ақ дамыған нарықтарға инвестиция салуға шақырады. Оның пікірінше бұл елдерде реттеуші орта әлдеқайда тұрақты әрі болжамды. Сондай-ақ, ЕО-дағы бюджет шығындарының артуы Еуропа нарығына қолдау көрсететін болады.
Wall Street-тің өзге алыптары не дейді?
Бұл көзқарас басқа жетекші банктермен келіспейді. Мәселен, JPMorgan 19 мамырда дамушы нарықтарға қатысты ұстанымын «бейтарап»-тан «артық салмақ» (overweight) деңгейіне көтерді, бұл — сатып алуға кеңес дегенді білдіреді. Оған себеп — АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қатынастарындағы жылымық пен доллардың әлсіреуі. JPMorgan Үндістан, Бразилия, Филиппин, Чили, БАӘ, Грекия және Польша нарықтарына оң баға береді. Қытайдың технологиялық секторының да болашағы зор.
Bank of America сарапшысы Майкл Хартнетт:«Дамушы нарықтардан артық табыс әкелетін актив болмайды» — деп мәлімдеді. Ол АҚШ-тың 30 жылдық облигацияларының табыстылығы 5%-дан асқан жағдайда америкалық акциялар құлдырайды деп күтуде (қазіргіде 4.9%).
Ал Morgan Stanley болса, 19 мамырда АҚШ акцияларын баға түссе — сатып алуға кеңес берді, өйткені Moody’s агенттігі АҚШ-тың ең жоғары несие рейтингін алып тастағаннан кейін олар арзандап кетті.
Контекст
2025 жылы АҚШ акциялары Трамптың сауда саясатының өзгерістері мен геосаяси белгісіздіктің салдарынан танымалдығын жоғалтқан еді. Алайда кейін олар бағаның көп бөлігін қайтарып алды, ал инвесторлар қайта қызығушылық таныта бастады. Мәселен, BofA-ның 16 мамырдағы шолуына сәйкес EPFR Global деректері бойынша өткен аптада АҚШ акцияларына $20 млрд құйылған — бұл соңғы бір айдағы алғашқы ірі капитал ағыны.








