БастыReview
Бөлісу

Palantir Пентагон мен корпорацияларға ЖИ жеткізушіге қалай айналды

Роман  Могучий

Роман Могучий

Palantir Пентагон мен корпорацияларға ЖИ жеткізушіге қалай айналды

Palantir компаниясының нарықтық құны $400 млрд-тан асты, бұған екінші тоқсандағы табысты есеп түрткі болды. Барлау деректерін жинап, өңдеуге маманданған америкалық компания 30 маусымда аяқталған екінші тоқсанда табысты 48%-ға арттырып, $1 млрд-тан асырып отыр. Акционерлерге жолдаған үндеуінде компанияның негізін қалаушы Александр Карп Palantir-дің «болашақ бағдарламалық қамтамасыз етудің үстем әзірлеушісі» болуды жоспарлайтынын мәлімдеді. Onivest үшін журналист Роман Могучий Palantir неге инвесторларды қызықтыратынын және неге адам құқықтарын қорғаушылар мен азаматтық белсенділер мұндай болашақтан қауіптенетінін зерттеп көрді.

Америкаға қызмет ету: Palantir мемлекеттік келісімшарттар үшін соттасқан алғашқы компания болды

Palantir АҚШ-та мемлекеттік келісімшарттар негізінде өз империясын құрды — Орталық барлау басқармасы (CIA) мен басқа да барлау қызметтеріне, әскери құрылымдар мен ішкі қауіпсіздік министрлігіне қызмет көрсетті. Мұндай клиенттерден 2000-жылдары Кремний алқабының көпшілігі қашық жүрген еді.

BigTech қызметкерлері Қорғаныс министрлігі мен полицияға тапсырыстарды орындауға қарсы шыққан сәтте Palantir АҚШ армиясымен соттасып, олармен жұмыс істеу құқығын талап етті. Компанияның айтуынша қолданыстағы мемлекеттік тендер ережелері Кремний алқабының инновациялық компанияларын ығыстырып тастайтын. Palantir заң жүзінде жекеменшік сектор инновацияларын пайдалануға міндеттейтін талаптарды алға тартты.

2019 жылы жеңіп шыққан сот Palantir-ге Қорғаныс министрлігінің дәстүрлі мердігерлерімен тең дәрежеде бәсекелесуге мүмкіндік берді. Әскери алып Raytheon-мен өткен тендерде жеңіске жеткен Palantir $876 млн-ға арналған алғашқы 10 жылдық келісімшартын алды. Алты жылдан соң бұл сома бірнеше есе өсіп, 2025 жылдың алғашқы жеті айында Palantir-ге әскери ведомстволар $10,8 млрд тапсырыс беруге келісімін берді.

4 тамызда инвесторлармен өткен Zoom қоңырауында Palantir-дің тең құрылтайшысы Александр Карп: «Біз бәсекелестік шеңберінен тыс артықшылықты АҚШ үкіметіне қамтамасыз етуіміз керек» — деді.

«Америка — еркін әлемнің көшбасшысы, Батыстың басымдығына сенеміз, және өз құндылықтарымыз үшін күресуге міндеттіміз», — деді ол.

Корпорациялар үшін ЖИ және компанияға қосылып жұмыс істейтін инженерлер

Palantir есебінде мемлекеттік емес тапсырыстар, яғни жеке сектордан түскен табыс едәуір артқаны айтылған. АҚШ-тағы жеке клиенттерден түскен табыс бір жылда 93%-ға өсіп, $306 млн болды — бұл сол нарықтағы мемлекеттік келісімшарттардан түскен табыстың 71,8%-ына тең.

Жақында ғана MarketWatch инвесторлардың Palantir-дің мемлекеттік тапсырыстарға тым тәуелділігінен алаңдайтынын жазған болатын.

Алайда компанияның кірістер жөніндегі директоры Райан Тейлор енді Palantir «корпоративтік жасанды интеллект мүмкіндіктері туралы көзқарасты өзгертуде» деп мәлімдеді.

«Генеративті ЖИ жүйелері нақты мәселелерді түсінуден алшақ — кейде олар адамнан артық болып көрінуі мүмкін, бірақ келесі сәтте адам ешқашан жасамайтын апатты қателікке ұрынады», — дейді Тейлор.

Алайда ол Palantir-дің корпоративтік өнімі — Ontology — мұндай қателіктерден ада деп сендіреді.

Ontology – компанияның бүкіл деректерін біріктіріп, бизнес-процестермен байланыстыратын цифрлық егізді қалыптастыратын жүйе. Райан Тейлордың айтуынша бизнес келісімшарттарының жалпы көлемі тоқсанда $2,3 млрд-қа жеткен.

Мысалы, Citibank: жаңа клиенттерді комплаенс тексеру мерзімі 9 күннен бірнеше секундқа қысқарды; Fanny Mae: ипотекалық алаяқтықты тергеу екі айдың орнына жедел түрде жүре бастады; Nebraska Medicine: Palantir технологиясы науқасты шығару уақытын орта есеппен 1 сағатқа қысқартты; Сақтандыру компаниялары: Palantir ЖИ төлемнен бас тартуға қарсы 1200+ шағым хат жазып берді.

Компания бұл өнімдерді нақты бейімдеу үшін инженерлерін тікелей клиент кеңсесіне жібереді. Bloomberg-тің жазуынша 2009 жылы Palantir JPMorgan-ға бірден 120 қызметкерін орналастырған. Олар банк ішіндегі алаяқтықпен күрес бөліміне көмектесу үшін қызметкерлердің хат алмасуын, құрылғылардың координаттарын, қоңырау жазбаларын, құжаттарды басып шығару деректерін және жұмыс уақытын қадағалаған.

Қауіпсіздік қызметкерлерінің өзі бұл бақылаудың ауқымынан шошып кеткен, банк те, Palantir де бақылаудың шегі қай жерде аяқталуы керектігін көрсетпеген.

Инвесторлар бұл интеграцияланған модельдің тиімділігіне күмәнданған. Бірақ Карп оны сәтті модель деп санайды: «Біздің клиенттер басқа клиенттерге: «Бұл жүйенің жұмыс істеуін қаласаңдар, Palantir-ді шақырып, олардың мәдениеті сіздің компанияға қалай енгенін бақылаңдар», — дейді.

Барлығы осы модельді соңғы тоқсанға дейін менсінбейтін. Енді бұл біздің басты артықшылығымызға айналды», — дейді Карп.

Palantir-ге кім бақылау жасап отыр?

Жазушы Джон Толкиеннің фантастикалық әлемінде «палантир» — иелері бір-бірімен сөйлесе алатын не әлемнің өзге бөлігін көре алатын эльфтер жасаған сиқырлы тастар. Бір тас Сауронға тиесілі болған: ол осы арқылы иесін адастырып, өз ықпалына түсірген.

Palantir компаниясы өз деректерінің әлемді қауіпсіз ететініне сендіреді. Бірақ азаматтық құқық қорғаушылары мұндай технологияның мемлекеттік бақылаудағы рөлінің күшеюінен алаңдайды.

Берлиндегі «Азаматтық құқықтар қоғамы» (Society for Civil Rights) ұйымының пікірінше құқық қорғау органдарына шексіз дерек жинау құқығын беру — адамның ақпараттық дербестігі мен жеке өмірге қол сұқпау құқығын бұзу.

«Қарапайым адам шағым түсірсе, қылмыстың құрбаны болса немесе жай ғана ыңғайсыз уақытта ыңғайсыз жерде болып қалса – ол Palantir бағдарламасы арқылы полиция назарына ілінуі мүмкін», — дейді адвокат Францишка Гёрлиц.

Бұл ретте құқық қорғау органдары адамдарға оларды бақылауға алғанын хабарламайды.

The New York Times-тың жазуынша кейбір сыншылар Palantir-ды «цифрлық қырып-жою тізбегін» құрушы компания деп атайды. Деректердің бір орталықта шоғырлануы — оны заңсыз мақсаттарда қолданатын тұлғалардың қолына түсу қауіпін арттырады. Electronic Frontier Foundation сарапшысы Виктория Нобл бұл жүйе репрессивтік құралға айналуы мүмкін деп ескертеді.

Сидней технологиялық университетінің профессоры Ноэль Кастри Palantir-ды сынап, АҚШ-тың бұрынғы президенті Дуайт Эйзенхауэрдің ескертуін еске салады:

Әскери және өнеркәсіптік кешеннің бірігуі — билікті асыра пайдалану қаупін тудырады. Бұл америкалық демократияға қауіп төндірсе керек.

Ал Карп сыншыларға: «Мен АҚШ-тың шекарасын қорғағаным, арнайы жасаққа көмектескенім, адамдарды үйлеріне аман жеткізгенім үшін ешқашан кешірім сұрамаймын.

Біздің өнімдерімізді Украинаға, Израильге және басқа елдерге жеткізгенім үшін де өкінбеймін», — деп жауап берді.

Ол акционерлерге сандармен жауап береді. Жыл басынан бері Palantir акциялары 130%-ға өсті, бұл оны S&P 500 индексіндегі ең жылдам өсіп жатқан компанияға айналдырғаны тағы бар.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары