Бағалар шарықтады, ірі инвесторлар іске кірісті: криптовалютадан қалай табыс табамыз?

Криптовалюталардағы ағымдағы ралли таңғалдырады, тіпті бұл кезең криптовалюталардың толыққанды инвестициялық құрал ретінде орныққан тарихи сәт ретінде есте қалуы мүмкін. Мұның себебі неде және енді криптовалютадан қалай табыс табуға болады, деп жазады Astero Falcon портфельдік басқарушысы Алена Николаева.
Басты драйверлер
Шілденің басында криптонарық айқын өсу себептерінсіз тар дәлізде саудаланып жатқандай көрінген. Алайда соңғы күндері нарық барлық бағытта күрт өсе бастады. Ұзақ уақыттан кейін алғаш рет үш ірі криптовалюта — биткоин, эфир және Ripple бір мезгілде қымбаттады.
1 шілдеде биткоин шамамен $105 мың шамасында саудаланса, 14 шілдеде $123,15 мың шегіне жетіп, одан кейін түзетілді. Эфир $3 мыңнан жоғары көтеріліп, ақпаннан бергі ең жоғары деңгейіне жетті. Ripple осы маусымның тосынсыйына айналды: XRP желісінің бұл валютасы 11–12 шілде аралығында бір тәулікте 12% қосты, ал 16 шілдеге дейінгі бір аптада 26%-ға жуық өсті — $3 деңгейіне жақындап қалды. Осылайша, ол қайтадан Tether-ді басып озып, капитализациясы бойынша үшінші орынды иеленді — қазір бұл көрсеткіш $170 млрд-тан асты. Криптонарықтың жиынтық капитализациясы $3,7 трлн-ға жетіп, бір жыл бұрын елестету мүмкін болмаған деңгейге көтерілді.
Басты драйвер — институционалдық капиталдың спот биткоин-ETF-тері арқылы рекордтық ағыны. Өткен бейсенбіде мұндай қорларға таза ақша ағымы $1,22 млрд болды — бұл АҚШ президенті сайлауында Дональд Трамп жеңіске жеткеннен бергі ең ірі көрсеткіш (бұл оқиға былтыр криптонарыққа оң әсер еткен еді). Жыл басынан бері инвесторлар жалпы $15 млрд-тан астам қаражат құйған. BlackRock компаниясының флагмандық iShares Bitcoin Trust ETF қоры тек өткен жұмада шамамен $1 млрд тартты. Қор жалпы 700 мыңнан астам биткоин жинаған — бұл криптовалютаның айналымдағы жалпы санының 3,5%-ына жуық.
Сонымен қатар компаниялар крипторезервтерін ұлғайтуда: Strategy компаниясында 600 мыңнан астам биткоин бар, ал жалпы корпоративтік криптоактивтер балансы алғаш рет $150 млрд-тан асып, кейбір елдердің ресми алтын-валюта резервтерімен салыстырмалы деңгейге жетті.
Тағы бір маңызды фактор — АҚШ-тың криптоиндустрияны қолдайтын мемлекеттік саясатының күрт өзгеруі. Президент Трамп криптобәсекеде көш бастамақ. 2025 жылғы 6 наурызда ол АҚШ-тың стратегиялық криптовалюта резервін құру туралы жарлыққа қол қойды.
Ал 14 шілдеде Конгрессте соңғы жылдардағы криптоиндустрия үшін ең ірі саяси оқиға — «Криптоапта» басталды. Бұл да криптовалюталардың раллиін күшейтті.
Конгресс күн тәртібіне үш іргелі заңды қойды: GENIUS Act — стейблкойндарды «сұр аймақтан» шығарып, оларды цифрлық долларға теңестірмек. Clarity Act — криптовалюталарды санаттарға нақты бөліп, Құнды қағаздар және биржа жөніндегі комиссия мен Тауар фьючерстерімен сауда жөніндегі комиссия арасындағы қадағалау аясын ажыратады, индустрияға түсінікті ережелер береді. Anti-CBDC Act — орталық банктің цифрлық валютасын шығаруға тыйым салып, жеке стейблкойндар мен орталықтандырылмаған валюталарға басымдық береді.
Өкілдер палатасы GENIUS Act бойынша 15 шілде, сейсенбі күні дауыс беруі керек еді, бірақ процедуралық себептерге байланысты дауыс беру өтпей қалды. Алайда Трамп бұл процеске араласып, бүгін дауыс беруді қайта өткізуге уәде берді. Бұл – бағыттың өзгеруі емес, тек уақытша үзіліс. Жалпы алғанда, криптовалюта нарығын реттеу процесінің жеңілдетіліп, нақты ережелермен қамтамасыз етілуі екі партия тарапынан да кең қолдау тауып отыр.
АҚШ криптонарық үшін жаһандық стандарттарды де-факто қалыптастырып жатыр, бұл тек жергілікті қатысушыларға ғана емес, Еуропа мен Азияға да ықпал етуде.
Нарық есейіп келеді
Бүгінгі өсім биткоиннің едәуір төмендеген құбылмалылығы аясында жүріп жатыр. Өткен жылдың наурыз айының соңынан бері бұл криптовалютаның бағасы шамамен $63 мыңнан бастап 85%-дан астамға өсті, бірақ әдеттегі нарықтағы «істерикаларсыз». Осы уақыт аралығында 30 күндік іске асқан құбылмалылық шамамен 60%-дан 28%-ға дейін төмендеді — бұл 2023 жылдан бергі минималды деңгейлердің бірі.
Бұл нарықтың есейіп келе жатқаны туралы әңгімелерді күшейтіп, сұраныс құрылымындағы өзгерісті дәлелдейді: енді негізгі қозғалысты қорлар мен ірі инвесторлар қалыптастырады, ал ұсақ трейдерлер емес.
Ірі ойыншылардың келуімен бірге хеджирлеу тәжірибесі мен опциондар арқылы позиция құру мәдениеті де қатар жүреді — бұл нарықтағы күрт тербелістерді жұмсартады. «Күшті өсім = шектен тыс құбылмалылық» байланысы енді өзекті емес.
Жеке инвесторлар нарыққа көбіне кейінгі толқын ретінде қайта оралуда. Ұзаққа созылған «криптоқыс» кезеңінен кейін көптеген трейдерлер 2022–2023 жылдардағы құлдыраудан кейін нарықтан алшақ жүрді.
Алайда биткоиннің жаңа биіктерге көтерілуі жұртшылықтың назарын қайта аударып, FOMO — бірдеңеден қалып қалудан қорқу (мұнда – табыс табу мүмкіндігін жіберіп алу) әсерін қайта тірілтті.
Coinbase пен Binance платформаларындағы сауда көлемі артты, іздеу сұраныстары мен әлеуметтік желідегі белсенділік бұрынғы шарықтау деңгейіне жетті. Дегенмен, басты бағытты институционалдық инвесторлар белгілеп отыр: биткоин бағасының $100 мыңнан жоғары деңгейде екі айдан астам сақталуы соның дәлелі. Споттық өтімділік ETF пен биржадан тыс мәмілелерде шоғырланған. Биткоиндердің 70%-дан астамы 90 күннен бері қозғалмаған — бұл бақылау тарихындағы рекордтық көрсеткіш.
Өсімге қосымша отын ретінде қысқа позициялардың жаппай жойылуы да әсер етті. Биткоин ұзақ уақыт $100 мыңнан төмен саудаланып келді, сондықтан көпшілік оның арзандайтынына сенді. Алайда бағаның $116 мыңнан жоғары көтерілуі шорт-сквиз тізбегін іске қосты: 11 шілдеде Coinglass дерегі бойынша бір тәулікте $1 млрд-тан астам қысқа позициялар жойылды. «Аюлар» нарықтан қатты ығыстырылып, бұл бағаны одан әрі көтерді.
Деривативтер нарығының инвесторлардың көңіл-күйіне әсерін де атап өту қажет. Бірнеше аптадан бері трейдерлер Deribit биржасында биткоиннің $140–150 мыңға дейін өсуіне белсенді бәс тігуде. Мұндай «опциондық магниттер» нарық үшін бағдар рөлін атқарады және бұл біздің жыл басындағы талдауымызда айтылған мақсаттармен сәйкес келеді.
Биткоинге қатысты тұрақты консенсус қалыптасып келеді: оны инфляция мен тарифтік белгісіздік жағдайында қорған ретінде пайдалануға болады. Бұрын криптовалюта тек спекулятивтік құрал ретінде қарастырылса, қазір жағдай өзгеруде. АҚШ-тағы инфляция және 1 тамыздан бастап жаңа баж салығының енгізілуі осы нарративті күшейтті. Биткоин алтын мен облигациялармен қатар, портфельдегі қорғаныс активі ретінде қарастырыла бастады.
Қазір инвестор не істеуі керек?
Ағымдағы крипторалли жағдайында инвесторлар тәуекелге байланысты әртүрлі жолды таңдайды. Көпшілігі үшін негізгі тәсіл — криптовалютаны сақтап отырып, соған қатысты опциондарды сату арқылы қосымша табыс табу. Бұл — активтің өзін жоғалтпай-ақ ақша табу жолы. Консервативті ойыншыларға арналған тағы бір әдіс — ETF қорлары мен Strategy сияқты крипто-компаниялардың акцияларын сатып алу. Бұл — басқаруға жеңіл әрі нарықтың динамикасына тікелей байланысты жұмыс істейтін жол.
Криптопортфельге арналған негізгі ереже өзгермейді: биткоин негізгі актив ретінде, ал қосымша әртараптандыру үшін басқа монеталар — альткойндар қолданылады. Циклдің кеш кезеңінде эфир мен Ripple ерекше өзекті. Сонымен қатар, токенге айналдырылған активтер мен Ethereum жүйесінде жасалған күрделі қаржы өнімдеріне де қызығушылық артып келеді.
Тағы бір пайдалы жол — пассивті табыс: эфирді желіде бұғаттап, шамамен 5% пайда табуға болады (стекинг); немесе Binance Earn сияқты платформаларда биткоин-депозит ашуға болады. Бұл – жылдам пайда емес, ұзақ сақтаудан пайда көру әдісі.
Негізгі ереже сол күйінде: жоғалтсаңыз да өкінбейтін соманы ғана салу және байсалды болу. Иә, криптонарық ірі ойыншыларға да қолайлы болып келеді, бірақ құбылмалы күйінде қалуда. Сол себепті нақты жоспар мен шығу жолы жоқ болса, бұл нарыққа кіру — қауіпті.
Ұзақ мерзімге ұстап отырған инвесторлар үшін болашақ үміт күттіреді.
Криптоиндустрия өсудің шыңында тұр: бағалар рекордтық максимумдарда, ірі қаржы ұйымдары нарықта, заң шығарушылар да енді кедергі емес — қолдау көрсетіп отыр. Биткоин енді алтын, облигациялар және акциялармен қатар, макропортфельдің бір бөлігі ретінде қабылданады.
Криптонарықтың құрылымы дәстүрлі активтерге жақындап, құбылмалылық азайып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, 2025 жылдың жазғы раллиі тек жаңа рекордтарға қол жеткізумен ғана емес, криптовалюталардың нағыз инвестициялық құрал ретінде орныққан кезеңі ретінде тарихта қалмақ.








