БастыReview
Бөлісу

Апта жаңалықтары: Трамптың баж салығы, Palantir-дың рекорды, OpenAI SpaceX-ке таяды

Ангелина Клейменова

Ангелина Клейменова

Апта жаңалықтары: Трамптың баж салығы, Palantir-дың рекорды, OpenAI SpaceX-ке таяды

Америкалық нарықтағы ЖИ мен жоғары технологиялар саласында белсенділік артты. OpenAI қызметкерлерінің акцияларын сату жөнінде мәміле дайындап жатыр, ол компанияның бағасын $500 млрд-қа дейін жеткізіп, SpaceX-тен асыруы мүмкін. Apple Дональд Трамппен бірге АҚШ-тағы инвестицияларды $100 млрд-қа арттыратынын, соның ішінде iPhone әйнегін өндіруге $2,5 млрд бөлетінін жариялады. Palantir-дың табысы алғаш рет $1 млрд-тан асты, ал Nebius Group акциялары табыстың жеті есе өсуі мен болжамның артуынан кейін 28% шарықтады. 4–8 тамыз аралығындағы басты оқиғалар — біздің шолуымызда.

Palantir-дың табысы таңқалдырды, бірақ сарапшылар акция әлеуетімен келіспеді

5 тамызда тоқсандық есеп жарияланғаннан кейін әскери ЖИ әзірлеуші әрі қорғаныс мердігері Palantir-дің акциялары саудада шамамен 10% қымбаттады. Компанияның табысы өткен жылмен салыстырғанда 48% өсіп, алғаш рет $1 млрд-тан асты. Жылдық болжамын ЖИ-ге деген қызығушылықтың артуымен байланыстырып жақсартқан Palantir, әсіресе АҚШ-тың коммерциялық секторында жақсы нәтиже көрсетті – мұнда табыс екі есе өсті. Wedbush сарапшысы Дэн Айвз Palantir-ді «ЖИ әлемінің Мессийі» деп атап, акциялардың мақсатты бағасын 160 доллардан 200 долларға көтерді, бұл тағы 10%-дық өсімді болжайды.

Дегенмен, Уолл-стриттегі сарапшылардың басым бөлігі жоғары бағасына байланысты қағаздарға қатысты бейтарап ұстанымды сақтап отыр. UBS, Citi, Morgan Stanley және Deutsche Bank мақсатты бағаларды көтерсе де, «сатып алу» ұсынымына өтпеді. Негізгі қауіп факторы ретінде олар тым жоғары мультипликаторды және болашақта осындай өсу қарқынының тұрақсыз болу ықтималдығын атап өтеді.

Jefferies қоса алғанда кейбір сарапшылар Palantir қағаздарын ең оптимистік сценарийде де артық бағаланған деп санап, әлі де сатуға кеңес береді. Соған қарамастан, инвесторлардың компанияға деген қызығушылығы жоғары күйінде қалуда — Palantir бірден бірнеше мегатрендтің ортасында тұр: ЖИ, қорғаныс саласын жаңғырту және деректерді өңдеу.

Palantir туралы тағы не оқуға болады?

— Onivest үшін журналист Роман Могучий Palantir инвесторлардың назарын несімен аударатынын және мұндай компания үстемдік ететін болашақ неге құқық қорғаушылар мен азаматтық белсенділерге ұнамайтынын «Palantir Пентагон мен корпорацияларға ЖИ жеткізушіге қалай айналды» мақаласында талдады.

Трамп өндірісті АҚШ-қа қайтару үшін чиптер мен фармацевтикаға баж салығын енгізді

Дональд Трамп АҚШ-қа келетін жартылай өткізгіштер импортына 100% баж салығын енгізетінін мәлімдеді. Алайда бұл талап АҚШ-та зауыт салып жатқан немесе салуға уәде берген компанияларға қолданылмайды. Ол уәделер нақты әрекетпен расталуы тиіс екенін атап өтті, әйтпесе баж салығы бәрібір салынады, соның ішінде «жинақталған қарыз» да есептеледі. Әлемдегі ең ірі чип жеткізушісі TSMC АҚШ-та зауыттар салып жатыр, сондықтан оның акциялары бұл жаңалықтан кейін шамамен 5% қымбаттады.

Бұдан бөлек, Трамп АҚШ-қа импортталатын дәрі-дәрмекке баж салығы 250%-ға дейін жетуі мүмкін екенін айтты — бұл оның бұған дейін айтқан ең жоғары мөлшері. Ол алдымен дәрі-дәрмекке «шағын баж салығын» енгізіп, бір жылдан бір жарым жылға дейін оны 150%-ға, кейін 250%-ға дейін көтеретінін нақтылады. Жоспарланған баж салығы фармацевтика саласына соққы болып тиюі мүмкін. Сала өкілдері мұндай шара шығындарды арттырып, АҚШ-тағы инвестицияны азайтып, дәрі-дәрмек жеткізу тізбегін бұзып, науқастардың денсаулығына қауіп төндіруі ықтимал екенін ескертті, деп жазды CNBC.

АҚШ президенті соңғы онжылдықтарда қысқарған фармацевтикалық өндірісті елге қайтаруға тырысып жатыр. Сәуір айында Трамп әкімшілігі фармацевтикалық өнімге қатысты 232-бөлім бойынша тергеу бастады — бұл сауда министріне импорттың ұлттық қауіпсіздікке әсерін бағалауға мүмкіндік береді.

Тағы не оқуға болады?

— Соңғы 12 айда Novo Nordisk компаниясының акциялары шамамен 70% арзандады. Не орын алды және мұндай инвесторлар реакциясы қаншалықты орынды — «Novo Nordisk оқиғасы: Ozempic-ті ойлап тапқан алпауыт өз нарығында қалай тақтан тайды» мақаласында.

Intel CEO-сының Қытаймен байланысы мәселе тудырды

Дональд Трамп Intel бас директоры Лип-Бу Таннан «айқын мүдделер қақтығысына» байланысты дереу отставкаға кетуді талап етті. Ол бұл мәлімдемесін TruthSocial әлеуметтік желісінде жариялап, бұл бірден нарыққа әсер етті: Intel акциялары 4%-дан астам төмендеді.

Бұған дейін республикашыл сенатор Том Коттон Intel директорлар кеңесіне Танның Қытай құрылымдарымен байланысы жөнінде сұрау жолдаған. Әңгіме Танның Қытайдың армиясымен байланысты чип компанияларына салған инвестициялары, сондай-ақ бұрынғы компаниясы Cadence Design-ға қатысты іс туралы болып отыр. Cadence Design Қытайдың әскери жоғары оқу орнына технология беру ісі бойынша $140 млн төлеуге келіскен.

«Intel америкалық салық төлеушілердің ақшасын жауапкершілікпен пайдаланып, қолданыстағы қауіпсіздік нормаларын сақтауы тиіс, – деп жазды Коттон. – Мырза Танның байланыстары Intel-дің бұл міндеттерді орындай алу қабілетіне қатысты сұрақтар туғызады». Intel федералдық қаржыландыру алады. Компания өзі мен бас директоры АҚШ ұлттық қауіпсіздігіне толықтай берілгенін және барлық сұрақ бойынша түсініктеме беруге дайын екенін мәлімдеді.

Intel туралы тағы не оқуға болады?

— Бұл Intel-дің жалғыз мәселесі емес. Компания миллиардтаған доллар құйған жаңа чип өндіру технологиясы сапа мәселелеріне тап болып, негізгі жаңа процессор шығару пайдасын қауіпке тікті. Бұл оның өндіріс көлеміне қалай әсер етеді — «Intel жаңа чип жасауда қиындыққа тап болды. Бұл TSMC-мен бәсекелестікке кедергі ме» мақаласында.

Трамп Ресей мұнайы үшін Үндістанға баж салығын еселеді

АҚШ президенті Дональд Трамп Үндістаннан келетін тауарларға баж салығын 50%-ға жеткізетінін мәлімдеді. Шешім 27 тамызда күшіне енеді. Қысымды күшейтуге себеп — Украинадағы соғысқа қарамастан Үндістанның ресейлік мұнай импортына инвестиция салуы. Сонымен бірге АҚШ әзірге ресейлік мұнайдың өзге де сатып алушыларына, соның ішінде Қытайға, осындай шара енгізген жоқ.

Жаңа-Дели бұл әрекетке қатты қарсы шығып, Вашингтонның қадамын әділетсіз және елдің энергетикалық қауіпсіздігіне қатер төндіреді деп атады. Үндістандағы оппозиция Трампты экономикалық бопсалауда айыптап, билік ықтимал жауап шараларын қарастыра бастады.

Жаңа баж салығы күшіне енсе, Үндістанның АҚШ-қа экспорты 60% қысқарып, зергерлік, тоқыма, аяқкиім және фармацевтика сияқты негізгі салаларға соққы болуы мүмкін.

Apple АҚШ-тағы өндірісіне $100 млрд инвестиция құймақ

Apple және Дональд Трамп компанияның АҚШ-тағы инвестицияларын төрт жыл ішінде $100 млрд-қа ұлғайтатынын мәлімдеді. Оның ішінде $2,5 млрд iPhone әйнегін өндіруді кеңейтуге Кентукки штатындағы Corning зауытына бағытталады, мұнда енді барлық iPhone және Apple Watch әйнегі жасалады. Apple-дың АҚШ экономикасына жиынтық инвестициялары $600 млрд-қа жетеді.

Apple сондай-ақ Coherent (Face ID үшін лазерлер), Texas Instruments, GlobalFoundries және басқа компаниялармен бірлесіп, АҚШ-та чиптер мен пластиналарды шығарудан бастап модульдерді жинауға дейін «толық» өндірістік тізбегін құру туралы хабарлады. Компанияның бағалауы бойынша, биыл оның өнімдеріне арналған 19 млрд-тан астам чип америкалық жеткізушілердің қатысуымен өндіріледі.

Ақ үйде сөйлеген сөзінде Трамп мұны Apple тарихындағы ең ірі инвестиция деп атап, ел бойынша жаңа фабрикалар салынуын күтетінін айтты. Apple басшысы Тим Кук негізгі компоненттердің өндірісі қазірдің өзінде ішінара АҚШ-қа ауыстырылғанын және компания Трамптың елдегі қатысуын кеңейту туралы үндеуін байыппен қабылдағанын атап өтті.

OpenAI SpaceX-тен жоғары бағалануы мүмкін, компания $500 млрд көлемінде мәміле дайындап жатыр

OpenAI инвесторларға қызметкерлерінің акцияларын сату жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл компания бағасын $500 млрд-қа дейін көтеріп, оны Илон Масктің SpaceX-інен озып, ең қымбат жекеменшік технологиялық стартапқа айналдыруы мүмкін. Шілдеде оның құны $400 млрд деп бағаланған. OpenAI мәмілені негізгі мамандарды ұстап қалу үшін жоспарлап отыр, бірақ ол қазірдің өзінде Thrive Capital қоса алғанда ірі қорлардың қызығушылығын тудырды, деп жазады Financial Times және Bloomberg дереккөздері.

Акцияларды сату бағасы белгіленбеген, ал сату көлемі инвестор сұранысына байланысты болады. Дегенмен, ол өткен жылдың соңында жүргізілген $1,5 млрд көлеміндегі акция сату көрсеткішінен едәуір асады деп күтіледі, деді FT сұхбаттасы. OpenAI алдағы мәміле туралы түсініктеме берген жоқ.

Компания инвестор тарапынан жоғары сұранысты пайдаланып, қызметкерлерге компания өсімін көрсететін және оларды онда қалуға ынталандыратын өтімділік беруді көздейді, деп жазды Bloomberg. Соңғы айларда OpenAI зерттеу бөлімінен бірнеше маманын Meta Platforms компаниясына жоғалтты — Meta нарықта мамандарды жоғары көлемдегі өтемақы пакеттерін ұсынып, белсенді түрде тартып жатыр.

OpenAI табысының қарқынды өсуін көрсетіп отыр: жазылымнан түсетін жылдық кіріс (annual recurring revenue, ARR) $12 млрд-қа жетіп, 2025 жылдың соңына қарай $20 млрд-тан асуы мүмкін. Салыстыру үшін, негізгі бәсекелесі Anthropic-тің ARR көрсеткіші $4 млрд-қа жеткен, ал компания $170 млрд деп бағаланады. Дегенмен, екі стартап та озық ЖИ үлгілерін оқыту мен пайдалануға кететін жоғары шығындар себебінен әлі де шығынмен жұмыс істеп отыр.

Бұл туралы тағы не оқуға болады?

— Инвестициялық менеджерлердің 90%-дан астамы өз жұмысында жасанды интеллектіні қолданған немесе қолдануды жоспарлаған. ЖИ қазірдің өзінде деректерді талдап, нарықтық үрдістерді анықтап, тіпті портфельдер қалыптастырады. Екатерина Смирнова ЖИ-инвестициялаудың артықшылықтары мен кемшіліктері туралы «Инвесторлар ЖИ-ге не тапсыра алады?» материалында жазды.

Nebius акциялары табыстың шарықтауынан кейін Nasdaq рекорд жаңартты

Nebius Group (бұрынғы Yandex N.V.) акциялары мықты тоқсандық есеп жарияланғаннан кейін 19% шарықтады. Компанияның екінші тоқсандағы табысы 625% өсіп, $105,1 млн-ға жетті, бұл сарапшылар болжамынан жоғары болды. Дегенмен, таза залал 48,5% өсіп, $91,5 млн-ға жетті. Компания өткен жылдың соңында Еуропада ЖИ инфрақұрылымын дамытуға $1 млрд инвестиция салу жоспарын хабарлаған.

Nebius Group басшысы Аркадий Волож ЖИ инфрақұрылымына серверлерден бастап софтқа дейін сұраныс тек арта түсетінін айтты. Компания жылдық болжамын көтеріп, енді табысты $900 млн – $1,1 млрд диапазонында күтеді. Сарапшылардың пікірінше, бұл есептеу қуатына және деректерді өңдеу орталықтарына тұрақты сұранысқа деген жоғары сенімді білдіреді.

Мамандар мұндай жедел өсім ағымдағы Nebius бағасын ақтау үшін қажет екенін атап өтті. Seeking Alpha сарапшысы Джек Боуман компанияны «өсу тұрғысынан ерекше мықты» деп атады, бірақ ЖИ-ға сұраныстың кез келген баяулауы бизнеске теріс әсер етуі мүмкін екенін ескертті. Әзірге ондай белгілер байқалмайды.

Бұл туралы тағы не оқуға болады?

Қазақстанның тумасы әрі «Яндекстың» тең құруышысы Аркадий Волождың ЖИ-стартапы Nebius неге жасанды интеллект секторындағы ең перспективті инвестициялардың бірі деп аталатыны «Уолл-стриттегі казинo: неліктен Nebius нарықтың қызған шағында дараланып тұр?» мақаласында жазылған.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары