WSJ: OpenAI жаңа инвестиция тарту арқылы $830 млрд бағалануы мүмкін

ChatGPT әзірлеушісі OpenAI жаңа инвестициялық раунд аясында $100 млрд-қа дейін қаржы тартуды жоспарлап отыр. The Wall Street Journal-дың дерегінше бұл компанияның нарықтық бағасын $830 млрд-қа дейін жеткізуі мүмкін. Егер OpenAI толық соманы тарта алса, ол әлемдегі ең қымбат стартапқа айналып, Илон Масктың SpaceX компаниясын қайтадан басып озбақ. Айта кетейік, SpaceX қазіргі кезде акцияларын сату бойынша жаңа раундты шамамен $800 млрд бағалаумен бастаған.
WSJ-дың жазуынша OpenAI бұл мәмілені келесі жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін немесе одан кейін аяқтауды көздеп отыр. Алайда келісім шарттары өзгеруі мүмкін, әрі инвесторлардың қызығушылығы жарияланған мақсатқа жетуге жеткілікті бола ма — әзірге белгісіз.
Осыған дейін The Information басылымының дереккөздері OpenAI шамамен $750 млрд бағалаумен қаржы тартуды жоспарлап отырғанын хабарлаған еді. Бұл көрсеткіштің өзі 2025 жылдың күзінде өткен мәмілемен салыстырғанда 1,5 есе жоғары. Сол кезде компания кейбір қызметкерлеріне акцияларын институционалдық инвесторларға сатуға мүмкіндік берген.
Reuters агенттігінің қазан айының соңында хабарлауынша OpenAI бас директоры Сэм Альтман инвесторлар тобын белсенді түрде қалыптастырып жатыр және сонымен қатар компанияны биржаға шығару мүмкіндігін де қарастырып отыр. Ал SpaceX IPO-ға 2026 жылы шығуды жоспарлап отыр. Бұл ақпаратты желтоқсанда бірнеше БАҚ дереккөздері растаған, кейіннен Илон Масктың өзі де листингке шығу жоспары бар екенін мәлімдеді.








