Жүйелік ақау: Apple ЖИ жарысында қалып қойған орнын өзгерістермен толтыра ма?

Соңғы бірнеше аптада Apple төрт негізгі қызметкерінен айырылды. Алдымен компанияның бас операциялық директоры Джефф Уильямстың қызметінен кеткені белгілі болды. Ол Apple-дегі екінші тұлға саналып, Тим Куктың ықтимал мұрагері ретінде қарастырылған еді. Кейін Meta компаниясы Apple-дің жасанды интеллект бөлімінің жетекшісі Жуомин Панды жұмысқа алғанын хабарлады. Ал 18 шілдеде Bloomberg дереккөздері Марк Цукерберг Apple-дің ЖИ бөлімінен Марк Ли мен Том Гантерді жұмысқа алғанын жазды.
Кеткен топ-менеджерлер мен инженерлер несімен маңызды болды және бүгінгі Apple дағдарысы компанияның бұрынғы тарихи сәтсіздіктеріне қалай ұқсас болуы мүмкін?
Мұрагердің қызметтен кетуі: Джефф Уильямс деген кім?
2008 жылы, яғни Apple басшысы Стив Джобс қызметінен кетіп, қайтыс болардан үш жыл бұрын, компанияның операциялық директоры Тим Кук оның мұрагері ретінде басты үміткер аталып, «артына тұрып тұрған данышпан» делінген еді. Алты жылдан кейін Business Insider Джефф Уильямсты «Тим Куктың жаңа Apple-дегі Кук нұсқасы» деп атады.
62 жастағы Уильямс инженер мамандығы бойынша білім алған және Apple компаниясында 27 жыл жұмыс істеген. Ол iPhone өндірісі үшін жеткізу тізбегін нөлден бастап құрып шыққан.
Стив Джобс қайтыс болғаннан кейін, Уильямс Apple-дің жаңа өнімдерін әзірлеу бағытын басқарды. Ол бас дизайнер Джон Айв жетекшілік еткен өнім командасын құрды, кейін сол Айвтың орнын да басқан. (Айта кетсек, Айв — iPhone-ды жасаған тұлға, қазір ол OpenAI-мен бірге құпия құрылғы дайындап жатыр.)
Уильямстың жетекшілігімен шығарылған Apple Watch сағаты бүгінде $228,8 млрд-қа бағаланатын киілетін құрылғылар нарығының негізін қалады. Дегенмен, оның соңғы жетістіктері жаңа жобалармен емес, өндірісті Қытайдан Үндістанға көшірумен және Дональд Трамп кезеңіндегі сауда соғыстары кезінде өндірісті сақтап қалумен байланысты болғанын The New York Times жазады.
Сонымен қатар, Уильямс өнім дизайнын Apple бизнесінің өзегі деп санаған. Ол VOX-қа берген сұхбатында: «Біз табыс өсімі туралы уайымдамаймыз. Біз “сарапшылар үшін тағы да Х пайыз алдық” деп айтуға ұмтылмаймыз. Біз өзіміз сенетін өнімдер жасауға назар аударамыз, ал нарық бәрін өзі реттейді», — деген болатын.
Қазір Тим Куктың мұрагері ретінде ең ықтимал үміткер — Apple компаниясының аға вице-президенті, жабдықты әзірлеу бөлімінің басшысы Джон Тернус саналады. Bloomberg дереккөздері сәуір айында оның қолына бұған дейін аға вице-президент Джон Джаннандреа бақылаған жасырын робототехника бөлімшесі берілгенін хабарлаған. Тернус нақты өнімге баса мән береді — мысалы, Mac компьютерлерін Apple-дің өз Silicon процессорларына көшіру оның бастамасы болды.
Шешуші сәт: Apple-дің ЖИ бағытын кім басқарады?
Жуомин Пан — Apple-де 2021 жылдан бері жұмыс істеген жасанды интеллект зерттеушісі, әлемге танымал ғалым. Оның Хирш индексі – 55, яғни кем дегенде 55 ғылыми еңбегін басқа зерттеушілер 55 реттен артық сілтеген дегенді білдіреді. Соңғы бес жылда Панның еңбектері 43 мыңнан аса рет ғылыми әдебиеттерде аталған. Apple-де Пан ірі нейрожелілер мен генеративті ЖИ-ға негіз болатын базалық модельдер зертханасын басқарды. Бұл – Марк Цукерберг құрғысы келетін жасанды «ақыл иесінің» іргетасы саналатын технология.
Bloomberg дереккөздерінің мәліметінше, Meta компаниясы Панды өз қатарына қосу үшін оған бірнеше жылдық келісімшарт аясында $200 млн-нан астам қаржы төлеуге уәде берген.
Gemini чат-ботының бас инженері Лянлян Цао Панды былай сипаттады: «Пан — барлығы жақсы көретін әрі құрметке ие сирек инженер. Оның тек машиналық оқытуда ғана емес, сонымен қатар инфрақұрылым саласында да терең білімі бар. Оған қоса ол өте кішіпейіл және әрдайым көмектесуге дайын адам».
Дегенмен, Панды менеджер ретінде бағалау әзірге нақты емес. Бірақ Купертинодағы ЖИ зертханасына жауапты бола отырып, ол Apple-дің ЖИ саласындағы артта қалуына да белгілі бір деңгейде жауапты.
Bloomberg-тің хабарлауынша, Марк Ли, яғни Пан 2021 жылы алғаш жұмысқа алған қызметкері, енді Meta-ға ауыспақ. Ал тағы бір қызметкері Том Гантер Купертино қаласында 8 жылдай жұмыс істеген, Apple-дегі жетекші ЖИ-инженерлердің бірі болған. Ол бір ай бұрын жұмыстан шығып, басқа компанияға орналасқанымен, көп ұзамай оны Meta өзіне шақырып алған.
2024 жылдың шілде айында Apple Гантер мен Ли авторласқан ғылыми еңбекті жариялады. Онда әртүрлі компьютерлік инфрақұрылымдарда жұмыс істей алатын және модельге нақты өзгерістерді тез енгізе алатын жаңа оқыту жүйесі сипатталған.
Сондай-ақ, маусым айының соңында AppleInsider басылымы Apple MLX деп аталатын, Apple Silicon үшін оңтайландырылған ашық кодты машиналық оқыту фреймворкін жасаған бүкіл команданың кетуге шақ қалғанын жазды. Бірақ Apple басшылығы сол кезде инженерлерге бас тартуға болмайтын ұсыныс жасап, оларды ұстап қалған.
ЖИ-ге бас-көз болатын жеті адам
Бас операциялық директор лауазымын енді Сабих Хан иеленеді, алайда оның өкілеттігі Уильямсқа қарағанда шектеулі болады. Дизайнерлер командасы тікелей Тим Кукқа бағынады. Ал Apple Watch құрылғысын дамыту мен Apple Health жобасының болашағымен кім айналысатыны әзірге белгісіз.
Apple-дің бұрынғы инженері Мэтью Мур Сабих Ханның шығармашылық қабілеттеріне күмәнмен қарайды: «Сабих көп жағынан Тим Кукқа ұқсайды. Джефф өнімге көбірек назар аударушы еді. Ал Сабих тамаша ұйымдастырушы, ол Тим секілді өте жүйелі жұмыс істейді», — дейді ол.
Базалық модельдер зертханасын енді Чжифэн Чэнь басқарады. Бұл — 2020 жылдан бері еңбектері 92 мың рет сілтемеленген беделді ғалым. Дегенмен, ол инженерлерді тікелей басқармайды. Оның қарамағына бірнеше менеджер тағайындалады, олар әзірлеушілермен өзара байланысқа жауапты болады.
ЖИ жарысындағы артта қалу нарықты Кукке күмәнмен қаратуда
2024 жылдың маусымында Apple әзірлеушілерге арналған конференцияда Apple Intelligence атты жаңа ЖИ жүйесін таныстырды. Компания бұл жүйе қолданушылардың күнделікті тапсырмаларын орындап, өмірін жеңілдетеді деп уәде берді. ЖИ хабарламаларды реттеп, нысандарды толтырып, сурет салып, хаттар мен мәтіндер жазып, өңдей алады деп мәлімделді.
Жаңа жүйе жарияланған күні Apple акциялары 5% өсіп, 207 долларлық рекордтық деңгейге жетті. Бұл — соңғы екі жылда төмендеген телефон сатылымын жандандыруға серпін берді. Алайда жаңа функциялар күзге дейін кейінге шегерілді және тек АҚШ нарығында қолжетімді болды. Siri бұрынғыша толыққанды көмекші бола алмады.
Компания Siri-дің жекелендірілген мүмкіндіктерін 2024 жылдың жазынан бастап жарнамалап келді (iPhone 16 таныстырылымында да айтылды), бірақ бір жылдан соң да бұл функциялар іске қосылған жоқ. 2025 жылдың наурызында Apple жаңа мүмкіндіктердің тек алдағы бір жыл ішінде шығатынын мойындады. LightShed Partners сарапшылары Уолтер Пайсэк пен Джо Гэлоунның пікірінше, Кук жағдайды түзете алмайды және отставкаға кетуі тиіс.
Fortune басылымы жазғандай, Apple-дің дауыстық көмекшісі Siri чат-боттардан артта қалып отыр, бұл жағдай нарықта компанияның заманауи технологиялық бәсекеге төтеп бере ала ма деген күмән тудырды. Мақала «Тим Кук акционерлерге Стив Джобстан да көп табыс әкелді, бірақ ЖИ дәуірінде оның әлсіз жақтары анық көріне бастады» деген атаумен жарияланды.
Bloomberg шолушысы Марк Гурман бұл мәселені ішкі ресурстармен шешу мүмкін емес деп санайды. Оның ойынша, Apple Perplexity секілді ірі ЖИ-стартапты сатып алып, сырттан мамандар тартуы қажет. Бұл ұсынысты Wedbush сарапшысы Дэн Айвз те қолдап, оны «айқын қадам» деп бағалады.
Ал PP Foresight жетекші сарапшысы Паоло Пескаторе керісінше пікірде. Ол Apple-дің жағдайды ішкі ресурстармен де қалпына келтіруге мүмкіндігі бар дейді: «Қазір ЖИ қызметтері көп қолданушылар үшін аса қажет емес, әрі табыс өсіміне тікелей әсер етіп тұрған жоқ. Қазір ЖИ жарысының спринті емес, марафоны», — деді ол Oninvest-ке. Пескаторе Apple өнімдерінде бұрыннан машиналық оқыту технологиялары бар екенін еске салды.
D.A. Davidson компаниясының технологиялық зерттеулер бөлімінің басшысы Гил Лурия да осы пікірді қолдайды. «Apple-дің өте адал және тұрақты клиенттік базасы бар, олар жаңа ЖИ мүмкіндіктері шыққанша күте алады», — дейді ол. Бірақ жаңа технологиялар дами берсе, қолданушыларды жаңа iPhone модельдеріне көшіру қиын болады дейді.
Пескаторе мен Лурия Apple-ге жаңа мүмкіндіктер мен адал қолданушылар сенімін ақтау арасындағы тепе-теңдікті табу қажет екенін айтады.
Мұны жүзеге асыратын да Кук. Оның жақын арада отставкаға кетуіне сарапшылар сенбейді. Өйткені жария компаниялардың бас директорлары акция бағасының динамикасымен бағаланады. 2025 жылы Apple акциялары 13,4% төмендегенімен, Кук басшылыққа келгеннен бері олардың құны 1500% артты, деп жазады Bloomberg.
Apple: сәтсіздіктер тарихы
49 жылдық тарихында Apple бірнеше рет елеулі соққы алған қиын жағдайларға тап болды. Олардың кейбірі қазіргі жасанды интеллект бағытындағы сәтсіздіктермен ұқсас тұстарға ие.
— Apple қалай ретсіз жобаны дамытуға күш жұмсады?
1980 жылы сатылымға шыққан Apple III компьютері IBM PC-мен бәсекелес болуы тиіс еді, бірақ компания тарихындағы ең сәтсіз жобалардың біріне айналды. Apple-дің негізін қалаушы Стив Возняктың есебінше, бұл жоба 300 миллион доллар шығынға алып келген, қазіргі бағамен бұл — шамамен $1,1 млрд. Салыстыру үшін: Apple биржаға алғаш шыққан күні оның капитализациясы $1,778 млрд болған.
Apple III бизнеске бағытталған өнім ретінде ұсынылды. Бағасы 4340 доллардан басталды — бұл қазіргі ақшамен шамамен 17 мың доллар. Бұл компьютер Apple II моделінен екі есе жылдам, экранға 80 таңбалық қатар шығара алатын, және 5 дюймдік дискіжетегі бар — ол кезде бизнес үшін маңызды функция еді. Алайда бағдарламалық қамтамасыз етудегі ақауларға байланысты көп қолданушы Apple III құрылғысын ескі Apple II режимінде ғана қолданды. Бұл ескі бағдарламалармен сәйкестікті қамтамасыз ететін жалғыз амал болатын. Сол кездегі газеттерде: «5000 доллар тұратын эмуляторы бар компьютерді не үшін сатып аламыз, егер 2500 долларға ескі модельмен-ақ жұмыс істей беруге болады?» деген сыни пікірлер жарияланды.
Сол кезде кінәні бәрі бір-біріне аударды: топ-менеджмент инженерлерді, инженерлер топ-менеджментті, оның ішінде жобалауға араласқан Стив Джобсты кінәлады. Apple-дің алғашқы қызметкерлерінің бірі Рэнди Уиггинтон бұл компьютерді былай сипаттаған: «Бұл — оргия кезінде пайда болған бала сияқты: ол бәріне де мәселе болды, бірақ өмірге келіп қойған, ал енді бәрі одан бас тартып, “ол менікі емес” деп отыр».
Ауыр жүк: Apple-дің алғашқы ноутбугінің сәтсіздігі
1989 жылы Apple-ді Pepsi компаниясының бұрынғы президенті Джон Скалли басқарды. Оның басшылығымен компания өз тарихында алғаш рет Macintosh Portable ноутбугін нарыққа шығарды. Бұл жоба Apple тарихындағы ең үлкен сәтсіздіктердің бірі болды, дейді компания тарихын зерттеушілер.
Скалли мен оның орынбасарлары нарықта «оң жақ бұрыш» стратегиясын ұстанды: «қымбат–арзан» және «әлсіз–қуатты» деген графикте Apple құрылғылары ең қуатты әрі ең қымбат өнімдер қатарында болуы тиіс еді.
Бағасы $6500 (қазіргі бағамен шамамен $17 000) болған ноутбук 10 сағат аккумулятормен жұмыс істей алатын, жоғары сапалы 10 дюймдік экраны бар, және оған Apple-дің үстел компьютерлеріне арналған кез келген қосымша құрылғыны жалғауға болатын. Алайда ноутбуктың салмағы 7 келіден асып, оны тізеге қоюға келмейтін және ұшақтағы жиналмалы үстелге сыймайтын.
Бұл ноутбуктың сәтсіздігі Скаллидің мұрагері саналған Жан-Луи Гассенің мансабын аяқтады. 1990-жылдардың ортасында Гассе мен Джобс Apple басшылығына таласып, компанияны нарықтан кетуден құтқару мүмкіндігіне ие болғысы келді — нәтижесінде Джобс жеңді.
Apple-дің ЖИ бағытын қазір құтқаратын адам табыла ма?








