БастыReview
Бөлісу

Ыстық маусым: сыра өндіруші компаниялар акциялары қалай қорғаныш активке айналды

Алдияр Ануарбеков

Алдияр Ануарбеков

аналитик
Ыстық маусым: сыра өндіруші компаниялар акциялары қалай қорғаныш активке айналды

Жаз — дәстүрлі түрде сыра өндірушілер үшін қарбалас маусым. Мамырдан тамызға дейінгі небәрі төрт ай АҚШ нарығындағы компаниялардың жылдық жиынтық сатылымының 40%-на дейінін қамтамасыз етеді: ыстық ауа райы, фестивальдер мен мерекелер сұранысты арттырады.

Алайда, биылғы жазғы маусым алдыңғылардан өзгеше. Нарықтағы тұрақсыздық аясында сыра өндіруші компаниялар 2025 жылдың «қорғаныш активтерінің» біріне айналды. Goldman Sachs-тың дерегінше хедж-қорлар екінші ай қатарынан банк пен сақтандыру секторындағы позицияларын қысқартып, қаражатты тұтыну тауарларына, соның ішінде сыра өндірушілердің акцияларына қайта бағыттауда.

Осы жағдайдың аясында 2025 жылдың басынан бері олардың акциялары сенімді өсім көрсетуде. Даниялық Carlsberg акциялары жыл басынан бері 28%-дан астамға, бразилиялық Ambev — 14%-ға қымбаттады. АҚШ-та саудаланатын Anheuser-Busch InBev депозитарлық жазбалары 36%-ға, чилилік CCU акциялары — 7%-ға, ал Амстердам биржасындағы голландиялық Heineken акциялары — 12%-ға өсті.

Сонымен қатар, сыра өндірушілердің акциялары тұтынушылық сектордың тұрақты бөлігінде болғанына қарамастан, салыстырмалы түрде бағаланбаған күйде қалып отыр. Негізгі сыра өндірушілердің орташа P/E (баға/таза табыс) көрсеткіші қазіргі таңда 13–16 аралығында. Салыстырар болсақ, тұтынушылық сектордағы ең ірі компанияларды қамтитын MSCI World Consumer Staples индексі 21,6 деңгейінде, ал S&P 500 Consumer Staples индексі бойынша бұл көрсеткіш — 22.

Барлық бес компанияның акцияларының P/B (баға/баланстық құн) көрсеткіші 1,7 мен 2,5 аралығында. Бұл алкоголь индустриясындағы «қорғаныш» актив ретінде сектордың тартымдылығын арттырады. Салыстыру үшін: ірі сала бойынша ETF iShares MSCI World Consumer Staples Sector Advanced UCITS қорының P/B көрсеткіші шамамен 3,66. Бұл сыра өндірушілердің акцияларының «қорғаныш» тұтынушылық сектор ішінде де бағаланбағанын көрсететін қосымша дәлел.

Сұраныс қайта оралды ма?

Алдыңғы жылдардағы пандемия мен шикізат бағасының күрт өсуінен кейінгі ауыр соққылардан соң, сыра индустриясындағы жағдай біртіндеп тұрақталып келеді. Негізгі құрамдас бөліктер — арпа мен алюминий бағасы 2022 жылғы шарықтау шегінен кейін тұрақты деңгейге оралды, бұл бизнес маржиналылығының қалпына келуіне ықпал етуде.

Сонымен бірге, тұтынушылық сұраныс артып келеді: сатып алушылар қайтадан сыраға — дәстүрлі лагерлерден бастап жаңа алкогольсіз түрлерге дейін — қаражат жұмсауға дайын. Мысалы, биылғы бірінші тоқсанда алкогольсіз сыра сату көлемі AB InBev-де — әлемдік нарықтың төрттен бірін иеленетін ең ірі ойыншы — жылдық есеппен 34%-ға артты. Carlsberg те осыған ұқсас серпінді көрсетті, әсіресе Еуропада алкогольсіз сыраның танымалдылығы күрт өсті. Тұтынушылар барған сайын ұстамдылыққа ұмтылып, көмірсулар мен калория құрамына назар аудара бастады, деп атап өтті консалтингтік Bump Williams компаниясының президенті Дэйв Уильямс.

Қаржылық есептер не дейді

2025 жылдың екінші тоқсанына арналған қаржылық есептер шілде айының соңы мен тамыздың басында жарияланады. Бірінші тоқсан қорытындылары салада әркелкі динамиканы көрсетті: кейбір компаниялар сенімді өсім көрсетсе, басқалары баяулады. Негізгі трендтердің бірі — тұтынушылық сұраныстың алкогольсіз сыраға қарай ығысуы болды. Бұл ЗОЖ идеясымен өмір сүргісі келетіндер мен калория тұтынуды азайтқысы келетіндер арасында танымал бола түсті.

Көшбасшылар кім?

— Carlsberg 2024 жылдың қорытындысы бойынша күтулерден асып түсті: операциялық табыс 6%-ға өсіп, болжамның жоғарғы шегіне жетті. Қытайдағы сатылымдар 17%-ға, жаһандық табыс — дәл осынша көлемге артты. 2025 жылға арналған жаңа басқарушы команда 1–5% пайда өсімін бағдар етіп көрсетті — бұл да нарықтық күтулерден жоғары болды.

Компания британдық Britvic компаниясын сатып алуды аяқтады — нарық бұл мәмілені алкогольсіз сегментпен (шырындар мен газдалған сусындар) синергия тұрғысынан оң қабылдады. Бұдан бөлек, ресейлік бизнесті сату есептерде толық көрініс тапты, енді инвесторлар бұл активті айтарлықтай тәуекел ретінде қабылдамайды.

Carlsberg-тің географиясы компанияның пайдасына жұмыс істеді: АҚШ-тағы бизнесі аз, есесіне Азия мен Еуропадағы позициялары күшті. Көктемде АҚШ-тың жаңа баж салығы мәселесі шиеленіскен кезде, Carlsberg акциялары сауда тәуекелдері аясында «тыныш айлаққа» айналды, дейді Jyske Bank аналитигі Хенрик Халленгрин Лаустсен.

— Ambev — нарық көшбасшысы AB InBev-тің Бразилиядағы еншілес компаниясы. Бірінші тоқсандағы мықты нәтижелер инвесторлардың қызығушылығын қайта оятты: Ambev-тің табысы жылдық есеппен шамамен 7%-ға артты. EBITDA қос таңбалы өсімді көрсетті, ал таза пайда өткен жылғы деңгейде қалды — бұл 2025 жылдың бірінші тоқсанындағы салық мөлшерлемесінің өсуін ескерсек, жаман нәтиже емес. Сатылымдар барлық сегменттер мен аймақтарда өсті — әсіресе Бразилия мен Латын Америкасында.

Аналитиктердің пікірінше, бразилиялық компанияның болашағы жалпы оң бағаланады: шамамен 60%-ы бейтарап (hold) ұстанымда, тағы 20%-ы сатып алуға кеңес береді. Акцияның тағы бір артықшылығы — жоғары дивидендтік кірістілік. Қазір ол жылдық 6,6%-ды құрайды — бұл сектор бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі: салыстырар болсақ, Carlsberg — 2,97%, Heineken — 2,46%, AB InBev — 1,67%.

— Compañía Cervecerías Unidas (CCU) — Чилидегі ең ірі сыра өндіруші, шарап, дистиллят және алкогольсіз сусындар сегментінде жұмыс істейді. Жыл басынан бері акциялары 7%-ға қымбаттады, ал сәуір айында — 35%-ға шарықтап, қаржылық көрсеткіштердің жақсарғанын көрсетті.

2025 жылдың бірінші тоқсанында таза пайда жылдық есеппен 11%-ға, сатылым — 9,6%-ға артты. Бұл Чилидегі үстем позициялар мен Аргентина, Уругвай және Парагвайдағы күшті қатысуымен байланысты.

CCU үшін қосымша артықшылық — Heineken компаниясымен стратегиялық серіктестік. CCU — нарықтық капитализациясы $2,4 млрд шамасындағы шағын компания, сондықтан валюта мен елдік тәуекелдерге ұшырағыш. Алайда, оның акциялары нишалық дивидендтік идея ретінде қызығушылық тудыруы мүмкін: кірістілік шамамен 3,5%.

Аутсайдерлер кім?

— Anheuser-Busch InBev. 2025 жылдың бірінші тоқсанында AB InBev (брендтері — Stella Artois және Budweiser) табысы небәрі 1,5%-ға өсті. Алайда EBITDA 7,9%-ға, түзетілген акцияға пайда (EPS) — 7,1%-ға, таза пайда — екі еседен астам өсіп, $2,15 млрд-қа жетті. Сонымен қатар, AB InBev премиум сегментте көшбасшылығын сақтап отыр: Corona бренді бойынша Мексикадан тыс сатылым 11%-ға артты.

Консенсус-болжам AB InBev акциялары бойынша — «сатып алу», ал ADR-ге орташа мақсатты баға шамамен $80, бұл ағымдағы деңгейден 17% өсу әлеуетін білдіреді. Наурызда Argus Research рейтингісін Buy деңгейіне көтерді, мамырда Goldman Sachs та рейтингісін Neutral-ден Buy-ға өзгертіп, мақсатты бағаны $88 деп көрсетті — бұл акциялар тағы 29%-ға өсуі мүмкін деген сөз.

— Басқа ірі сыра өндірушілермен салыстырғанда, Heineken әзірге артта қалып келеді: ресейлік бизнесті есептен шығару, шығындардың артуы мен маржиналылықтың төмендеуі әсерін тигізуде. Бірақ бірінші тоқсан нәтижелері бетбұрыстың болуын меңзейді. Компания күтулерден асып түсті: органикалық көлемдер 2,1%-ға қысқарды (күтілгені — 2,9%), органикалық өсім — 0,9% (күтілген — 0,6%). Бұл көрсеткіштерге премиум сорттарының сатылымы мен Азиядағы жандану — әсіресе Вьетнам — қолдау көрсетті.

Heineken 2025 жылға арналған операциялық табысты 4–8% өсіру жоспарын растады, бірақ сыртқы тәуекелдерді де атап өтті: алюминийге баж салығы, валюта тұрақсыздығы мен инфляция. Heineken акциялары бойынша консенсус «сатып алу» деңгейіне жақындап қалды, ал орташа мақсатты баға шамамен €90 — бұл шамамен 16,5% өсу әлеуетін көрсетеді.

Инвестор қандай тәуекелдерге назар аударуы тиіс

Сұраныстың маусымдық өсуі мен инвесторлардың «қорғаныш» секторларға қызығушылығына қарамастан, 2025 жыл сынаққа айналуы мүмкін: инфляция қысымы мен баж салығы, маркетинг шығындары және алкоголь тұтынудың төмендеу тренді негізгі ойыншылардың өсуін шектеуі мүмкін.

Көптеген дамыған елдерде, әсіресе жастар арасында, алкоголь тұтыну азайып келеді деп жазды Financial Times. Мұның себебі Z буынының немқұрайлылығы ғана емес: салмақ жоғалтуға арналған дәрілердің танымалдығы мен АҚШ-та марихуананы заңдастырудың кеңеюі де спирттік ішімдіктер тұтынуды төмендетіп отыр.

IWSR зерттеу компаниясының дерегінше, дамушы нарықтар — ең алдымен Үндістан, Бразилия, Мексика және ОАР — келесі онжылдықта алкоголь сатылымын $28 млрд-қа арттырады.

Бұл жағдайда ең жақсы позицияда тұрғандар — қарыз жүктемесі аз және бренд портфелі теңгерімді компаниялар: ең алдымен Ambev пен Carlsberg. Ал Heineken жарнама шығындарын мұқият бақылауы тиіс, себебі бұл маржиналылыққа әсер етуі мүмкін, ал AB InBev-тің қарыз деңгейі жоғары болып қала береді, сондықтан өнім бағасының күрт өсуі тұтынушылардың арзан баламаларға көшуіне себеп болуы ықтимал.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары