Circle-дің табысы 66%-ға өсті. Бірақ инвесторлар неге акцияларын сатып жатыр?

USDC стейблкойынының эмитенті саналатын Circle Internet Group 12 қарашадағы саудада акциялары 10%-дан аса арзандады. Бұл үшінші тоқсанның есебі жарияланған соң болды. Компания әзірге күткеннен жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Алайда инвесторлар болашақ табыстың төмендеуінен қауіптенеді, деп жазады Bloomberg.
Circle-дің табысы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 66%-дан артық өсіп, $740 млн-ға жетті. Bloomberg дерегінше, сарапшылар $707,4 млн болады деп болжаған. Бұл өсімге айналымдағы USDC стейблкойындарының көбеюі себеп болды. Токен саны бір жылда екі еседен көп артқан. Таза пайда 200%-дан артық өсіп, $214 млн болды. Бұл бір акцияға шаққанда $0,64. Сонымен қатар, операциялық шығындар да 70%-ға өскен. Бұл негізінен қызметкерлер жалақысына кеткен шығынның артуымен байланысты.
Қазір айналымда шамамен $75 млрд көлемінде USDC бар. Бұл көрсеткіш бойынша ол Tether (USDT) токенінен кейінгі екінші орында. Tether айналымында шамамен $183 млрд бар.
Инвесторлар нені уайымдайды?
Bloomberg жазуынша, инвесторлар АҚШ Федералдық резерв жүйесінің пайыздық мөлшерлемені төмендетуі Circle-дің болашақ табысына теріс әсер етеді деп қауіптеніп отыр. Компанияның негізгі табысы — АҚШ мемлекеттік облигацияларынан түсетін пайыздық табыс. Бұл облигациялар стейблкойынды қамтамасыз ету үшін қолданылады. Circle есебінде, 30 қыркүйекте аяқталған үшінші тоқсанда резерв кірістілігі 96 базистік пунктке төмендеп, 4,15%-ды құрағаны айтылған.
«Үшінші тоқсан — жаман емес. Бірақ төртінші тоқсанға арналған болжам өсімнің баяулайтынын және қиын болатынын көрсетіп отыр», — деді Mizuho Securities сарапшысы Дэн Долев.
Bloomberg жазуынша, инвесторлар транзакция, тарату және басқа да шығындардың 74%-ға өскеніне де назар аударған. Circle мәліметінше, бұл USDC таратумен байланысты төлемдердің өсуіне, Coinbase платформасындағы орташа қалдықтардың ұлғаюына және басқа серіктестіктерге байланысты.
Baird сарапшысы Дэвид Конинг: «Инвесторлар, мүмкін, таратылым шығындарының өсуінен қауіптеніп отырған болар», — деп жазды. Ол төртінші тоқсанда «табыстан таратылым шығындарын алып тастағандағы маржа» шамамен 35% болады деп болжайды. Ал алғашқы үш тоқсанда бұл көрсеткіш 38–40% болған. Circle жылдық маржа бойынша болжамды 38%-ға, яғни бұрынғы диапазонның жоғарғы шегіне дейін көтергенімен, бұл өзгеріс инвесторларды толық сендірмеген сияқты.
Компания жақында дәстүрлі қаржы институттарын блокчейнге тартуға бағытталған Arc желісі аясында жеке токен шығаруды да қарастырып жатқанын айтты. Arc сынақ желісіне қазірдің өзінде 100-ден астам компания қосылған.
Контекст
Circle маусым айында биржаға шықты. Сол кезде стейблкойындарға қызығушылық жоғары болғандықтан, компания акциялары күрт өсті. Бұл өсім АҚШ-та стейблкойындарды реттейтін алғашқы федералды заң — GENIUS Act қабылдануы мүмкін деген үмітпен де байланысты болды. Circle-дің биржаға шығуы оның негізін қалаушы Джереми Аллерді миллиардер етті және бұл жағдай басқа криптокомпанияларға да жол ашты, деп жазады Bloomberg. Одан кейін Bullish криптобиржасы, ал қыркүйекте Gemini компаниясы да акцияларын биржада сата бастады.








