«Бұқалар тым көп»: Уолл-стриттегі басты оптимистердің бірі неліктен алаңдап отыр?

S&P 500 индексі желтоқсанның соңына қарай ең жоғары деңгейінен 5% төмендеуі мүмкін, деп ескертеді Yardeni Research зерттеу компаниясының жетекшісі Эд Ярдени. Бұл сақтық ерекше назар аударады, себебі сәуір айындағы нарық құлдырауынан кейін Ярдени стратегтер арасында ең сенімді оптимистердің бірі болды, деп жазады Bloomberg. Оның жыл соңына дейін S&P 500 индексі 7000 тармаққа жетеді деген болжамы Уолл-стриттегі ең батыл күтулердің бірі саналды. 3 қарашадағы сауда қорытындысы бойынша америкалық акциялар индексі бұл деңгейден небәрі 2% төмен тұрды.
Алайда инвесторлардың нарық міндетті түрде өсе береді деген бұлжымас сенімі экономисті өз болжамына күмәндануға итермеледі, деп атап өтеді Bloomberg.
Нарық гуруын не мазалап отыр
«Бұқалар тым көп», — деді Ярдени агенттікке берген телефон сұхбатында. Сәуір айының басындағы сауда соғысы қаупінен туындаған құлдыраудан кейін S&P 500 индексі 37% өсті. Өткен аптада инвесторлар жалпы алғанда ФРЖ төрағасы Джером Пауэллдің желтоқсандағы мөлшерлемені төмендету «әлі нақты шешілген жоқ» деген қатаң мәлімдемесіне мән бермеді. Ярденидің айтуынша осындай позитивті көңіл-күй техникалық индикаторлармен қатар алаң тудыратын белгіге айналып отыр.
«Негізгі сұрақ — бұл ралли өзін-өзі асырып жатқан жоқ па және оның жыл соңына дейін жалғасуға күші жете ме, — деді ол. — Күтпеген бір оқиға нарық енді ғана кеңейіп келе жатқан жағдайда индекстерді жоғары деңгейден төмен түсіріп жіберуі мүмкін. Бірақ бұл оңай болмауы мүмкін, өйткені мерекелік кезеңде трейдерлер әдетте оптимистік көңіл күйде болады».
Bloomberg-тің мәліметінше соңғы 30 жылда акциялардың табыстылығы бойынша қараша — ең сәтті ай болып келген. Инвесторлардың оптимизмі артып келеді: Investors Intelligence сауалнамасы бойынша 29 қазанға аяқталған апта ішінде «бұқалар» мен «аюлардың» арақатынасы 4,27-ге жеткен. Yardeni Research талдауы көрсеткендей, 4,00-ден жоғары нәтиже тарихи тұрғыда нарықтағы шамадан тыс энтузиазмның белгісі болып есептеледі. Сонымен қатар Ярдени техникалық индикаторлардың қуатты раллиден кейін тарихи шектен тыс деңгейлерге жақындап, акциялардың артық сатып алынғанын көрсетіп тұрғанын айтады.
Инвесторлар не істеуі керек?
«Қолыңызда қаражат болса, түзетілім кезінде сатып алыңыз», — дейді Ярдени. Сонымен қатар ол «нарық қатты құлдырайды деп ойлап, асығыс ойнаудан немесе сатудан аулақ болуға» шақырады. Экономистің пікірінше жақын уақытта нарықта 10%-дан асатын ауқымды құлдырау болады деп күтудің қажеті жоқ.
Нарықтағы оптимизм инвесторлар шығынға ұшырамай тұрып бірнеше апта, тіпті айлар бойы сақталуы мүмкін, дейді Уолл-стриттің тағы бір танымал оптимисті — Fundstrat Global Advisors аналитикалық бөлімінің басшысы Том Ли. Ол да акцияларды түзетілім кезінде сатып алуды жалғастыруда. «Қазандағы қарқынды өсімді «қорыту» үшін белгілі бір құбылмалылық болуы мүмкін, бірақ біз қараша айын өсу айы болады деп күтеміз», — деп жазды Ли 31 қазан күні клиенттеріне арналған жазбасында.








