BofA: жүргізушісіз көлік үшін «ChatGPT сәті» келді. Бұдан қалай табыс табуға болады?

Bank of America сарапшыларының пікірінше, автономды көліктер қазір ChatGPT секілді сәтті бастан өткеріп жатыр — яғни бұрынғы орындалмас күтулерден асып шынайы технологияға айналуда. Инвестбанктың болжамы бойынша, жүргізушісіз көлік нарығы 15 жыл ішінде $1,2 трлн-ға дейін өседі. Олар бұл технологияны коммерцияландырудан ұта алатын компаниялардың акцияларын да атады.
Егжей-тегжейлі
Bank of America мәліметінше, әлемде жүргізушісіз көлікке қатысты 200-ден астам жоба іске асырылып жатыр. Толыққанды робот-таксилер жеті қалада жұмыс істей бастады: мысалы, Alphabet-тің Waymo жүргізушісіз көліктері Остин, Сан-Франциско, Лос-Анджелес сияқты АҚШ қалаларында жүр, ал Қытайдың Ухань қаласында Baidu компаниясының Apollo Go робот-таксиі жолға шықты. Тағы шамамен 20 жоба іске қосылу сатысында, оның ішінде Tesla-ның робот-таксиі бар.
BofA стратегы Мартин Бриггстың айтуынша, жүргізушісіз көліктер қазір «ChatGPT сәтін» бастан өткеруде: олар енді қиял емес, шынайы өмірге еніп жатыр. Бұл ІТ мен есептеу технологияларындағы жетістіктердің, сенсорлардың арзандауының, заңнамалық ортаның жақсару мен АҚШ пен Қытай арасындағы технологиялық бәсекенің арқасында мүмкін болды.
Жүргізушісіз көліктер үшін ең үлкен нарық — жеңіл автокөліктер, ол 2040 жылға қарай $700 млрд-қа дейін өседі, деп болжайды Бриггс. Ал жүк көліктері, логистика, қоғамдық көлік және ауыл шаруашылығы қоса есептелгенде нарық көлемі $1,2 трлн-ға жетуі мүмкін.
BofA есебінде жеңіл көліктерден бөлек, енді жол және жолсыз жерлерде жүретін басқа да автономды көлік түрлері пайда болып жатқаны, бұл кез келген қозғалатын нәрсені автоматтандыруға мүмкіндік беретінін атап өткен. Бұл технология нарығын айтарлықтай кеңейтеді.
Сектордың дамуы такси платформалары, автокөлік өндірушілері, бағдарламалық қамтамасыз ету, жартылай өткізгіштер мен сенсорлар жасаушылар сияқты әртүрлі компанияларға пайда әкелуі мүмкін, деп санайды BofA.
Жүргізушісіз көліктер бумының бенефициарлары
Bank of America сарапшылары жүргізушісіз технологиялардың дамуы есебінен өсу әлеуеті жоғары 20-дан астам компанияның акцияларын атады. Тізімге тікелей робот-такси жасаушылар кірді: Tesla, Waymo, Apollo Go, сонымен бірге Amazon-ға тиесілі Zoox және қытайлық жүргізушісіз электромобиль өндірушісі XPeng.
BofA атап өткен басқа компаниялар:
— Чипмейкер Nvidia — инвесторлар оны ЖИ дамуының басты бенефициарларының бірі ретінде көреді. Компания жүргізушісіз көліктерге арналған арнайы чиптер мен автокөлік өндірушілерге арналған бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлейді. Nvidia-ның осы сегменті соңғы есептерде ең белсенді өсімді көрсетіп отыр.
— Caterpillar — бастапқыда автономды жүк көліктерінен бастаған, қазір кен өндіруді автоматтандыруға арналған шешімдер ұсынады: бұрғылау құрылғылары, самосвалдар және жер астындағы техника. Caterpillar сенсорлар мен радарлар орнатылған жабдықты сату және Бағдарламалық қамтамасыз ету лицензиясы арқылы табыс табады. BofA сарапшысы Майкл Фенигердің пікірінше, автономизация машиналарды тиімді пайдаланып, қосалқы бөлшектер мен қызметтер сатылымын арттырады. Бұл компанияға үлкен перспектива береді.
— Uber — BofA сарапшыларының ойынша, компания жүргізушісіз көлік индустриясындағы серіктестері көбейгеннен ұтады. Қазір Uber-дің Waymo-ны қоса алғанда, 18 серіктесі бар. BofA сарапшысы Джастин Пост Uber-дің серіктестік желісі, автопаркі және сұраныс қалыптастыру мүмкіндіктері компанияға робот-такси нарығында ерекше құндылық береді деп есептейді. Оның айтуынша, Uber құнының жартысынан көбі адам тасымалдау сегментіне тиесілі, ал жүргізушісіз технологиялардағы табыс компания өсуінің маңызды драйвері болмақ.
— Qualcomm — жүргізушісіз жүйелерге арналған процессорлар мен аппараттық платформаларды өндіруші.
— Aptiv — сенсорлық жабдықтарды жеткізуші.
— Mobileye — Intel-дің жүргізушісіз басқару жүйелеріне маманданған еншілес компаниясы.
— Pony AI — Қытай-АҚШ бірлескен жүргізушісіз жүйелер әзірлеушісі.
— Deere & Co. — ауыл шаруашылығы техникасының ірі өндірушісі.








