Citi Meta, Google және Apple серіктесінің акцияларын алуды ұсынды

Citi Research инвестициялық банкінің сарапшылары чиптер мен микросхемалар өндірушісі Broadcom компаниясының акцияларын сатып алуды ұсынды. Бұл ұсыныс ЖИ бумЫ бәсеңдеп келеді деген пікірге қарамастан жасалды. Citi болжамынша, Broadcom-ның жасанды интеллектке арналған чиптерден түсетін табысы 2025 қаржы жылында 60%-ға, ал 2026 жылы тағы 37%-ға өседі.
Егжей-тегжейі
Citi талдаушысы Кристофер Данели Broadcom акцияларын сатып алу жөніндегі ұсынымын және олардың мақсатты бағасын $315 деңгейінде растады. Бұл 26 тамыздағы сауда жабылған кездегі бағаға қарағанда 6% өсу әлеуетін білдіреді. Инвестбанк Broadcom-ды ЖИ бумының негізгі бенефициары деп санайды.
Citi компанияның 2025 қаржы жылының үшінші тоқсанына қатысты есебі алдында болжамын жаңартты. Бұл есеп 4 қыркүйекте, сауда жабылғаннан кейін жарияланады.
26 тамызда Broadcom акциялары 1,3%-ға қымбаттап, $298-ға жетті. Жыл басынан бері олардың құны 27%-ға өсті.
Неге Citi Broadcom-ға сенеді?
Citi есептеуінше, Broadcom-ның өткен тоқсандағы табысы $15,8 млрд болжамынан асып, 6%-дық өсім көрсетеді. Бұған қоса, Meta, Microsoft және Alphabet компанияларының капиталдық шығындарының артуы арқасында төртінші тоқсанға арналған болжам Citi бағасынан ($17 млрд) жоғары болады деп күтілуде.
Broadcom Meta, Google және TikTok иесі ByteDance компанияларымен серіктестігін нығайтып жатыр. «Менеджменттің болжамы бойынша, бұл үш клиент 2027 жылға дейін өздерінің ЖИ чип кластерлерін шамамен миллион бірлікке дейін ұлғайтады», — делінген Citi ескертпесінде. Broadcom бұл серіктестіктерді бұған дейін ресми түрде растаған.
Сонымен қатар, Broadcom-ның әлеуетті клиенттері қатарында OpenAI, xAI және Apple бар. Осыған байланысты Citi 2025 қаржы жылында компанияның ЖИ чиптерден түсетін табысы 60%-ға өсіп, $19,5 млрд-қа жетеді, ал 2026 жылы тағы 37%-ға артып, $26,7 млрд болады деп күтеді.
Басты қауіп — Broadcom-ның ЖИ бағытының маржасы бизнесінің басқа салаларына қарағанда төмен. Бұл жалпы рентабельділікке қысым жасауы мүмкін. Алайда сарапшылардың айтуынша, басқа бағыттардағы өсім бұл тәуекелді өтейді. Мысалы, Apple-ға модемдер жеткізетін Broadcom-ның сымсыз бөлімшесі iPhone сатылымдарының болжамнан жақсы жүруіне байланысты күткеннен жоғары нәтижелер көрсетуі ықтимал. Сондай-ақ ЖИ-мен байланысы жоқ жартылай өткізгіш сегментінің де қалпына келуі күтіледі. Бұл сегменттің табысы 2023 жылдың қаңтарында $6,5 млрд-қа жетіп, содан бері $4 млрд деңгейінде тұрақтап қалған.
Контекст
Кейінгі уақытта инвесторлар арасында ЖИ-дің болашағына күмән арта түсті, деп жазады Barron’s. Өткен аптада технологиялық компаниялардың, соның ішінде ЖИ-ге бағытталған Palantir секілді фирмалардың акциялары күрт арзандады. Бұған OpenAI басшысы Сэм Альтманның «инвесторлар ЖИ-ге тым әуестеніп кетті» деген мәлімдемесі мен MIT зерттеуінің нәтижелері де ықпал етті. Зерттеуге сәйкес, компаниялардың 95%-ы генеративті ЖИ-модельдерден әлі еш пайда көрмеген.
RBC Capital Markets компаниясының АҚШ акциялары бойынша стратегия бөлімінің басшысы Лори Кальвасина: «ЖИ-ге деген скепсис қайта оралды, ал ол бұған дейін ірі технологиялық корпорациялардың өсімін қолдап тұрған еді», — деп жазды Barron’s.
Broadcom туралы басқа сарапшылар не дейді?
UBS сарапшысы Тимоти Аркури 25 тамызда Broadcom акцияларының мақсатты бағасын $290-нан $345-ке көтеріп, оларды сатып алуды ұсынды.
26 тамызда Susquehanna инвестициялық компаниясы да өз бағасын $300-ден $350-ге дейін көтеріп, дәл осындай ұсыныс жасады.
Barron’s келтірген FactSet дерегінше, Broadcom акцияларын бақылайтын 45 сарапшының 42-сі сатып алуды, үшеуі ұстауды ұсынады, ешқайсысы сатуға кеңес бермеген. Ал MarketWatch деректеріне сүйенсек, Уолл-стрит консенсус бағасы ағымдағыдан небәрі 3%-ға жоғары.








