БастыReview
Бөлісу

Апта жаңалықтары: SpaceX IPO-ға шығады, Disney OpenAI-ға ақша құяды, Oracle арзандады

Ангелина Клейменова

Ангелина Клейменова

Апта жаңалықтары: SpaceX IPO-ға шығады, Disney OpenAI-ға ақша құяды, Oracle арзандады

SpaceX рекордтық IPO-ға дайындалып, $30 млрд-тан астам қаражат тартуды жоспарлап отыр. Disney OpenAI-ға $1 млрд инвестиция салып, жасанды интеллект әзірлеушісінің ең ірі медиа-серіктесіне айналады. Ал Oracle-дың акциясы тоқсандық есептен кейін құлдырады — бұған себеп, әлсіз табыс пен қарыз жүктемесінің артуы. Осы уақытта АҚШ Федералды резерв жүйесі мөлшерлемені үшінші рет қатарынан төмендетті. 8–12 желтоқсан аралығындағы басты оқиғалар туралы — біздің шолуда.

SpaceX рекордтық IPO-ға шығып, $1,5 трлн бағалауға жетуді көздейді

Илон Масктың SpaceX компаниясы IPO өткізуді жоспарлап отыр. Bloomberg дереккөздеріне сүйенсек, компания «$30 млрд-тан әлдеқайда көп» қаражат тартып, $1,5 трлн бағалауға жетуді көздейді. Егер мәміле жүзеге асса, бүкіл тарихтағы ең ірі листинг болады, деп атап өтті агенттік.

Орналастыру 2026 жылдың ортасы–соңына жоспарланған, бірақ мерзім 2027 жылға шегерілуі ықтимал. Компания тартылған қаражаттың бір бөлігін спутниктік интернет желісіне арналған орбиталық дата-орталықтар құруға бағыттамақ. Бағалауларға сәйкес, SpaceX-тің табысы 2024 жылы $15 млрд-қа жетіп, 2025 жылы $24 млрд-қа дейін өсуі мүмкін. Басты өсім драйвері — Starlink.

Бірнеше БАҚ хабарлаған акцияның қайталама сатылым раунды аясында SpaceX бір акция бағасын $420 деп белгіледі. Бұл компанияның бұрын айтылған $800 млрд бағалауынан да жоғары көтереді, деп жазды Bloomberg. Агенттіктің екі дереккөзіне сәйкес, қызметкерлерге шамамен $2 млрд-қа акция сатуға рұқсат берілген, ал олардың бір бөлігін SpaceX-тің өзі қайта сатып алуда. Сұхбаттасушылардың бірінің айтуынша, мұндай схема ықтимал IPO алдында компанияның нарықтық құнын анағұрлым әділ деңгейге келтіру үшін қажет. SpaceX өз жоспарларына қатысты пікір білдіруден бас тартты.

Тағы не оқуға болады?

— Кэти Вудтың ARK Invest инвестқоры Илон Масктың ғарыш компаниясының дамуындағы үш сценарийді сипаттады. Сарапшылар оның әлеуетті құнын қаншаға бағалап отыр? Бұл туралы «SpaceX қанша тұруы мүмкін? Кэти Вуд аналитиктерінің болжамы» материалынан оқыңыз.

ФРС мөлшерлемені 3,5%–3,75%-ға дейін түсіріп, паузаға ишара жасады

Федералды резерв жүйесі 9–10 желтоқсанда өткен отырыстың қорытындысы бойынша мөлшерлемені үшінші рет қатарынан 0,25 пайыздық тармаққа төмендетіп, 3,5–3,75% дәлізіне жеткізді. Бұл шешім нарықтың күткеніне толық сай келді. Алайда, FOMC ішіндегі консенсус оңай қалыптасқан жоқ: тоғыз мүше төмендетуді қолдады, біреуі анағұрлым қатаң қадамды жақтаса, тағы екеуі мөлшерлемені өзгеріссіз қалдыруды ұсынды.

Реттеуші хабарламасында экономиканың қалыпты өсіп жатқанын, жұмыссыздықтың артқанын және инфляцияның әлі де сақталып отырғанын атап өтті. Сонымен қатар, «нысаналы диапазонды алдағы түзетулердің ауқымы мен мерзімі» туралы жаңа тұжырым қосты. Bloomberg дерегінше, бұған дейін ФРЖ осы формулировканы ақша-несие саясатын жұмсартуда пауза болатыны жөнінде сигнал беру үшін қолданған. ФРЖ төрағасы Джером Пауэлл реттеуші еңбек нарығы мен инфляция бойынша неғұрлым айқын сигналдарды күтуге мүмкіндік бар екенін айтты. ФРЖ 2026 және 2027 жылдары мөлшерлемені әр жылда бір реттен ғана төмендетуді көздеп отыр.

Сарапшылар ФРЖ-нің алдағы саясатына қатысты белгісіздік комитет ішіндегі алауыздыққа, шатдаун аясында жаңа деректердің болмауына және мамыр айында төрағаның ауысуының жақындауына байланысты күшейіп отырғанын ескертеді. Қазіргі кезде нарық қаңтардағы отырыста кезекті төмендету ықтималдығын 22%, ал наурызда — шамамен 40% деп бағалап отыр.

Жұма күні АҚШ президенті Дональд Трамп ФРЖ-нің келесі төрағасы лауазымына негізгі үміткер ретінде басқарушылар кеңесінің бұрынғы мүшесі Кевин Уорштың атын атады. Трамптың айтуынша, ол Уорш пен бұған дейін фаворит саналған Ұлттық экономикалық кеңестің басшысы Кевин Хассет арасында таңдау жасап отыр.

Disney OpenAI-ға $1 млрд инвестиция салады

The Walt Disney Company OpenAI-ға $1 млрд инвестиция салып, қысқа видеоларға арналған генеративті ЖИ-платформа Sora-да 200-ден астам кейіпкерді пайдалануға лицензия береді. Келісім аясында Disney OpenAI-дың бағалы қағаз пакетін алады әрі болашақта өз үлесін ұлғайтуға опцион иеленеді. Қазанда OpenAI-дың бағалануы $500 млрд деп бағаланған, бұл оны әлемдегі ең қымбат жекеменшік компанияға айналдырды. Financial Times атап өткендей, OpenAI мен Disney арасындағы бұл келісім — жасанды интеллектімен айналысатын компания мен медиаконгломерат арасындағы қазіргі ең ірі серіктестік. Жаңалықтан кейін 11 желтоқсанда Disney акциясы шамамен 2,5% өсті.

Компаниялар арасындағы келісім үш жылға есептелген. Ол Disney, Marvel, Pixar және «Жұлдызды соғыстар» кейіпкерлерімен қысқа роликтер жасауға мүмкіндік береді, алайда тек анимациялық бейнелермен шектеледі — актерлердің сырт келбеті мен дауыстары қолданылмайды. Өз кезегінде Disney OpenAI технологияларын өз өнімдеріне, соның ішінде Disney+ сервисіне енгізе бастайды. Келісім OpenAI-ға Disney-дің зияткерлік меншігі негізінде модельдерді оқыту құқығын бермейді. Зияткерлік құқық пен жасанды интеллект мәселесі ЖИ бумасы жағдайында ең өзекті тақырыптардың бірі болып отыр.

Тағы не оқуға болады?

— ЖИ бәсекесі онжылдықтағы ең ірі инфрақұрылымдық циклді бастап, инвестициялар картасын өзгертуде. Жыл соңына дейін $10 000-ды қайда салу керек — «Желтоқсанда $10 000 қайда салуға болады: жыл соңындағы шопингке 3 акция» мақаласында.

Oracle акциясы тоқсандық есептен кейін құлдырады

Oracle акциясы 10 желтоқсанда екінші тоқсанға арналған (30 қарашада аяқталған) есеп жарияланғаннан кейін постмаркетте 11%-дан астам құлдырады. Компанияның табысы екінші тоқсанда 14% өсіп, $16,06 млрд-қа дейн жетті, ал сарапшылар $16,21 млрд болады деп күткен. Сонымен қатар, пайда болжамнан жоғары шықты, ал келісімшарттық міндеттемелер портфелі (RPO) Meta, Nvidia және басқа да ірі бұлтты келісімшарттардың арқасында рекордтық $523 млрд-қа дейін жетті.

Бұлтты инфрақұрылымға ауқымды инвестициялар мен Amazon, Microsoft және Google-мен бәсекелестік аясында инвесторлар $18 млрд көлеміндегі облигация орналастыруға және күрделі шығындардың $50 млрд-қа дейін ұлғаюына алаңдаушылық танытты. Нарық Oracle-дың қарыз жүктемесінің жедел өсіп жатқанынан және ЖИ нарығы баяулаған жағдайда компанияның осал болуынан қауіптенеді.

Соған қарамастан, сарапшылардың көбі «бұқалы» көзқарасын сақтап отыр: Oracle акциясын «сатып алуға» — 33 кеңес бар, орташа мақсатты баға — $299,7, бұл шамамен 35% өсім әлеуетін білдіреді. Yahoo Finance дерегінше, 12 желтоқсандағы жағдай бойынша Oracle котировкасы қыркүйектен бері шамамен 40% төмендеп, компанияның нарықтық құнын $360 млрд-тан астамға қысқартқан.

SpaceX пен Blue Origin орбиталық дата-орталықтар үшін жарысуды бастады

SpaceX пен Blue Origin жасанды интеллект есептеулерін орбитаға көшіру идеясымен ғарыштағы дата-орталықтар құру бағытында қатар жұмыс істеп жатыр, деп хабарлады WSJ. Blue Blue Origin бір жылдан бері ғарыштағы дата-орталықтарды зерттейтін топпен жұмыс істеп келеді, ал SpaceX Starlink спутниктерін ЖИ-жүктемелерге пайдалану идеясын ілгерілетіп отыр — бұл компанияны $800 млрд бағалауға көтеруі мүмкін. Екі компания да бұл ақпаратқа пікір білдірмеді.

Мұндай жобаларға қызығушылық ұшыру құнының төмендеуімен артып отыр: SpaceX Falcon 9 зымыранын кеңінен қолдануды жалғастырып, Starship-ті дайындауда. Ал Google мен Planet Labs 2027 жылы TPU-чиптері бар сынақ спутниктерін орбитаға шығару жоспары бар. Сонымен қатар, сарапшылар бірқатар инженерлік кедергілерді атап өтті: салқындату жүйелері, радиациядан қорғау, деректерді кідіріссіз жеткізу және бір жерүсті дата-орталығының қуатына жету үшін мыңдаған спутниктің қажет болуы.

Скептиктер ғарыштағы шешімдерді тым қымбат әрі алыс перспектива деп санайды. Алайда, жақтаушылар ұшыру мен спутник өндірісінің арзандауы орбиталық дата-орталықтардың шындыққа айналу сәтін жақындатып отырғанын айтады. Дегенмен, Джефф Безостың бағалауынша, мұндай инфрақұрылымның жерүсті дата-орталықтарымен бәсекеге қабілетті болуы үшін 20 жылға дейін уақыт керек болады.

Coca-Cola бас директоры отставкаға кетеді

Coca-Cola бас директоры Джеймс Куинси 2026 жылғы 31 наурызда қызметінен кетеді. Оның орнына операциялық директор Хенрик Браун келеді, деп хабарлады компания. Бірақ, кадрлық өзгерістердің себебін айтпады. Мұндай шешім газдалған сусындарға сұраныстың әлсіреуі және саланың пайдалырақ өнімдерге деген тұтынушылық трендке бейімделу кезеңімен тұспа-тұс келді. Қантсыз сусындар портфелі мен Fairlife сияқты премиум брендтердің табысы Coca-Cola-ға бәсекелестеріне қарағанда анағұрлым тұрақты позиция сақтауға мүмкіндік берді, деді CNBC мен Reuters.

2017 жылдан бері, соның ішінде пандемия кезеңінде компанияны басқарған Куинси директорлар кеңесінің атқарушы төрағасы қызметіне өтеді. Ал Браун жаһандық өсім нүктелерін іздеуге, операциялық тиімділікті арттыруға және технологияларды пайдалануға басымдық бермек. Сарапшылар брендтер портфелін жаңарту жалғасады деп санайды, өйткені Куинси бизнес трансформациясында жоғары деңгей қалыптастырды. 10 желтоқсандағы постмаркетте Coca-Cola акциясы алғашында аздап төмендеп, кейін шығынды өтеді. Ал бейсенбі күнгі саудада компанияның акциясы 1,6% арзандады.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары