Жаһандық экономиканың болашағы қандай 5 факторға байланысты

Жарты жыл өтсе де, 2025 жыл тарих оқулықтарына экономикалық және саяси тұрақсыздыққа толы кезең ретінде енуі әбден мүмкін. Бұл жағдай тек қаржы нарықтарына ғана емес, сонымен қатар экономикалық даму сценарийлері мен халықаралық қатынастар жүйесіне де әсер етті. Бұл қалай аяқталады? Беймәлім. Біз АҚШ-тың ішкі және сыртқы тәртібінің күйреуіне куә болып отырмыз ба? Әлде бұл жүйелерді пайдалы түрде қайта құру жолындағы уақытша қиындықтар ма? Осы сұрақтарға Project Syndicate үшін жазған мақаласында Кембридж университеті жанындағы Куинз колледжінің президенті Мохамед А. Эль-Эриан жауап іздейді.
Белгісіздік белең алған кезең
S&P 500 индексі жыл басында «аю нарығына» (нарықтың 20%-ға төмендеуі) жақындап қалғанымен, кейіннен қалпына келіп, жыл басындағы деңгейінде қалды. Облигация табыстылығы қатты құбылып тұр — бұл жағдай, ең алдымен, макроэкономикалық тұрақсыздықпен байланысты. Мәселен, АҚШ-та рецессия қаупі қаңтарда 10%-дан төмен бағаланса, сәуірде 70%-ға дейін жетіп, мамырда қайтадан 40%-дан төмендеді.
АҚШ – әлемдегі ең ірі экономика ғана емес. Мұнда жетілген институттар, дамыған қаржы нарығы, әрі әлемдік резервтік валютаны шығару құқығы бар. Сондықтан бұл елге бүкіл әлем өз байлығы мен жинағын сеніп тапсырады. АҚШ-тағы оқиғалар бүкіл жаһандық экономикаға әсер етеді. Bloomberg шолушысы Джастин Фокстың сөзімен айтқанда: «белгісіздік бұрын-соңды дәл осылай сезілмеген».
Бұл ахуалдың басты себебі – АҚШ-тың кедендік саясатындағы күрт өзгерістер. Олар өз кезегінде өзге де маңызды елдердің қарсы шараларына себеп болды. Бірақ мәселе тек саудада емес. Қазір АҚШ пен басқа да елдер қарыздарын көбейтіп, бюджет тапшылығын арттырып отыр. Бұл жағдай «облигациялық тәртіп сақшыларын» қайта сахнаға шығарды. Соның кесірінен дәстүрлі байланыстар бұзылып жатыр. Ал мемсекторды қысқартуға немесе реформалауға жасалған талпыныстар жаңа сұрақтар туғызып отыр.
Экономистердің пікірі де сан алуан. Бірі АҚШ пен Қытай арасындағы сауда шиеленісінің жұмсаруы Трамп әкімшілігінің саясатының өзгеруін білдіреді десе, екіншілері бұл – уақытша үзіліс, артында жаңа соққылар тұр дейді.
АҚШ пен Еуропа арасындағы сауда байланысы туралы да пікірлер екіге жарылды. Біреулер Трамптың ЕО өнімдеріне 50% кеден салығын салу туралы мәлімдемесі жауапты шаралар легін туғызып, әлемдік экономикаға тікелей және жанама залал әкеледі десе, енді біреулер оны «шиеленісті бәсеңдету үшін жасалған эскалация» деп бағалайды.
Жаһандық экономиканың болашағы неге байланысты?
Болашақ бес негізгі факторға байланысты:
1. Кедендік саясат. Егер АҚШ-тың басты мақсаты — әділ сауда жүйесін қалыптастыру болса, онда бұл ұстаным қысқа мерзімді табыс табу мен өндірісті елге қайтару сияқты өзге басымдықтарды ығыстырып шығаруы тиіс.
2. Облигация нарығы. «Облигациялық тәртіп сақшыларының» қайта келуі ұзақ мерзімді облигация табыстылығын күрт өсірді. Мысалы, Жапонияда ол тарихи максимумға жетті. Бұл өсім нарықтар мен экономикаларды жаңа қауіптерге ұрындыруы мүмкін.
3. Ұлттық қауіпсіздік пен экономика арасындағы қайшылық. Кедендік соғыстардың түбінде «келіссөзшіл көгершіндер» мен «қатал қырандардың» тартысы жатыр. Қысқа мерзімді қиындықтарды АҚШ қауіпсіздігі үшін қажет деп санайтындар – екінші тарап. Кім жеңеді – сол маңызды.
4. Басқа елдердің реакциясы. АҚШ-тың саясаты әлем елдерін долларлық жүйеге деген сенімнен айыруы мүмкін. Базалық сенім әлсіреді ме? Бұл АҚШ-қа балама жүйелердің дамуын жеделдете ме?
5. Корпорациялардың әрекеті. Кәсіпорындар тек қор жинаумен шектеле ме, әлде ауқымды құрылымдық өзгерістерге бара ма? Олар кедендік шығынды тұтынушыға аудара ала ма? Капитал салымына көзқарас өзгерді ме?
Жалпы алғанда, кедендік дау-дамайлар – негізгі себеп емес, тек құрылымдық өзгерістердің жылдамдатушысы. Бұған дейін тиімді болған көптеген экономикалық құралдар — жаһандық сауда, жеткізу тізбектерін әртараптандыру, тиімділіктен гөрі тұрақтылыққа мән беру — өз маңызын жоғалтып барады.
Экономикалық мүдделер ұлттық қауіпсіздік пен ішкі саясаттың көлеңкесінде қалып отыр. Халықаралық институттарға деген сенім әлсірей түсті.
Біз рецессия, стагфляция мен жаһандық экономикалық бытыраңқылыққа тап болуымыз мүмкін. Немесе бұл жол Рейган не Тэтчер дәуіріндегі реформаларға ұқсас, жаңа кезеңге бастау болар. Ол кезеңде өнімділік артып, экономикалық өсу жеделдеп, қарыз азайып, әділ сауда мен орнықты қаржы жүйесі қалыптасуы мүмкін.
Алайда ең оптимист адамдардың өзі бұл сценарийдің мүмкіндігін 50/50 деп бағалайды. Сондықтан баршамызға белгісіздікке төтеп беретін төзімділік пен түрлі сценарийлерге дайын болатындай икемділік керек.
© Project Syndicate, 2025
[www.project-syndicate.org](http://www.project-syndicate.org)








