AMD табысы мен кірісі Уолл-стриттің болжамынан асып түсті

Жасанды интеллектке арналған чиптер, ойынға арналған видеокарталар және дербес компьютерлерге арналған процессорлар шығаратын AMD компаниясы төртінші тоқсанға берген болжамымен кей инвесторлардың көңілінен шықпады, деп жазады Bloomberg. Компания бұл тоқсандағы табысы шамамен $9,6 млрд болады деп отыр. Сарапшылардың орташа болжамы $9,2 млрд болса, кейбірі $9,9 млрд-қа дейін күтті.
Инвесторлар AMD-ге OpenAI және Oracle компанияларымен жасалған келісімдерден кейін үлкен үміт артқан. Бұл серіктестер AMD чиптерін ЖИ-инфрақұрылымын құру үшін қолданбақ. Алайда 4 қарашада кешкісін жарияланған болжам бұл келісімдердің әсері нарық күткендей жылдам көрінбейтінін көрсетті, дейді Bloomberg.
Осы мәліметтерден кейін AMD акциялары қосымша саудада 3%-ға арзандап, $242,2-ге түсті. Негізгі саудада да бағасы 3,7%-ға төмендеді. Бұған ЖИ-компаниялардың шамадан тыс бағалануына қатысты инвесторлардың қорқынышы да себеп болды.
AMD есебінде не айтылды?
– Үшінші тоқсанда компанияның табысы 36%-ға өсіп, рекордтық $9,2 млрд-қа жетті. Bloomberg мәліметіне сай, сарапшылар $8,7 млрд болады деп күткен. Бұл көрсеткішке AMD Instinct MI308 графикалық процессорларын Қытайға жеткізуден түскен табыс кірмеген.
– Дата-орталықтарға арналған өнімдердің сатылымы 22%-ға өсіп, $4,3 млрд болды. Бұл да болжанған $4,14 млрд-тан жоғары.
– ДК мен ойын видеокарталары сегментіндегі табыс 73%-ға артып, $4 млрд-қа жетті. Сарапшылар $2,6 млрд болады деп күткен. Оның ішінде ойын видеокарталары сегментінде табыс өткен жылмен салыстырғанда 181%-ға өсті. Компания бұл Radeon видеокарталарына деген сұраныстың артуымен байланысты екенін айтты.
– Түзетілген таза пайда бір акцияға шаққанда $1,2 болды. Бұл да сарапшылар болжаған $1,17 көрсеткішінен жоғары, деп хабарлайды Bloomberg.








